«Ордабасы» футбол клубы Түркияның Белек қаласында өткен үшінші жаттығу жиынын тәмәмдады. Георги Дерменджиевтің шәкірттері үшінші жаттығу жиынында үш жолдастық кездесу өткізді.
Нәтижелер көңіл көншітерлік емес, әрине. Алайда команда тізгініне өте білікті бапкердің келуін есепке алсақ маусымға тек позитивті көңіл-күймен қарауға себеп табылады. Георги Дерменджиевтің тек «Ордабасының» ғана емес жалпы қазақ футболының дамуына да үлесі тиетіні анық. Бапкер жас футболшылармен жақсы жұмыс істейтіндігімен аса танымал. Сондықтан да биылғы команда құрамы 60-пайызға жасарды десек те болады.
Команда қатарын толықтырып жатқан ойыншылар үміт отын жақпаса да, көңілге күдік сыйламайды. Солардың бірі Аргентиналық жартылай қорғаушы Факундо Бертольо. Факундо өз футболдық мансабында Кипрлік «Апоэль», Украиналық «Динамо Киев», Бразилиялық «Гремиу», Франциялық «Эвиан» тағы да басқа клубтардың қатарында өнер көрсеткен.
10 жылдық футбол мансабында Факундо 137 матч өткізіп, 15 гол соғып, 2 рет голдық пас берген. Өзінің позициясын ескеретін болсақ жартылай қорғаушы үшін нашар статистика емес.
Сондай-ақ, команда қатарын қақпашы Жасур Нәрзіқұлов, шабуылшы Иван Нагаев, орталық қорғаушы Хрвое Спахия, жартылай қорғаушы Дидар Жалмұқан, Бекжан Әбдірахман толықтырды.
Ал Сергей Хижниченко, Дамир Дәуітов, Тимур Досмағамбетовтер команда сапында біраз уақыттан бері қаралымда жүргенімен, әзірге ресми түрде «Ордабасы» футбол клубының ойыншысы атанған жоқ.
Айта кетелік, 7-ші наурыз күні, сағат 16:00-де «Мега Планет» сауықтыру орталығында команда ойыншыларын таныстыру рәсімі өтеді. Ал жаңа маусымның алғашқы ойыны 11-ші наурыз күні, сағат 15:00-де, Қажымұқан атындағы орталық стадионда, премьер-лиганың дебютанттары «Қызылжарға» қарсы өтеді.