«Мадлен» Халықаралық кофе күнін атап өтті

508

«Мадлен» кофеханасы Халықаралық кофе күнін атап өтті. Кофе білгірлерінің байқауын ұйымдастырды. Әлемдегі ең керемет сергітер сусынның тың түрінің таныстырылымын өткізді. Кофехана желісінің келушілері кофені талғаммен ішіп, керемет кеш өткізуге мүмкіндік алды.

Ғажайып қасиеттер мен күш қуат сыйлар сусын. Жер шарындағы адамзаттың басым бөлігі әрбір таңын осы сусынмен қарсы алады. Бұл кофе. Халықаралық кофе күнін «Мадлен» кофехана кондитерлік желісі ерекше атап өтті. 20 жыл бұрын дәл осы «Мадлен» кофеханасына дәмі ерекше кофе шымқалалықтар мен қала қонақтары үшін керемет кофе әзірлеуді бастады.

Шырын Әділова, «Мадлен» кофехана кондитерлік желісінің маркетологы: «Кофеқұмарлардың дені кофенің көптүрлілігі туралы біле де бермейді. Біздің кофеханада 30 — дан астам кофе түрі бар. Біз қонақтарымыздың назарын осыған аударғымыз келді. Сондықтан да кофенің бұрын дәмін татпаған тың түрін ұсындық».

Эспрессо, американо, капучино, латте осылай тізбектеліп кете береді. Компания қызметкерлері ерекше байқау ұйымдастырды. «Отырар» телеарнасы мен «Мадленге» келушілер сайысты. Қос команда да кофенің мұндай көптүрлілігіне таң қалысты. Шарт бойынша екі команда да көзді жұмып ұсынылған кофенің атауын табу керек болатын. Кофенің атауын дәміне қарап анықтау оңайға түспеді. Хош иісті кофені талғап ішетіндерді танымал кофе сұрыптарын саралатып сынады. Дәл тапқандар да болды.

Артем, қатысушы: «Мен мұндай байқауларға бірінші рет қатысуым. Қобалжыдым, күтпеген жағдай болды. Өз командама бірінші ұпайды алып келдім. Ащы дәмді қантсыз кофені ішіп, эспрессо екендігін дәл таптым».

Кофеталғампаздарының байқауында қос команда тең түсті. Бұл «Мадлен» ұсынған кештің бір бөлігі ғана. Одан соң қонақтарды тәнті еткен сифондағы кофенің әзірлену барысы болды. Қысымның әртүрлілігіне байланысты кофе жоғарыдан төмен түсіп бұрқылдайды. Сөйтіп сиқырлы сусын дайын болады.

«Мадлен» кофехана кондитерлік желісі жыл сайын кофе күнін атап өтуге ерекше дайындалады. Ұйымдастырушылар «Мадленге» келушілерді ары қарай да тартымды тартуларымен таң қалдыра бермек.