Ордабасы ауданының үш ауылында спирттік ішімдік мүлдем сатылмайды

36

Түркістан облысы Ордабасы ауданындағы Төреарық, Жусансай, Аққойлы ауылдарының тұрғындары спирттік ішімдіктен толығымен бас тартқан. Үш ауылдың дүкендерінде мүлдем ішімдік сатылмайды. Сондай-ақ, соңғы бес жылда аталған ауылдарда бірде-бір қылмыс тіркелмеген. Ауыл тұрғындары тек ішімдіктен бас тартып қана қоймай, жастарды тәртіп бұзбауға және ұлттық құндылықтарды қадірлеуге үйрететіндерін айтады.

– Балаларымызды әділ әрі тәртіпті болуға, үлкендерді құрметтеп, ұлттық салт-дәстүрлерімізді қадірлеуге үйретеміз. Барлық жамандықтың бастауы болған ішімдіктен ауыл болып бас тартқанбыз. Содан бері ауыл іші берекеге, шаңырақтар шаттыққа толды. Болашағымыздың қандай болмағы үлкендерге байланысты. Сондықтан жастарға әуелі біз үлгі болуымыз керек, – дейді Жусансай ауылының тұрғыны Әбдімәлік Елтаев.