Шымкентте балалар арасында сурет байқауы өтті

2369

“Аяз салған өрнектер». Балалар арасындағы сурет байқауы жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп тұрады. Шымкент қалалық балалар көркемсурет мектебінің ЮНЕСКО Клубына 10 жыл толу мерекесіне орай өткізілген байқауға бағын сынамаққа ниет білдіргендер көп болды.

«Он жылға – он іс-шара!» атауымен ұйымдастырылған көрмеге 300-ден аса туынды қойылды. Барлығы да балалардың ой, қиялынан туған тамаша туындылар. Облыстың түкпір түкпірінен келген 221 баланың суреті расында тамсануға тұрарлықтай. 5 және 17 жас аралығындағы талантты суретшілер қыстың ғажайып кезеңдерін тамаша өрнектеген.

Байқауда әділқазылық еткен «Сақ» кино­студиясының директоры Ну­риддин Паттеев пен Сурет­шілер одағының мүше­сі Серік Жорабековтың талғам таразысынан өткен 28 бала же­ңім­паз атанды. Байқауда бағы мен бабы келіскен жеңімпаздарға «Сақ» кино­студиясының атынан Н.Паттеев мырза балалардың сүйіп кө­ретін «Томпақ» фильмінің бас кейіпкері бейнеленген жейделерді сыйға тартты.

Жас суретшілер арнайы дипломдармен марапатталды. Облыстық сурет байқауында 1-ші орынды Түркістан қаласының балалар қолөнер мектебінің оқушысы Фарид Ахмет Мухаммад Ибрагим жеңіп алды. Үшінші орынға Айтолсын Тастанбек лайықты деп танылды. Дарынды балалардың басын қосатын байқау келесі жылы да жалғасын таппақ.