Өткен жылы Халықаралық эпизоотия бюросының сарапшылары облысымызды инспекциялап, нәтижесінде аусыл ауруына вакцина егуге қолайлы аймақ мәртебесін берген болатын. Бүгінде өңірімізде мал арасындағы қатерлі аурулардан қауіп жоқ.
Жыл сайын мал ауруының алдын алу, егу жұмыстары жүргізіліп тұрады. Маусымдық жұмыстар бүгінде қызу жүргізілуде.
Өңіріміздегі аталған саланың тыныс тіршілігін бақыламаққа бүгін өңірімізге арнайы іс-сапармен Ауыл шаруашылығы министрлігі ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті төрағасының міндетін атқарушы Тұрсын Қабдулданов табан тіреді. Сайрам ауданындағы мал бордақылау алаңы мен ветеринариялық бекеттердің жұмысымен танысты. Мал ауруларының алдын алуда толайым тірліктер атқарылуда.
Төрт түлікке көктемгі вакцина егу жұмыстары басталды. Биылғы жылға еліміз бойынша 142 млн астам малдарды егу жұмыстары қарастырылған. Коммуналдық меншікке 99 млн-нан астам дәрі берілген. Еліміздің бас ветеринары алдымен «Ет агро Манкент» мал бордақылау алаңының жұмысымен танысты.
Тұрсын Қабдулданов, Ауыл шаруашылығы министрлігі ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті төрағасының міндетін атқарушы: «ОҚО-да 15 ветеринарлық станция және 195 ветеринария бөлімшесі бар. Мал егу манипулициясына қатысатын қатысушылардың өзара іс қимыл әрекеті дұрыс жолға қойылған, мәселен, мал иесі өзінің малын ектіруге әкеліп отыр. Малға әлбетте екпе ектіру ветеринариялық заңының 25 бабында көрсетілген. Малының сырғасы бар, құжаты бар. Осы мақсатта бөлінген дәрілердің бәрі бір орталықтан сатып алынады, әрі ақысыз. Сырға да ақысыз. Мал иелері егу жұмыстарына атсалысып, уақытында әкеліп ектіріп отырса дұрыс болады».
Бұдан кейін бас ветеринар Қарасу ауылдық округіндегі ветеринарлық бөлімшедегі мал егу жұмыстарының барысын бақылады. Залалсыздандырылған, заманауи жабдықтармен жарақтандырылған бекеттің жұмысына оң баға берді.
Ұлықбек Балтаходжаев, «Ет агро Манкент» мал дәрігері: «Дәл қазіргі уақытта мал ауруларының алдын алу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бруцеллез ауруына қатысты қан алу, сібір жарасына вакцина егу жұмыстары жүргізілуде. Вакцинадан кейін 14 күнге дейін малды союға болмайды. Өндірістік кооперативте бүгінде 1 550 бас ірі қара мал бар. Профилактикалық жұмыстар жүріп жатыр. Ешқандай ауру шығып жатқан жоқ».
Оразбек Егізбаев, Қарасу ауылының тұрғыны: «Ветеринар дәрігерлерге рахмет, дер уақытында көктемде, күзде дәрі егіп тұрады. Жаз уақытында мал қораларды залалсыздандырып кетеді».
Еліміздің әр ауданында, әр ауылында ветеринариялық қауіпсіздік, эпидомиологиялық ахуал бірқалыпты жағдайда дейді мамандар. Сондықтан да малды дер уақытында ектіруге шақырады.