«Оңтүстік» АИО-ның Оңтүстік Кореяға жұмыс сапары

504

Елбасының Жолдауын іске асыру, сондай-ақ кәсіпкерлік және инвестициялық ахуалды дамытуда өңірдің стратегиялық міндеттерін жүзеге асыру аясында «ОҢТҮСТІК» аймақтық инвестициялық орталығы ОҚО әкімдігімен бірлесе отырып, халықаралық ынтымақтастықты дамыту және өңірге шетелдік инвестицияларды тарту бойынша жүйелі жұмыстар атқаруда.

2018 жылдың 25 ақпан және 2 наурыз аралығында оңтүстік кореялық серіктестердің шақыруымен «ОҢТҮСТІК» АИО өкілдері Оңтүстік Кореяға жұмыс сапарымен барып қайтты. Мақсат — ынтымақтастықты нығайту және оңтүстік кореялық инвесторларды тарта отырып Оңтүстік Қазақстан облысындағы экономика, энергетика, қалдықтарды қайта өңдеу бойынша басым бағыттардағы жобаларды талқылау.

Бірінші кездесу әлемдегі ең үздік кореялық машиналар мен техникалар шығарылатын Hyundai Corporation халықаралық компаниясында ұйымдастырылды. Кездесу барысында «ОҢТҮСТІК» АИО, «Kaz Kioti» ЖШС, Daedong Industrial Company LTD және Hyundai Corporation өкілдері тракторлар мен басқа да жабдықтарды өндіру бойынша ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелерін талқылады. Айта кету керек, біздің елде тозған тракторлар 85 пайызды құрайды. Талқылау барысында ағымдағы жылдың мамыр айының соңына дейін Оңтүстік Қазақстан облысында 75 трактор жинау туралы келісімге қол жеткізілді.

Сонымен қатар, мамандар машина жасау, автоматтандыру, Қазақстандағы трактор зауытының тиімділігін арттыру саласындағы ынтымақтастықтың жаңа бағыттары бойынша тәжірибе алмасты.

Естеріңізге сала кетейік, «Kaz Kioti» ЖШС Қазақстандағы трактор шығаратын алғашқы зауыт болып табылады. Жобаның серіктестерінің бірі — KIOTI бренді бар Daedong Industrial Co LTD кореялық компаниясы. Бұл зауытта Kioti өндіріс циклы жоғары автоматтандырылған, мұнда жылына 30 000 трактор қалыпты жүктемеде жалпы 300 қызметкермен шығарылады. Ал, «Kaz Kioti» ЖШС «ОҢТҮСТІК» АИО қаржыландырған жобалардың бірі болғандықтан, компания өндіріс орнының әрі қарай дамуына жан-жақты қолдау көрсетуде.

Оңтүстік Кореяға сапары барысында «ОҢТҮСТІК» АИО Басқарма Төрағасының орынбасары Әбілдинов Т.О. жемшөп өндірісінің технологиялық желісін жеткізу мәселелерін шешу мақсатында RINDO компаниясының басшылығымен кездесті.
Қорытынды жиналысты G-Global Development Community командасы БҰҰ ЭСКАТО департаменті басшысы және «жасыл экономика» саласындағы Нобель сыйлығының лауреаты Раэквон Чунг, Корея қоршаған орта корпорациясының (Korea Environment Corporation) басшысы Сео Янг-го және KoGet компаниясының президенті Янг-Хо Чунгмен ұйымдастырып, онда Оңтүстік Қазақстандағы тұрмыстық және өнеркәсіптік қалдықтарды энергиямен қамтамасыз ету және қайта өңдеу жобалары талқыланды. Кореялық бизнесмендер алғашқы қадам ретінде Оңтүстік Қазақстан облысына инвестиция салу ниетін білдіріп, 60 млн. АҚШ доллары көлемінде технология алып келетінін айтты.

Rae Kwon Chung — климаттың өзгеру мәселелері бойынша Корея Республикасының елшісі. Ол көптеген қазақстандық ұйымдардың, соның ішінде Еуропадағы G-Global Development Community, «Жасыл экономика және G-Global даму коалициясы» және Қазақстанның экологиялық ұйымдары қауымдастығының мүшесі.

Айта кету керек, қазіргі уақытта «ОҢТҮСТІК» аймақтық инвестициялық орталығы инженерлік, энергетикалық, азық-түлік өнімдерін өңдеу және қалдықтарды қайта өңдеу саласында кешенді зерттеулер, жобалар әзірлеу және оларды іске асыруды бойынша ауқымды жұмыстар жүргізуде.