Қала жастары үшін нақты ештеңе айта алмасақ та салт-дәстүрді үйренуді борышы санайтын, білгенін басқаға жеткізіп, насихаттап жүрген ауыл жастары да бар. Солардың бірі — Төлеби ауданы Нысанбек ауылына келін болып түскен Айдана Егеубаева.
Айдана – Нысанбек ауылының үлгілі келіндерінің бірі. Осы ауылға 21 жасында келін болып түскен. Ауылдың кәрісі де, баласы да оны жақсы көреді. Ол қазақтың әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрін барынша ұстанып қана қоймай өз қатарластарына насихаттайды.
Әңгімені әріден бастасақ. Айдана – қалада туып өскен қыз. Қазақ халқының көптеген дәстүрінен бейхабар болған. Дәм-тұз тартып ауылға келін болып түскен ол ұлттық құндылықтарымыз бен жөн-жоралғылардың барлығы аядай ауылда әлі күнге дейін жалғасып келе жатқанын көреді. Осылайша жас келіннің өмірі салт-дәстүрді сақтаған ауылға келін болып түскен сәтінен кейін мүлдем өзгереді.
«Бастаңғы беру», «Ерулік» дегендердің мән-мағынасын осы ауылға келгеннен кейін білдім. Бір күні апам бір жаққа қыдырып кеткенде «енеңнің басын таң» деп көршілер келді. Алғашында абдырап қалғаным бар, әрине. Бұл «апамыз аман-есен үйге оралсын» деген жақсы тілектің белгісі екен. Мән-мағынасын түсінгеннен кейін таза ниетпен келген көршілеріме ет асып, құрмет көрсеттім. Бәріміз апама ақ жол тілеп, сапары сәтті болсын деген ниетпен улап-шулап басымыз қосылды.
Бұл жоралғы маған өте ұнады. Өйткені әрқайсысымен етене танысып, туысқандай араласып кеттік. Үлкендер алыс сапарға кеткенде абысындар да жиналып, олардың аман-сау оралуы үшін «Абысын шәйын» ішеді екен. Мұның бәрін ауылдан көрдім. Мұны көріп өскен жастар, мысалы біздер, болашақ ұрпаққа қаз-қалпында жеткізетініміз анық».
Жас келіннің айтуынша, ол ауыл тіршілігіне бірден үйренеді. Әрбір әрекет оның қызығушылығын оятқан. Содан кейін жазуға бейімі бар Айдана салт-дәстүріміздің көріністерін инстаграмдағы парақшасына сала бастайды. Тек сурет жүктеумен шектелмей, сол фотоға қатысты түсінік жазба да қалдырып жүрген. Өз жазғаны мен суретіне қызығушылық танытатын адамдардың саны күрт көбейетінін мүлдем білмеген. Әр жазбасы кеңінен талқыланып, лайктаған оқырмандарының да саны артқан. Ол шынайы тұрмыстың жұртқа ұнайтынын түсінеді.
«Инстаграм парақшамды жүргізе келе адамдардың жасандылықтан шаршағанына көзім жетті. Өйткені пікірлерде инстаграмдағы боянған қыздардан, киген киімін, ішкен-жегенін, қайда жүргенін дәлелдейтін, өзін бақытты көрсеткісі келетін посттардан шаршаған адамдар көп болды.
«Нағыз қазақ ауылының шынайы өмірін көрсеткенің үшін алғыс айтамын» деушілер көбейді. Парақшамның ерекшелігі де осы шынайылықта. Күнделікті тіршілікті көрсеттім. Сол үшін де адамдарға ұнады. Мысалы, қой қырқып жатқан кез қандай керемет. Бүкіл ауыл жиналып, у-шу боп, қалжыңдасып жүріп шаруаны тындырып тастайды. Ондағы аура басқаша болады. Отбасылық жиындарда, мерекелерде абысындар жиналып, барлығымыз бауырсақ пісіріп және үлкен қазанға бір-бірімізбен жарыса қамырды салып жатқан кезден, апаммен бірге ішек-қарын тазалаған көріністерден суреттер жариялаймын.
Өзімді бақытты сезінген осындай сәтті оқырмандарыммен бөлістім. Сол себепті де оларға ұнады. Көптеген қыз-келіншектер осындай керемет құндылықтарымызды көрсетуден ұялатын сияқты. Себебі басында мен де ұялдым. «Ой, қаланың қызы еді. Ауылға күйеуге тиіп, істеп жүргенін қарашы» деген мазақ сөздерден қорықтым. Бірақ, бұл ұят емес екен. Бұл – нағыз бақыт, нағыз шынайылық екеніне көзім жетті. Барлық әрекеттің түбінде ағайын-туыстың басын қосып, береке-бірлікке шақыру жатқанын түсіндім. Сондықтан еш қымсынбай парақшама жарияладым», -дейді.
Дегенмен Айдананың суреттеріне жағымсыз пікір қалдырушылар да болған.
«Неге жаман халатпен суретке түсесіңдер», «Ішек қарын тазалап, ауылдың жаман суреттерін салуға ұялмайсың ба?», «Мына істеп жүргенің топастық қой» деген пікірлер де кездеседі. Алайда ақ келін оларға керісінше бұл әрекеттер ұят емесін, салт-дәстүрдің көрінісі екенін түсіндіруден шаршамаған.
Сөзіне қарасақ, шаршамайды да…
Кереғар пікірлер оны тоқтатқан жоқ. Өйткені ол әдет-ғұрыпты насихаттауды борышы санайды.
Айдана ене мен келіннің қарым-қатынасы жақсы болу үшін не істеу керегін кеңес ететін жазбалар жазады екен. Өзін жас әрі тәжірибесінің аздығын білсе де, апасымен ерекше жақсы тұруының құпиясымен бөлісетінін айтты. Бұл тақырыпқа қатысты посттарын #Айдананыңжазбасы хештегімен жариялайды екен. Оның жазбасының шынайылығын «жылап оқыдым», «келесі жазбаңызды асыға күтеміз» деген пікірлердің көптігінен байқауға болады. Мұндай пікірлерге Айдананың де көңілі босайтын көрінеді. Жас келіннің жазбалары адамның көңілін толқытып, жүрекке жетеді.
Айта кетейік оның шын өмірден сыр шертетін боямасыз жазбаларымен республикалық деңгейде өткен байқауда «Ең үздік жазушы ана» номинациясын жеңіп алған.
Тек жақсы қасиеттерімен көпті өзіне баураған Айдана таяуда өткен «Жақсы келін – ырысың» байқауында да бас жүлдені қанжығасына байлады.
Облыстық Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығы ұйымдастырған байқауға бүтін бір әулеттің намысын қорғап, бір шаңырақты шаттыққа бөлеп отырған, он саусағынан өнері тамған, ата-баба дәстүрі мен салтын сақтауда өзгелерден ерекшеленген 7 келін қатысты.
1.«Анамның әлдилеген ақ бесігі» бесік жырын орындау
2.«Салт-дәстүрім – рухани байлығым» Отбасылық салт-дәстүрімізге байланысты сұрақ-жауап
3.«Талантты болу — Тәңірден» өз өнерін көрсету
4.«Халқын сүйген – салтын сүйер» үй тапсырмасы, қолөнер
атты төрт кезеңнен тұрған байқауда ол оқ бойы оза шауып, ақылына көркі сай екенін көрсете білді. Ал II орын Әйгерім Бегалыға, III орын Айниса Нұрәліқызына бұйырды. Басқа қатысушылар да түрлі номинациялармен марапатталды. Өнері, білім-парасаты, киім үлгісімен көз тартқан үлгілі келіндер көктем көріктісі болып танылды.
Айдана осы жетістіктері үшін туғанынан үлгілі тәрбие берген ата-анасына, одан кейін туған қызындай қабылдап, көп нәрсені үйреткен, әлі де үйретері көп апасына (енесіне) алғысын айтады.Ең бастысы жан жарының разылығын алғанына қуанышты.
Айдананың тұрмысы тек үй шаруасымен, инстаграмға фото салып, пост жариялаудан тұрмайды. Ол салт-дәстүрді насихаттаумен қатар, екі баланың аяулы анасы. Үшіншісін күтіп жүрген асыл жар. Сонымен қатар, ауыл мектебінде математика пәнінен сабақ береді. Шәкірт тәрбиелеп, өскелең ұрпақты білім нәрімен сусындатып жүр.
Сөз соңында Айданадан жақсы келін болудың құпиясын да сұрадық.
Ол: «Келін деген түскен жеріне «бақытты болам» деп емес, «барған жерімді бақытты етемін» деп бару керек» дейді. Бұл оның ұстанымына айналуы қажет.
«Күйеуінің отбасын өз отбасыңдай қабылдап, сол әулеттің өсіп-өніп, тек жақсы жағынан көрінуі үшін атсалысып, сол үйдің шаңырағын биік ұстап, керегесін кеңейтемін деген мақсаты болу керек. Ата-енесін, жолдасын пір тұтып, ерекше құрметтеп сыйлауды санасына сіңіре білсе міндетті түрде жақсы келін болады», — дейді ол.
Отбасылық тәрбие мен әдет-ғұрыпты сақтап, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізудегі негізгі тұлға — келін. Сондықтан да қазақ қыздары жастайынан осы үлкен де жауапты міндетке асқан жауапкершілікпен қарауы керек. Қазақ келінінің бойынан табылуы тиіс инабаттылық пен ізеттілікті насихаттайтын Айдана сияқты қазақ келіндері көп болғай.
Жанерке Хумар
(суреттер кейіпкердің инстаграм парақшасынан алынды)