Ағаш отырғызу да бір ілім

6478

Көктемде жеміс ағашының көшеттерін отырғызамыз. Бірақ, бағбандар жеміс ағаштарын көктемде емес, күзде отырғызу жөн екенін айтады.


– Әдетте, жеміс ағаштарын көктемде отырғызып жатамыз. Бірақ, бұл мезгілде егілген көшет көп күтімді қажет етеді. Яғни, ағаштың тамыр жайып, жерсінуі үшін уақытылы суғару қажет. Әйтпесе, төккен тер еш кетеді. Ал бізде қалай? Аптасына бір-ақ рет су құйылады. Бұл дұрыс емес. Әрине «бұл көктемде ағаш егуге болмайды» деген сөз емес. Ең бастасы, күтім жасалса болғаны,- дейді бағбан Әбсаттар Мұхамеджанов.
Бағбанның сөзінше, жеміс ағаштарын, жүзімді күзде отырғызса, көктемге дейін тамыр жайып, жерсінеді. Күтімді де қажет етпейді. Күзде егілген көшеттердің 99 пайызы көгеріп, жеміс береді екен.

Ағаш жерсіну үшін оны егуге алдын ала дайындап алу қажет. Әбсаттар Мұхамеджановтың айтуынша, отырғызу үшін биіктігі 1,2-1,5 м болатын жас (2-3 жылдық) ағаштарды таңдаған жөн. Көшетті еккенде бірінші кезекте оның тамыры мен ұзындығына да мән беру қажет екен.

– Көшетті отырғызар алдын ағаштың орталық тамырын 1 см-ге дейін қырқу керек. Сондай-ақ, егер егілетін ағаш көшеті ұзын болса, оның артық бұтақтарын қысқартып, қырқып тастаған абзал. Әсіресе, астыңғы жақ шыбықтарын кесіп тастаңыз. Бұл ағаштың жақсы дамуына сеп, – дейді бағбан.
Айтпақшы, ағаш көшеті бой алып кетсін десеңіз:
– Тереңдігі 80-100 см болатын шұңқыр қазу керек;
– Оның түбіне қалыңдығы 8-10 см болатындай етіп, қиыршық тас, ұсақ тас, ірі қиыршақ тас, керамзит, уатылған кірпіш немесе басқа да ірі түйіршікті материал төселеді.


Содан кейін шұңқырға 3:1 есебімен көң араластырылған топырақ себеді. Оңтүстік топырағының құнары төмен. Көбіне саз топырақты болып келеді. Құрамында нәрлі заттар аз, сондықтан топыраққа малдың тезегін немесе басқа да химиялық тыңайтқыштарды араластыруға болады. Шұңқырға топырақты сепкеннен кейін, көшет отырғызуға болады. Өсімдікті отырғызу – істің жартысы ғана. Енді оған күтім жасау керек. Суаруға қолайлы болу үшін суару қуысын (ағаш діңінің айналасына) жасайды. Қуысты кем дегенде 30-45 күн бойы суару керек. Суару ағаш діңінің айналасындағы топырақтың кебуіне қарай жүзеге асырылады. Суару жиілігі мен мөлшері ауа-райына байланысты анықталады. Бағбан, ағаш отырғызылғаннан кейінгі бірінші жылы тек органикалық тыңайтқыштарды ғана пайдалануға кеңес береді. Айтуынша, минералдарды келер жылдары қосуға болады. Сондай-ақ, көктем-жаз айларында ағашты шыбын-шіркейден сақтау үшін дүкен сөрелерінде сатылатын химиялық қоспалармен бүріккен жөн.