Түркістанда әкімдік тұрағындағы шенеуніктердің қызметтік көліктері көпті ашуға булықтырды 

626

Түркістан облысы әкімдігі алдындағы автотұраққа қалай болса солай қойылған шенеуніктердің қызметтік көліктері көптің ашуын тудырды.

Көліктерді видеоға түсіріп алған жергілікті белсенді Әлқожа Балқожаев бейнежазбаны ТікТок парақшасында жариялады.
Шенеуніктерге тиесілі бірнеше көлік мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған жолаққа қойылған. Бұны көрген белсенді дереу полиция шақырған көрінеді.

«Мынау әкімдіктің қызметтік көлігі, мүгедектерге арналған жолаққа қойылған. Ал мынау көлік мүмкіндігі шектеулі жандар көліктен арбамен түсуге арналған орында тұр… Мына кісіге екі хаттама толтырасыз ғой. Үшіншісі көліктің алдыңғы әйнегі бойынша… Бұлар бізге заң жүрмейді деп ойлайды-ау деймін»,-дейді автор.

Осы сәтте тағы екі көліктің рұқсат етілмеген орынға қойылғанын байқауға болады. Ал үшіншісі жолдың ортасында тұр. Белсендінің айтуынша, мемлекеттік нөмірі KZ 371 АА 13 бұл көлік әкім орынбасарының қызметтік көлігі. Осы сәтте шенеуніктің жүргізушісі өзі түстеніп келе жатқанын айтып, полиция қызметкерінен айыппұлды басшысына емес, өзіне салуды сұрайды.

«Өткендегідей нөмірді жұлып шешіп алмай, «порталмен» алып кетіңіздер. Мазақ ете бермесеңіздерші, онсыз да ашынып жүрген халық, ызасын тудырмаңыздар! Неше көлік көрдік? 5-6 машина, дұрыс па?… Мына жаққа қара халықты кіргізбейді, бұл жер олар үшін қолжетімсіз. Бірақ байларға бола береді. Түркістан облысында 2 заң бар ма? Еш түсінбедік. Ана жақтан кірейін десең, орын жоқ деп айтады. Ал бірақ байларға рұқсат… Тәртіп жоқ мұнда. Тек шекпенділерге арналған. Тұрақтың өзінде бассыздықтар болып отыр. Дұрыс па полицей?»,-дейді Әлқожа Балқожаев.

Белсендінің бұл сөзін тәртіп сақшысы құптайды.

Видеоны көрген желі қолданушылары заң – бәріне ортақ екенін алға тартты.

«Дұрыс. Біз қойсақ, бірден айыппұл жазады», «Заң – бәріне ортақ», «Халыққа осылай көрсету керек», «Осы полицейлер мұны күн сайын көреді ғой», «Рас, қара халық әкімдік алдына кіре алмайды да ғой», «Зор ұстады», «Тәртіпті өздерінен бастасын», «Заң жай ғана қара халық үшін» деп жазды желідегілер.

Түркістан облыстық Полиция департаментіндегілер бейнежазбадағы жайт бойынша Түркістан қаласы патрульдік полиция қызметкерлері жедел әрекет етіп, ереже бұзған автокөлік жүргізушілерін анықтағанын хабарлады.

«5 көлік жүргізушісіне Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 597-бабымен, оның ішінде бір көлікке 2 баппен (597, 590-баптарымен) хаттама толтырылды»,-деді ведомстводағылар.