Мақтарал ауданының базарларында өртке қарсы су жеткізетін гидранттар жоқ

606
Мақтарал газеті

Бұдан былай Мақтарал ауданының базарларында санитарлық күн белгіленіп, өрт қауіпсіздігі қатаң қадағаланатын болады. Сондай-ақ, сауда орталықтарының 30 пайызға жуығы автотұраққа айналып, бағаның тұрақтылығы да қамтамасыз етіледі. Бұл туралы базар басшыларымен арнайы жиын өткізген аудан әкімі Жамантай Бейсенбаев мәлім етті, — деп хабарлайды Мақтарал ауданы әкімінің баспасөз қызметі.

Жиын барысында аудандық төтенше жағдайлар және санитарлық эпидемиологиялық қадағалау бөлімдерінің басшылары базарлардағы бүгінгі хал-ақуалды баяндап берді. Олардың айтуынша, аудандағы бірқатар базарларда өртке қарсы шараларға дайындық жұмыстары жүргізілмей отыр. Мәселен, аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Бахадыр Бекназаров өрт кезінде су жеткізетін гидранттардың «Күлпаршын» базарында ғана орнатылғандығын, сондай-ақ бұл құрылғы «Сапар» базарында енді ғана орнатылып жатқандығын айтты.

Бөлім басшысы көптеген базарларда сауда қатарларының ара қашықтығы жақын орналасқандықтан, өрт сөндіру көліктері тілсіз жау шыққан жерге жете алмайтындығын алға тартты. Осы ретте, сөз алған аудан басшысы базар басшыларын өрт қауіпсіздігінің талаптарын сақтауға және жабайы сауда нүктелерін жабуды, сондай-ақ, автотұрақ мәселесін ертерек шешуге шақырды. Сонымен қатар, мемлекет тарапынан берілетін түрлі жеңілдіктерді тиімді пайдалану үшін барлық құжаттардың заңды рәсімделуін тез арада реттеу қажеттігін ескертті.

«Бүгінде ауданымызда 12 базар халыққа қызмет етеді. Алайда, базарлардың өрттен қорғалуы, санитарлық жағдайы, сауда нүктелерінің ретсіз орнатылуы, автотұрақтардың аздығы, жабайы сауда сияқты мәселелер жоқ емес. Ал, гидранттар мен су хауыздарын орнату бойынша ұсыныс берілген, дегенмен нәтиже болмай отыр. Ең бастысы, базарға келушілер мен саудагерлердің кәсіптеріне ешқандай қауіп төнбеуі керек. Тауар сақтау қоймалары өрт шыға қалған жағдайда жауапкершіліктен қашпауы тиіс» — деп ескертті аудан басшысы Ж.Қанайұлы.

Мұнан соң сөз алған аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Сансызбай Сейдалиев базарлардың бас жоспары қайта жасалуы керектігін атап өтті. «Сауда қатарлары мен нүктелерінің орналасуы, оның кіріс-шығыс қақпасы, автотұрақ т.б. обьектілері бас жоспар бойынша бекітіліп, жасалынуы тиіс» — деді бөлім басшысы.

Жиынды қорытқан аудан әкімі алдағы уақытта базарларда аптаның 1 күнін «санитарлық күн» деп белгілеуді ұсынып, тиісті мекемелерге заңдылығын анықтауды тапсырды.