Күллі қазақ жаттап өскен дастан жаңа леппен сахналанды

548

Қазақтың Қыз Жібегі еліміз егемендік алғалы тұңғыш рет Шымкентке келді. Елордалық «Астана Мюзикл» театрының «Қыз Жібек» мюзиклін тамашалады. Құрылғанына екі жыл толған жас театрдың ұжымына ақ батасын беріп, сахна шымылдығын ашты.

«Қыз Жібек» көрермендер залында

Сахна төріне шығып халықпен сәлемдескен Меруерт Өтекешованы Оңтүстік жұрты орындарынан тік тұрып, асқан қошеметпен қарсы алды. Қазақтың «Қыз Жібегі» өнерді ерекше бағалайтын күнгейліктердің шынайы құрметіне  алғысын айтып, жас әртістерге сәттілік тіледі. Ақ адал махаббаты «Төлегені» — Құман Тастанбековпен бірге өткізген  өмірінен тәтті естеліктерін бір сәт еске алды.

Қойылымнан көрініс

Меруерт Өтекешова: «Қыз Жібек» дастаны маған өте қымбат. Өйткені Құман екеуміз өнер жолын осы «Қыз Жібектен» бастадық. Сол себепті де маған өте ыстық. Өнер жолымызбен қатар отбасылық жолымыз да ашылды. Кинодан кейін біз отбасын құрып, 47 жыл бірге өмір сүрдік. Бақытты болдық. Қазақ елінде бүгінгінің Төлегені мен Қыз Жібегі атандық. Құман тек менің ғана жүрегімде емес, бүкіл халықтың жүрегінде сақталып қалды. «Қыз Жібек» киносы арқылы бүкіл шетел біздің Қазақстанымызды білді. Яғни, біздің халық әндерін, киімдерін, аспаптарын дәріптейтін туынды болды бұл. Біз сонымен мақтанамыз. Халқымыз аман болсын, еліміз тыныш болсын. Жүрегімізден махаббат кетпесін деген тілек айтамын. Және «Астана мюзикл» театрының әртістеріне өнер жолында үлкен жетістіктерге жетсін деген тілек білдіремін».

«Астана мюзикл» театры сахналаған «Қыз Жібек» спектаклі басқаларына ұқсамайды. Мұндағы әр дыбыстың үні жанды, табиғи дауыс. Этно-фольклорлық мюзикл жанрының талабы осы. Бұған дейін шетелдік театр сахналарында да өнер көрсеткен әртістер күнгейліктердің алдында қобалжыды. Ал Қыз Жібектің мәңгілік махаббаты Төлеген де бұған дейінгі ел көрген Төлегеннен өзгеше.

Оразәлі Игілік, «Астана мюзикл» мемлекеттік театрының әртісі: «Бұл сахнаға бірінші шығуымыз емес. Біз Еуропа кеңістігінде де бұл қойылымды қойып келдік. Дегенмен шырайлы Шымкент қаласының көрермендерінің алдына шығу алдын қобалжудамыз. Қазақилықтың қаймағы бұзылмаған оңтүстік халқына өз өнерімізді барынша көрсетуге тырысамыз. Көрермендер де бізге қолдау көрсетеді деп ойлаймын. Халық осы кезге дейін Төлегеннің рөлін сомдаған мықты әртістерімізді көрді. Ағаларымның барлығы 30-дан асқан әртістер. Менің ерекшелігім жасымда деп айта аламын. Мен небәрі 24 жасымда Төлегеннің рөлін сомдап шықтым. Шымкент халқын қазақтың ұлттық өнерімен сусындай берсін, еліміз аман болсын, — деген тілек айтқым келеді».

Ал Бекежан батырдың рөліндегі жас әртіс Расул Усманов Асанәлі Әшімовтен бата алғанын айтады. Сондықтан болар оның өнеріне сүйсінетіндер көп екен.

Расул Усманов, «Астана мюзикл» мемлекеттік театрының әртісі: «Спектакльге дайындық кезінде белгілі тұлға Асанәлі Әшімов атамыз маған өз батасын берді. Сәттілік тілей отырып, бұл рөлдің ерекшеігін де түсіндірді. Осындай өнердің биік шыңына жеткен атамыздан бата алғаныма өте қуандым. Сондықтан маған жүктелген тапсырманы, халықтың жүрегіне жеткізу үшін барымды салдым».

Мюзиклдің басты ерекшелігі – әуелден симфониялық оркестрге түсірілген шығарманы қайта тамырына оралтып, этнофольклорлық аспаптарға түсіруі еді. Музыканың үні тірі, әртістердің дауысы жанды. Сондықтан да режиссер осы талаптарға ғана сай келетін әртістерді іріктеп алған.

Асхат Маемиров, «Астана мюзикл» театрының көркемдік жетекшісі: «Мюзикл әртісінің бірінші кезекте мықты актерлік шеберлігі болуы керек. Екіншіден оның вокалдық диапазоны актерлік шеберліктен төмен болмауы керек. Одан кейін хореография мен пластиканы меңгерген болуы шарт. Осы үшеуі жарасым тапқан кезде ғана мюзикл әртісі өзін сахнада кәсіби маман ретінде еркін сезіне алады. Осы ерекшелікке, осы талапқа сай келетін әртістер біздің театрда жұмыс жасайды. Басты кейіпкерлеріміз де талаптан шықты. Рухани жаңғыру бағдарламасы аясында «Жаһандағы заманауи Қазақстан мәдениеті» деген жоба да іске асты. «Астана мюзикл» театры Еуропада 2 апталық үлкен турне жасадық. Соның жалғасы ретінде біз Алматыдан бастап гастрольдік сапарға шықтық. Рухани құндылықтарды арқау еткен «Қыз жібек» лиро-эпостық поэма негізінде сахналанған этно-фольклорлық мюзиклмен келдік. Шымкентке жастарымыздың алғаш келуі».

Спектакльді бастан-аяқ «Астана сазы» этно-фольклорлық ансамблі сүйемелдеді. Қазақ халқының ұлттық өнер түрлерінің барлығы көрініс тапты. Атап айтсақ, жыраулық өнер, жоқтау, батамен қатар, халықтың әуезді әндері ұлттық бимен әрленіп, әдемі үйлесті. Төлегеннің өлімі мен Жібектің қайғылы тағдыры жанарларға жас үйірді. Күллі қазақ жаттап өскен дастан жаңа леппен сахналанып, көрерменін әсерге бөледі.