«Жаңа күн» бағдарламасының бүгінгі қонағы бағбан Әбдісаттар Мұхамеджан:
— Көшеттерді қалай отырғызу керек, оны қалай күтіп, баптау керек?
— Көшетті еккенде ең алдымен шұңқырға су құю керек. Көпшілік көктемде егеді. Бірақ осы маусымда егу көп күтімді қажет етеді. Күн ысып кетеді. Бір күн, екі күн су құямыз да ұмытып кетеміз. Негізінде жеміс ағаштарын, жүзімді күзде егу керек. Күзде еккеннен кейін тамыр жайып, тез өнеді. Көп күтімді қажет етпейді. Еккен кезде орталық тамырын 10 сантиметр қырқу керек. Бойынан алу керек. Тамыр жайып көгерген кезде күші көп кетпеуі үшін күтім керек. Артық бұтақтарын қырқу керек. Егетін шұңқырдың ұзындығы 30-40 сантиметр тереңдікте қазу керек. Су құю керек оған. Күзде еккен жеміс ағаштары, жүзім жемісті бір жыл бұрын береді. Шұңқырға бір шелек су құйғаннан кейін намданып, біраз тұруы қажет.
— Жеміс ағаштарын үйдің айналасындағы қай жерге егу керек?
— Күн жақсы түсетін бөлікке егу керек. Шиеге құрт, құмырсқа үймелейді. Маусымның басында жауын жауса шіре түседі. Жүзім ағаштарына өрмекші ұя құрады. Ол шіре түсті деген сөз. Шіреге қарсы дәрілеу керек. Үш шіреден аман алып қалса жақсы жеміс береді. Жүзімде қарасан деген кесел бар, алапес, қотыр сияқты болып тұрады. Соған көктемде дәрі шашу керек. Шіре түспейді. Араларына жазды күні күкірттің ұнтағын байлап асып қойса, жәрдемі көп.