Төрт түлік қатерлі аурулардан аман

750

Түркістан облысының мал дәрігерлері бүгін жарты жылдық жұмысын қорытындылады. Сала мамандарының айтуынша, биыл жаз айларының ыстық болуына қарамастан, төрт түлік арасында қатерлі жұқпалы ауру тіркелмеген. Дегенмен, босаңсуға болмайды деген облыстық ауыл шаруашылық басқармасының жауаптылары барлық аудан ветеринарларының басын қосып, тәжрибе алмасу жиынын өткізді.

Осы көрсетілген оқу әдістемелік тәжірибені облыстың әр мал дәрігері жақсы білуі тиіс. Аса жұқпалы ауруға шалдыққан малдың сынамасын алу мамандардың өзі үшін де өте қауіпті. Сондықтан, ветеринарлардың әрекеті санитарлық талаптарға сай болуы шарт. Қазығұртта өткен жиын барысында мал дәрігерлері әріптестеріне аса қауіпті жұқпалы ауруға шалдыққан малдан 12 түрлі сынаманы қалай алу керектігін көрсетті.
«Сынаманы алуда ең қауіптісі – сібір жарасынан сақ болу керек. Сібір жарасы диагнозы қойылған малдың қаны ұйымайды, сол себепті біз сынаманы малдың құлағынан аламыз», дейді олар. Осы тұсқа баса назар аударылды.

Аса қауіпті жұқпалы аурудың тағы бір түрі – бруцеллез. Бұл ауруды жұқтырған адам дертінен жазылмайды. Мал етінен немесе сүтінен де ауруды жұқтыру ықтималдығы басым. Бұл мәселені дәрігерлер де көп көтеруде. Бір ғана Қазығұрт ауданында 85 мың ірі қара, 4 мың жылқы және 400 мың ұсақ мал бар. 2012 жылы осы бруцеллез ауруымен ауырған төрт түліктің саны 1 000 – нан асқан. Ал биыл бұл диагноз бар болғаны 35 малға қойылыпты. «Көрсеткіштің төмендеуі тұрғындар арасында жүргізілген түсіндіру жұмыстарының нәтижесі»,-дейді ветеринарлар.

Ермураттулла Сванов, мал дәрігері: «Бұрын өтемақы төленбейтін. Мал иелері ауру малдарын жасыратын. Енді қаржы толық төленеді».

Түркістан облысы бойынша мал арасындағы жұқпалы аурулардың алдын алу үшін 2 млрд. 200 млн. теңге қаражат бөлінген. Көктемгі және күзгі залалсыздандыру жұмысын дер кезінде жүргізудің арқасында мал ауруының алдын алуға мүмкіндік туды. Дегенмен, атқарылар шаруа көп.

Базарбек Омаров, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының ветеринария бөлімінің басшысы: «14 түрлі ауруға қарсы егу жұмысы жасалып, Қырым қанды қызбасына залалсыздандыру жұмыстары жүргізілді. Нәтиже жаман емес, ауру мал тіркелмеді жарты жылдықта».

 

 

Осы жиынға 500 – ден астам мал дәрігері қатысты. Бұған дейінгі семинар сабақтары Түркістан, Сайрам аудандарында өткізілген. Тәжірибені іс жүзінде дұрыс пайдалану – мамандарға сын.

Нұрлан Күдерұлы