Жеке кәсіпкерлікті жабу оңай емес…

1777

Жеке кәсіп ашып, ісімді ілгерілетемін дегендерге бүгінде даңғыл жол ашық. Халыққа қызмет көрсету орталықтарына барып өтініш білдірсе болғаны. Куәлігін сол күні алуға мүмкіндігі бар.

Ал егерде бастаған ісі кері кетіп, не басқалай себептерге байланысты жеке кәсіпкерлігін жабу яғни, тоқтату қажет болса, онда біраз уақыт жұмсауға тура келеді. Турасын айтқанда ЖК жабу оңай емес. Ол үшін тұрғылықты мекен жай бойынша мемлекеттік кірістер басқармасына барып өтініш беруі қажет.

Дара кәсіпкердің қызметін тоқтату үшін ең алдымен жекелеген санаттары бойынша міндеттемелерін орындау ерекшеліктері ҚР Салық Кодексінің бір мезгілінің талаптарына сәйкес келетін яғни, қосылған құн салығын төлеуші болып табылмайтын және тәуекелді бағалау жүйесі іс-шаралары нәтижелері негізінде салықтық тексерулер жоспарына енгізілмеген жеке кәсіпкерлер тоқтату туралы өтінішін білдіруі қажет.

Екіншіден, қызметтің жекелеген түрлері бойынша тіркелу есебінен шығару туралы салық өтінішін беру. Үшіншіден, таратудың салық есептілігін тапсыру. Ол үшін жеке кәсіпкердің бақылау кассалық машиналары есептен шығарылады. ҚР Салық кодексінің 43 бабында көрсетілгендей салық төлеуші салық өтінішін берген күннен бастап үш күннің ішінде салық төлеуші бойынша уәкілетті органдарда салық төлеушінің іс әрекеттері, банк есеп шоттарындағы қаржы қозғалыстары туралы, кеденнен өткенде кедендік баж салығын төлегендігі жөнінде сұраныс хаттар жолданады.

Сұраныс хаттар келгеннен кейін камералдық бақылау жүйесі нәтижесінде 20 күнтізбелік есептік күн ішінде салық төлеушінің іс әрекеттері туралы барлық бақылаулар жүргізіліп үш жұмыс күні ішінде қорытынды тағайындалады. Қорытындыда камералдық бақылау нәтижелері, салықтар мен бюджетке төленетін басқа да міндеттемелер, міндетті әлеуметтік сақтандыру бойынша жарна, міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік жарналары есеп айырысу жай күйі көрсетіледі. Камералдық бақылау нәтижелері бойынша құқық бұзушылық бар болса онда 5 жұмыс күні ішінде хабарлама түзіліп тапсырылуы тиіс салықтар көрсетіледі. Салық төлеуші келіспеген жағдайда құжаттық тексерулер жүргізіліп анықтамада айқындалады.

Дара кәсіпкер қызметін тоқтату туралы шешім қабылдаған жағдайда орналасқан жері бойынша салық органына бір мезгілде:
1) қызметті тоқтату туралы салықтық өтінішті;
2) осындай есепке алу болған жағдайда қызметтің жекелеген түрлері бойынша тіркелу есебінен шығару туралы салықтық өтінішті;
3) таратудың салық есептілігін;
4) осы Кодекстіѕ 648-бабында белгіленген тәртіппен бақылау-кассалық машинаны есептен шығару туралы салықтық өтінішті табыс етеді.

Салық органы дара кәсіпкердің қызметін тоқтату туралы салықтық өтінішін алған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде:
1) мемлекеттік уәкілетті органдарға — қызметі тоқтатылатын дара кәсіпкер болып табылатын жеке тұлғаның мемлекеттік тіркелуге жататын мүлікпен жасаған мәмілелері туралы, сондай-ақ қызметті тоқтату туралы салықтық өтініш алынған күнгі жағдай бойынша оның мүлкі туралы мәліметтерді табыс ету туралы;
2) кеден органдарына — қызметі тоқтатылатын дара кәсіпкер болып табылатын жеке тұлға жасаған сыртқы сауда мәмілелері туралы мәліметтерді табыс ету туралы, сондай-ақ кеден төлемдері және салықтар бойынша салық органының талаптарын алған күннен бұрынғы емес күнге берешегінің жоқ екендігін растау туралы;
3) банктерге және (немесе) банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарға — қызметі тоқтатылатын дара кәсіпкердің қызметін тоқтату туралы салықтық өтініші алынған күнгі банктік шоттарындағы ақшаның қалдығы және қозғалысы туралы мәліметтерді табыс ету туралы сауал жіберуге міндетті.

Салық органы барлық мәліметтерді алған күннен бастап он жұмыс күні ішінде камералдық бақылауды жүзеге асыруға және осы Кодексте белгіленген тәртіппен қорытынды жасауға міндетті. Қорытынды кемінде екі данада жасалады және оған салық органының лауазымды адамдары қол қояды. Қорытындының бір данасы қол қойылғаннан кейін үш күннен кешіктірмей қолын қойдыра отырып дара кәсіпкерге тапсырылады немесе оған пошта арқылы хабарламасы бар тапсырыс хатпен жіберіледі.

Егер де камералдық бақылау нәтижелері бойынша бұзушылықтар анықталған жағдайда дара кәсіпкерге қорытынды алынған күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірмей камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы хабарлама тапсырылады.

Хабарлама орындалмаған немесе салық органдары қызметі тоқтатылатын дара кәсіпкерге қатысты салық төлеуші табыс еткен түсіндірмелермен келіспеген жағдайда құжаттық салықтық тексеру жүргізіледі. Қызметі тоқтатылатын дара кәсіпкердің салық берешегі көрсетілген дара кәсіпкердің ақшасы есебінен, оның ішінде мүлкін өткізуден алынған ақша есебінен ҚР заңнамалық актілерінде белгіленген кезектілік тәртібімен өтеледі.

Абай Айтқұлов, Абай ауданы мемлекеттік кірістер басқармасының ақпаратты өңдеу бөлімінің басшысы:
— ҚР Салық кодексінің 43 бабында көрсетілгендей тиісті мекемелерге сұраныс хаттар жолдаймыз. Онда кәсіпкердің мүлкі, қарызы бар, жоғы көрсетіледі. Сұраныс хаттың жауабы 10 жұмыс күні ішінде келеді. Жеке кәсіпкерлікті тоқтату 30 жұмыс күнін алады… 1 жылдың ішінде Абай ауданы бойынша 912 жеке кәсіпкер жабылды… Сараптама жасалынады. Салық алдындағы міндеттемелерін орындамаған жағдайда яғни, 60 күн ішінде жұмысын тоқтату туралы хабарламаны электронды поштасы арқылы немесе пошта арқылы тапсырыс хатпен жіберіледі. Салық төлемеген жағдайда әлбетте жұмысы тоқтатылады.

Гүлжан Көшерова