Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театры Ұлы жазушы М.Әуезовтың бірегей шығармасы — «Қарагөзді» көпшілікке ұсынды. Премьералық еңбектің ерекшелігі сол — трагедиялық спектакльге ұжымның бар әртісі жұмылдырылған.Жұрт жарғысы. Үміт пен күдік. Сезімнің жетегі. Мұндай әсер-көріністі залдағы көрермен көзбен көріп, ұлттық дәстүрдің дерек-дәйегіне куә болды.

Ұлттық салттың саф салтанаты мен екпін-ережесі Қарагөз бен Сырымның сенім-сезімін сергелдеңге түсірді. Екеуінің туыстық түбірі жеті атаға жетпегендігі — ру дәстүрі бойынша бір бола алмайтыдығын айғақтады. Ал өзге ауылдың атпал жігіті Нарша айттырылған жарының жан-жүрегіне үңіліп, тоғысқан тағдырға нала айтты.«Қара шаңырақ» — Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театры М.Әуезовтың бұл шығармасын сахналау үшін 1 ай уақытын жұмсаған. «Қарагөзді» көпшілікке ұсынуда қоюшы-режиссердің өзі Астанадан арнайы шақырылып отыр. Яғни, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Бекболат Құрманғожаевтың өзі келді.«Қойылымда қазақы дәстүрді мейлінше сақтауға тырыстым. Себебі М.Әуезовтың еңбегінің осы бір тұздығын көрсеткім келді. Сосын, дайындық кезінде сөз саптау, баяғы біздің Әуезовтің тілімен сөйлеу, оған әртістерді баулу секілді қиындықтар кездесті. Сондықтан, шығармашылық топпен режиссер ғана емес, педагог ретінде де жұмыс жасадым. Әртістердің сахнада әріптес секілді қалыптасуы — ақсап жатқанын байқап, осы тұста көп еңбек етуге тура келді», — дейді  Бекболат Құрманғожаев.Қойылымда «Махаббат үштігі» — «Нарша, Қарагөз, Сырым» арасындағы тартыстың «жеті ата» заңдылығынан асып кете алмай, соңы Қарагөздің қасіретімен аяқталды. Айта өтетін ақпарат, осынау трагедиялық спектакль — 1 сағат 50 минутқа шақталған. Және еңбекке ұжымның шығармашылық тобы толығымен яғни, 47 әртісі жұмылдырылыпты.