«Оңтүстік цирк» мекемесі аруларды құрметке бөледі

509

8-наурыз – халықаралық әйелдер күні! Мереке қарсаңында өңіріміздегі бірегей өнер ошағы – «Оңтүстік цирк» ұжымдағы қыз-келіншектерді құрметке бөледі. Жәй емес, ерекше екпінмен тосынсый жасады.  Сейсенбі, сағат тілі – 11-00! Өңіріміздегі бірегей өнер ошағы – «Оңтүстік циркте» әдеттегідей ұжымдық жиналыс кезі. Бірақ, бұл жолғы жоспарлы жиын ерекше екпінмен, өзгеше өрбіді. Дәлірегі, тосынсыйға ұласты. Ер-азаматтар халықаралық әйелдер күні қарсаңында, мереке иелеріне гүл шоқтары мен сый-тартуын табыстады.

Мейрамның мерейін асыру үшін жігіттер жағы ерекше күрделі қимыл-қойылымды да ұсынды. Яғни, бір емес, 3 адам бірді-бірге көтеріліп, жоғарыдан қыз баласына гүл шоғын құрметпен сыйлады.

«Оңтүстік цирк» мекемесіндегі мереке мұнымен шектелген жоқ. Ұжым жігіттері әннен шашу шашып, қыз-келіншектерге деген риясыз құрмет-ілтипатын құнттады. Жүздері қуаныштан бал-бұл жайнаған арулар қауымы алғысын білдіруді де ұмытқан жоқ. Ал халықаралық мейрам қарсаңында өнер ошағының басшылығы бүгінгі цирк мекемесінде нәзікжандылардың атқаратын рөлі, еңсеретін ерлік-еңбегі елеулі екенін ерекше атап өтті.

Айта өтейік, қаламыздағы бірегей «Оңтүстік цирк» мекемесінің қызметін бастағанына биыл – 7 жыл толып отыр. Бүгінде өнер ошағында 185 адам жұмыс жасайды. Оның 60-ы – әйелдер қауымы.