«Сөз зергері» байқауы таланттарды танытты

795

Биыл өңіріміздегі бірқатар аудандардың мерейтойы тойланбақ. Созақ ауданының 90 жылдығына орай жазушы, драматург, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты А.Сүлейменовтің 80 жылдығына орай ұйымдастырылған «Сөз зергері» атты көркемсөз оқу шеберлерінің облыстық байқауы өтті.

Бүгінгі ұрпақты кітап оқымайды деп өкпе артатын аға буын өкілдері байқау барысында жастардың қазақ әдебиетінен мол мағлұматы бар екеніне көз жеткізді. Байқаудың негізгі мақсаты да сол – тіл мәдениетін көтеру, көпшілікті ұлт әдебиетіне ықыласын арттыру, көркем әдебиетті насихаттауды жандандыру және А.Сүлейменовтің шығармашылық мұрасын насихаттай отырып талантты жастарды таныту болып табылады.

Сөз зергері Асқар Сүлейменовтың туындыларын жаттап алған жастар жетерлік. Қасиетті жерден шыққан тума талант, жазушы жерлестерін мақтан тұтады. Бұдан бөлек Асқар Сүлейменовтың шығармаларын насихаттау мақсатында жыл сайын дәстүрлі түрде түрлі байқаулар өткізіліп келеді.

Қазылар алқасының шешімімен Бас жүлдеге Созақ ауданының үміткері Асхат Айдүйсенов лайық деп танылып, 150 мың теңге ақшалай жүлдеге ие болды. 1-ші орын мақтаралдық Әбди Айдаға бұйырып 120 мың теңге тапсырылды. 100 мың теңгелік жүлделі екінші орын Бәйдібек ауданынан Сәулебек Мәдидің еншісіне берілсе, үшінші орын және 50 мың теңге жүлде қорын Арыс қаласынан Тәукебаева Ақшолпан мен созақтық Нысанбек Күләш иемденді.

Ал, Облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығының арнайы жүлдесімен Отырар ауданының қатысушысы Асан Өркен марапатталды. Өзге де үміткерлерге арнайы дипломдар мен 30 мың теңге ынталандыру сыйлықтары тапсырылды.