Өңірімізде мемлекеттік қызметті электронды түрде алуға жаппай көшу науқаны басталды. Бұл бастамаға алғашқылардың бірі болып, білім саласының қызметкерлері кірісті. Халық арасында электронды түрде көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді кеңінен насихаттау мақсатында жоғары сынып оқушылары арасында зияткерлік байқау ұйымдастырылған.
Сайысқа қатысушы командалар тек оқушылардан құралмаған. Ерекшелігі сол әрбір топта оқушылармен қатар ұстаздар және ата-аналар да бар. Байқауға алдын-ала іріктеуден өткен үздік 5 мектеп қатысты. Әрбір топ өнер көрсеткенде тұрмыстық сыбайлас жемқорлықты электронды үкімет порталы арқылы жоюдың жолдарын әзіл арқылы түсіндірді. Бұл байқау Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ОҚО бойынша департаментінің бастамасымен қолға алынған. Ал, ұйымдастырушылар Шымкент қаласының әкімдігімен қоса қалалық білім бөлімі.
Ғанижан Асанұлы, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ОҚО бойынша департаменті басшысының орынбасары : «Бұл іс-шара Елбасының жолдауына сәйкес сыбайлас жемқорлықтың деңгейін төмендету мақсатында ұйымдастырылып отыр. Сонымен қатар, халықты сауатты ақпараттандыру бағытында жүргізілуде. Өскелең ұрпақтың арасында осы індетке қарсы тұру мәдениетін қалыптастыру. Сондай-ақ азаматтарға тиісті органдардан емес, мемлекеттік қызмет түрлерін үйде отырып-ақ алуды насихаттау болмақ. Егер біз өскелең ұрпақты осыған тәрбиелейтін болсақ, өздеріне қажетті қызметті ешкімге жүгінбей-ақ ала алатын болады. Осылайша өзгерісті өздерінен бастайды. Сондықтан да бұл шараның маңыздылығы өте зор».
«Цифрлы Қазақстан» зияткерлік сайысында қатысушылар e-gov.kz электронды Үкімет порталындағы халыққа қызмет көрсету түрлеріне қатысты білімдерін жан-жақты көрсете білді. Сайыс барысында қажетті барлық анықтамаларды электронды түрде алудың тиімділігін көрсетті. Осылайша топтардың белсенділігі мен қатар білімділігі және тапқырлығы да сынға түсті. Енді бұл эстафета әрбір мектепте жалғасатын болады. Айта кетейік, бұл жоба еліміз бойынша барлық облыстарда өткізілуде.