«ОтырарTV» телеарнасының түсіру тобы Шымкенттегі балалар мен ата-аналар жиі келетін орындардың бірі — Оқушылар сарайында болып қайтты. Ондағы мақсат — мұндай мекемелерде өрт қауіпсіздігі шаралары қалай қолға алынғанын байқау және баршаға қойылатын жалпы талаптар қалай орындалатынын көзбен көру еді.
Орталықтың бірінші қабатындағы арнайы құрылғы темекі түтінінен автоматты түрде қосылып, дабыл қағылды. Бұл дегеніңіз — кез-келген ақпарат осындағы басқару тетігіне бірден түседі. Әр қабатта орналастырылған эвакуация жоспарына сәйкес, жауаптылар ғимараттағы адамдарды орталық және қосымша есіктерден қауіпсіз жерге шығарады. Оқушылар сарайының басшысы жүйенің жұмысына сенімді.
Наталья Романова , Оқушылар сарайының директоры: «Бізге осыдан 5-6 жыл бұрын күрделі жөндеу жүргізілген болатын. Сол кезде өртке қарсы, төтенше жағдайларға қатысты шаралардың барлығы ескеріліп ғимаратта қосымша есіктер, баспалдақтардың жайлылығы ескерілді. Оқушылар сарайындағы үйірме, секцияларға 4 мыңға жуық бала қатысады. 200 — дей қызметкеріміз бар. Қалалық білім беру бөлімінен бұйрық бар. Өрт, төтенше жағдайлар жөнінде ұжымымызда және ата — аналармен жиналыс өткіземіз. Міндетті түрде балаларға өрт болған жағдайда әрекеттері жайлы ойын түрде баяндаймыз».
Қазір мектеп оқушылары көктемгі демалыста. Бірі бос уақытын ата-анасының, жанында, ал енді бірі үйірмелерде немесе спорт секцияларында өткізеді. Мұнда келетін балалар төтенше жағдай болғанда не істеу қажеттігін білетін сыңайлы.
Біз қаладағы сауда орталықтарының бірінде де болдық. Онда қауіпсіздік талаптарының қалай орындалғанын көрдік. Апат айтып келмейді. Десек те, орталықтың ғимараты автоматты өрт дабылы және арнайы құрылғылар, гидранттармен толық қамтылған. Егер түтін пайда болса, оның тетіктері орталық бекетіне бірден дабыл қағады. 3 секундта өрт жайлы хабарлама жарияланып, адамдар қауіпсіз жерге шығарылатынына мұндағы жауаптылар да сеніммен қарайды.
Кирилл Закарлюк, сауда орталығының өкілі: «Өрт жайында хабарлама түскен бойда, құтқару қызметі эвакуация жоспарына сәйкес тез арада дәліздер және ғимараттағы арнайы шығу жолымен, баспалдақтармен адамдарды қауіпсіз жерге шығарады. Сауда орталығының ғимаратында 18 шығу есіктері қарастырылған. Ең бастысы олармен далаға шыға аласыз. Қайта кіре алмайсыз. Өрт болған жағдайда айқай шумен адамдардың өртенген жерге кіруіне мүкіндік тумас үшін осылай жасалған.
Тағы бір ескеретін жағдай, өрт болған жағдайда электр энергиясы сөндіріледі. Бұл жағдайды сауда орталығы басшылығы қарастырып қойған. Электр жарығы сөндірілген кезде, генераторлар қосылады. Тағы айта кететін жәйт, электр жарығы сөндірілсе де шығу белгілері жанып тұрады. Адамдар жаңылыспай еш кедергісіз ғимараттан шығарылады. Сондай-ақ, өздеріңіз байқағандай барлық қабаттарда өртке қарсы әрекеттер жөнінде жоспар, гидранттар мен өртті сөндіретін баллондар бар».
Адамдар ескеретін тағы бір маңызды тұс бар: өрт болған жағдайда эскалаторлар мен лифтер жұмыс істемейді. Олардың баспалдақ арқылы шығарылуын арнайы қызметкерлер қадағалайды. Талап солай қойылған. Және оның тек жаттығулар кезінде ғана қажет болғаны жақсы, әрине.
Шынар Оразова