Қазығұртқа газ берілуі үшін қазынадан тағы да 49 миллион теңге қаралды

673

Таулы аудан — Қазығұрттағы бір емес, бес бірдей елдімекенге газ құбырлары жүргізілді делінгенімен, тұрғындар әлі күнге газсыз отыр. Жауаптылардың жүгенсіздігінен Алтынтөбе, Қаржан, Қосағаш, Аққұм, Сынтас елдімекені көгілдір отыннан қағылған.

Жұртшылықты жауыр еткен мәселе «Нұр Отан» партиясының кезекті бақылау комиссиясында тағы да көтерілді. Орын алған олқылыққа кім кінәлі? Онсызда миллиардтаған қаржы жұмсалған жоба -жұмыстың толығымен аяқталуы үшін тағы қаржы қаралады ма? Сан сауалдың жауабын анықтап көрдік.«Нұр Отан» партиясының бақылау комиссиясындағы кезекті жиын жәй емес, жазаның тағайындалуын құнттаудан басталды. Яғни, Қазығұрттағы — Алтынтөбе, Қаржан, Қосағаш, Аққұм, Сынтас елдімекендерінің көгілдір отыннан қағылуына кінәлі тараптың «жабулы қазаны» бұл жолы әдеттегідей жылы жабылмады.

Жұртшылықты жауыр еткен мәселені қарап-қадағалау, шешу үшін аудан әкімдігі ғана емес, облыстық энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық басқармасы, газшылар мен мердігер компанияның басшылығы және өзге де жауаптылар арнайы шақырылған. Басқосуда «ҚазТрансГазАймақ» АҚ-ның өкілдері жағдайдың сағызша созылуын, олқылықтың орын алуына мердігер компанияны кінәлады. Себебі жылдар бұрын түзілген жобалық-сметалық құжаттың түпнұсқасы табылмай отыр.

Ал ауданға газ жүйесін салған «Спецтехдор» серіктестігінің өкілдері 2012 жылғы жасалған басты құжаттағы жұмыстарды уақытылы жасағанын алға тартып әлекке түсті.

Еске салайық, Қазығұрт ауданындағы бес бірдей елдімекенге көгілдір отын осыдан 4 жыл бұрын берілуі тиіс болған. Бірақ жобалық жұмыста өрескел ақау жіберілген. Дәлірегі, газ жүйесіндегі 1,5 шақырым аралығындағы құбыр ұмыт қалған. Ал бұл үшін кезінде қазынадан қомақты қаржы -1 миллиард 300 миллион теңге қаралған. Тиісті сома игерілді делінген-ді. Ал қазірдің өзінде, жұмыс қайта жасалып, мәселе шешімін табуы үшін бюджеттен тағы да қосымша 49 миллион теңге бөлініп отыр.Нұрмахан Жолдасов

Нұрмахан Жолдасов, «Нұр Отан» партиясы ОҚОФ төрағасының бірінші орынбасары: «Шала атқарылған тірліктердің бәріне — мердігер мен қадағалаушы мекеменің өкілдері кінәлі. Ал енді қазір мердігермен сөйлесуімізге байланысты, 20-мамырға дейін аудандағы 5 ауылға газ толық беріледі деген келісімге келдік».

Әзірге келісім мен шешім осы. Жаңалықты естіген аудан жұрты бұл жолы қаралған қаржының тиісті мақсатта жұмсалып, көгілдір отынға қол жеткіземіз деп сеніп отыр. Айта өтейік, бүгінде Қазығұрт ауданында 64 елдімекен бар. Аудан әкімдігінің мәліметінше, қазір сол ауылдардың 40 пайызына газ берілген.