Бірінші лига командалары арасындағы ел біріншілігінде «Қыран» көш бастады

691

Бірінші лига командалары арасындағы Қазақстан біріншілігінде шымкенттік «Қыран» футбол командасы өз алаңында екінші тур ойынын өткізді. Жерлестеріміз Шығыс-Қазақстанның «Алтай» командасын қабылдады. Қажымұқан атындағы орталық стадионда өткен матчқа мыңға жуық жанкүйер жиналды.

Құрамы жас ойыншылардан тұратын қырандықтар үшін «Алтай»- мен матч үлкен сынақ болды. Шығыс Қазақстанның намысын қорғауға Шымкентке келген «Алтайдың» сапында тәжірибелі футболшылар басым. Бір қатары өткен маусымда Премьер-лигада сынға түскендер. Сол себепті оңтүстіктің ойыншыларына гол соғу қиынға соқты.

Ойынның 21-інші минутында қырандықтарға гол соғуға мүмкіндік туды. Абылайхан Махамбетов есепті ашты. Абылайхан екі матчта осымен үшінші голын соқты. Оған дейін Қазақстан Кубогы үшін жарыста дубль орындаған болатын.

Алтайлықтар таразы басын теңестіруге көшті. Алайда, оларға бүгін гол соғу бұйырмаған екен. Десек те, шымкенттік қақпашы Талғат Каленов бұл матчта әбден тер төкті.

Талғат Каленов, «Қыран» ФК қақпашысы: «Біз үшін ауыр ойын болды. Олар биылғы маусымда көш бастайтын командалардың бірі. Әр ұпай үшін күресіп жатыр. Бір-ақ, біз де осал емес екенімізді дәлелдей алдық деп ойлаймын»

Ойын соңына дейін есеп өзгермеді. Қырандықтар екі матчта алты ұпай жинап, жалпы командалық есепте көш бастап тұр. Ал, алтайлық қонақтар төртінші сатыға төмендеді.

Сарбиназ Алдабергенова