Шымкентте ашылатын зауытқа шетелдік мамандар тартылады

999

Шымкентте темір зауыты ашылады. Бүгінгі таңда құрылысы аяқталуға жақын өндіріс орнының 1- ші кезең жұмыстары біткен. Сәуір айында іске қосылатын зауытқа 600 жұмысшы қажет. Кәсіпорын иесінің айтуынша, темір балқыту мамандары жоқтың қасы.

Сол себепті де шетелден жүз жұмысшы алдыртуға мәжбүр. Мұны естіген Үкімет басшысы «техникалық маман даярлау заман талабы. Зауыттың екінші кезеңі іске қосылғанша жергілікті жастар жұмыспен қамтылғаны дұрыс» деп тапсырды. Айта өтейік, жылына 250 тонна темір өнімдерін шығаруға қауқарлы зауыттың ТМД-да теңдесі жоқ өндіріс орны болады деген сенім бар.

Бауыржан Алтеев,»Shymkent Temir» ЖШС-ның директоры: «Болат шығарумен айналысатын кәсіпорынның құрылысын былтыр бастадық. Биыл сәуірде іске қосамыз. Алғашқыда 150 азамат жұмыспен қамтылады. Дайын өнім Орта Азия елдеріне экспортталатын болады. Жоба ҚР индустриалды-иновациялық даму бағдарламасы аясында іске асырылады».

Ал маман тапшылығын естіген ҚР Премьер-Министр күйінішін жасырмады. Жұмыссыз жастары басым өңірде, жүз бос орын шетелдіктермен толығатынын сынады. Сол себепті де жастарды заманға қажетті маман атануға шақырды.

Бақытжан Сағынтаев, ҚР Премьер-Министрі: «Біздің жаңадан соққан зауыттың 100 жұмыс орны шетелге кетіп жатыр. Ал бізде Оңтүстік Қазақстан облысында 3 миллион халық тұрады. Оның жастары жұмыссыздар бойынша көш бастайды. Адам саны көп. Түсінуге болады. Ал жүз орын шетелге кетті. Неге? Өйткені маман жоқ. Өйткені дайындамаған. Жаңағы зауыт соғып жатқан кезде, ЖОО мен колледждермен қарым-қатынас жұмыс істейтін болса, бұл олқылықтың орны толар еді. Сен зауыт соғып жатырсың, саған қандай маман керек деп тізімін алып, даярлауға болар еді. Өйткені зауытты 2-3 жыл дегенде соғады. Ал бізде мемлекеттен тапсырыс беріп, ондай мамандықтар дайындамайды екенбіз. Сонда ашылып жатқан жұмыс орындары, басқаларға емес, өзіміздің жастарға бұйырар еді. Біздің алатын мамандығымыз, оқыған оқуымыз болашаққа бейім болуы керек. Жергілікті жердегі колледждер мен жоғары оқу орындары жергілікті жерге қажет мамандықтарға сай бағдарлама жасап, оқытуы керек».

Бұдан бөлек, Үкімет басшысына 2018 жылы индустрияландыру картасы аясында асырылып жатқан жиырма жоба таныстырылды.

Ардақ Жақсылықова