Биыл күнгейде ұлық мереке Наурыз ерекше тойланбақ. Ол үшін дайындық ай бұрын басталып кеткен. Өнер ұжымдары, цирк әртістері, әнші, биші, күйшілердің дені бүгінде дайындықтарын пысықтап, мерекеге тас түйін дайын отыр.
Қазығұрт тауында өткізілетін мерекеге театрландырылған қойылымдар бұрынғыға ұқсамайтын өзгеше сарында дайындалуда. Тау баурайына 40-тан астам киіз үй тігіледі. Ұлттық нақышта безендірілген күиіз үйлердің дені жаңадан жасалған. «Ұлыстың ұлы күні — әз Наурыз» деп аталатын мерекелік қойылымға 300 жылқы, 500 көгершін мен түйелер қатыстырылатын болады.
Биылғы наурыз мейрамы «Тіршіліктің бастауы – Қазығұрт» қойылымымен ашылмақ. Ұлттық салт дәстүрімізді дәріптейтін түрлі сахналық қойылымдар да көрермен назарына ұсынылмақ. Алтыбақан орнатылып, халықтық серуен болады. Ұлттық ойындарға басымдық берілмек.
Қолөнер шеберлерінің ұлттық бұйымдары ұсынылып, арнайы көрме ұйымдастырылады. Ұлттық тағамдардан дәмауыз тиюге болады. Түйе жегілген күймелермен серуендеуге де мүмкіндік бар. Наурыз мерекесін тойлауға 1 500 өнерпаз атсалыспақ. Мерекелік шара 21 наурыз күні сағат 11:00-де басталатын болады.