Оңтүстік Қазақстан облысында 6 млн теңгені тауып алған жігіт оны иесіне қайтарған. Өзі балалар үйінде өскен Самат Бекебаев осылайша жалғызбасты анаға қайырым танытқан. Бұл туралы ҚазАқпарат сайтына ақшасын жоғалтқан Әйгерім есімді әжей хабарласып, алғысын жеткізді.
«Мен құжатым мен ақшамды жоғалттым. Оны Самат Бекебай есімді жігіт әкеп берді. 6 млн теңгеге үйімді сатып едім. Кейін ақшамды ауылға алып бара жатқан жерімнен жоғалттым. Бұл бала менің құжатымды тауып алған, ішінде менің әпкемнің номері болатын. Соған xабарласып, мені тауып алды. Ақшамды қайтарды. Өзі жақында балалар үйінен шыққан екен», — деді Әйгерім әжей. Белгілі болғандай, жас жігіт сол күні Шардара ауданынан қайтып келе жатқан екен. Таксиге мінгенде Әйгерім есімді әйел отырған. Екеуі жол бойында әңгімелесіп келген. Шымкентке жеткенде әжей түсіп қалыпты. «Шымкентке келгенде апа заттарын алып, түсіп кетті. Артынан мен түсіп, көліктің жүк салғышынан заттарымды алдым. Қарасам онда бір қара сөмке қалып қойыпты.
Менің затымның жанында бір қара сөмке тұр екен. Такси жүргізушісінен сұрасам, ол менікі емес деді. Сол кезде апаның заты екенін анық білдім. Өйткені ол көлікте тек үшеуміз отырған едік. Қара сөмкені алып, үйге апарып қойдым. Ішін ашып қарасам, дәптер мен орамалға оралған көп ақша тұр екен. Өз көзіме өзім сенбедім. Себебі, өмірімде ондай ақша ұстаған емеспін. Қайта орап қойдым да дәптерді ақтардым. Сосын ішіндегі нөмірлерге хабарласып, апаның мекенжайын сұрадым. Араға 4-5 күн салып, Шардара ауданына қайта бардым. Апаға қара сөмкесін тапсырып қайттым. Соңынан риза болып маған рахмет ретінде 56 мың теңге беріп жіберіпті», — деді Самат Бекебаев.
Жас жігіт көп ақшаны көргенде әр түрлі ой келгенін де жасырмады. Бірақ адамгершіліктен аттап кете алмағанын айтады. «Ақшасын апарып бергенім де жақсы болған екен. Себебі зейнет жасындағы әжейдің асырап алған мүгедек қызы бар екен. Соны емдетемін деп үйін банкке кепілге қойып, қомақты несие алыпты. Алайда ол қарызын төлей алмаған. Болмаған соң, ауылдағы жалғыз үйін сатып, жарты ақшасына банктің қарызын жауыпты. Қалған ақшасы сол қара сөмкеде болған екен.
Оған осы қаладан бір бөлмелі пәтер аламын деп жоспарлап жүргенін айтты. Қалай болғанда да жақсылық жасап, жаман болмадым. Сол ақшаны апарып берген күннің ертесіне бір кісі хабарласып, пәтер кезегінде тұрған маған үй берілетінін айтты. Қуанып кеттім. Қазір сол бір бөлмелі үйімді алып, осында тұрып жатырмын», — дейді жас жігіт.