Мектептегі әлімжеттік, зорлық-зомбылық… өзге де келеңсіздіктердің көбеюіне негізгі себеп – мектеп инспекторларының жеткіліксіздігі. Яғни, аудандардағы 30 мыңға жуық оқушының тәлім-тәртібі үшін – небәрі 3 инспектор бекітіліп, жұмыс жасайды.
Салдарынан, ішкі істер бөліміне тіркелген «қиын балалар» саны кемімей отыр. Ауқымды мәселе Ордабасы ауданында, білім бөлімінің басшылығы мен педагогтар қауымы және ата-аналармен өткен кеңейтілген кезекті отырыста көтерілді.
Сөздеріне сенсек, жыл сайын аудандағы мектеп оқушылары – жасөспірімдердің қатысумен орын алатын құқықбұзушылық пен қылмыс саны артпады делінгенімен, кеміген де жоқ. Жиналыс қатысушылары мұның себебін іздеп, пікір-ойы да екіге бөлінді. Ал аға буын ақсақалдар мәселенің мән-жайын, төркінін тап басып айтудан қашпады.
Қалжан Бейісбек, ата-ана: «Менің 10 немерем мектепте оқиды, сондықтан педагогтарға айтар өтінішім бар. Білім бергенде, тек оқытумен ғана шектелмей, тәрбие жөніне де назар аударып, бірауық Сіздер де түсіндіріп, оң мен солды танытсаңыздар екен. Әсіресе, тәрбие жөніндегі мұғалімдер осы бір дүниеге көңіл бөлсе, нұр үстіне – нұр болар еді».
Бүгінде бір ғана Ордабасы ауданында, жыл басынан бері, 3 айдың өзінде – 9 оқушының қылмыс пен құқықбұзушылыққа қатысы бары анықталып, ішкі істер бөліміне есепке алыныпты. Және бұл үшін ата-аналарына да заң жүзінде шара көрілген. Мектепішілік тәртіпке бағынбай, сабақтан қалушы шәкірттердің саны да көңіл көншітпейді.
Осы және өзге де тәртіп мәселесінің тыйылып, түйткілдің тарқауы үшін аудандағы мектептерде бір емес, 67 психолог маман қызмет етеді. Ал Ордабасы аудандық білім бөлімінің басшысы Шұға Нұрабаева, мектептегі келеңсіздік тердің көбеюіне негізгі себеп – тиісті мамандардың жеткіліксіздігі екенін жасырған жоқ.
Себебі, қанша дегенімен мұғалімнің аты-мұғалім, инпектор – құқық қорғау саласының өкілі болған соң, оқушыларға деген түсіндірме жұмыстары, өзге де бағыт-бағдары ерекше болады ғой». Яғни, қазіргі уақытта аудандағы барлығы 65 мектептегі 29 420 оқушының тәртіп-тәлімін қадағалап-құнттау үшін небәрі 3 инспектор жұмыс жасайды екен.
Педагогтар қауымы, егер бұл мәселе шешімін таппаса, мектептегі қылмыс пен құқықбұзушылықтың саны еселейтінін ескертеді. Ал Ордабасы аудандық әкімдігі, білім бөлімінің басшылығы мен педагогтар қауымы және ата-аналармен өрбитін кеңейтілген кезекті осындай отырыс алдағы аптада жалғасын таппақ. Осында көтерілген мәселелердің қорытындысы тыңдалатын болады.