Мешіт салудың ережесі

3030

Осыдан 5 жыл бұрын Қостанай облысында екі мешіт ғимаратының сатылымға қойылғаны туралы ақпар тарап, естігенді елең еткізген еді. Содан бері жылжымайтын мүлік сату-сатып алу жарнамаларын жариялайтын отандық сайттарда арагідік «Мешіт сатылады», «Мешіт ғимараты сатылады» деген хабарландырулар шығып жүр. Халық арасында «Алланың үйін сатуға қоюға болмайды» деген пікірлер жиі айтылғанымен, мешіттерді сатылымға шығару толастамай тұр. Мұны ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаевтың сөзі де растайды. Аталған ведомствоның кеңейтілген алқа отырысында министр Ермекбаев: «Кейде мешіт салу сәнқойлық болып саналады. Ал мешіттің имамы болмауы немесе оны ұстап тұрудың жергілікті халыққа ауыр тиетіні назарға алынбайды. Салдарынан кей жерлерде мешіт ғимараттары тіпті сатылымға қойылып жатыр» деп айтып салды. Министрдің сөзінше, еліміздегі 84 мешіт қаңырап бос тұр екен.

Елімізде барлығы 2500-ден астам мешіт бар. Бұл мешіттердің бәрі де «Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы» Республикалық ислами діни бірлестігінің филиалы ретінде тіркеледі. Республика аумағында барлығы 18 діни конфессия мен 3658 діни бірлестік тіркелген болса, соның ішінде ислами бағытта жұмыс істейтіні – «Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы» Республикалық ислами діни бірлестігі. Яғни, ҚМДБ – қоғамдық ұйым. Ал ҚМДБ-ның облыс-облыстарда өкілдіктері бар. Жылжымайтын нысан ретінде Әділет департаментіне тіркелген мешіттердің бәрі де ҚМДБ-ның филиалы ретінде танылады. ҚМДБ-ның қарауына өтеді. Мүфтият мешіттің жұмысын жүргізеді, имамын тағайындайды, кіріс-шығысын қадағалайды.

Мешіт салу даңғазалық па?
Оңтүстік Қазақстан облысы Қазақстан бойынша мешіт саны жөнінен көш бастайды. Облысымызда ҚМДБ-ның филиалы ретінде тіркеуге алынған 824 мешіт бар. Себебі неде? ОҚО дін істері басқармасына қарасты «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» МКМ директорының орынбасары Мәди Бесбаев мұны былай түсіндіреді:
«Біріншіден, Оңтүстікте халық тығыз қоныстанған. Біздің облыста 3 миллионға жуық тұрғын бар. Екіншіден, басқа облыстармен салыстырғанда діншілдік деңгейі жоғары. Діни иммунитеті жағынан салыстырғанда Оңтүстік Қазақстан едәуір алда. Мешіттердің көп болуы – халықтың қажеттігіне байланысты болып отыр. Аудан-ауылдарды жиі аралаймыз. Мешіттердің көбі жұма күндері жұмыс істейтінін көреміз. Өйткені, халық жұма күні мешітке жиналады. Ал бес уақыт намазға жамағаты ғана жиналады. Оңтүстікте мешіттердің бәрі де жұмыс істейді», -деген директор орынбасарының сөзін аталған орталықтың дінтанушы маманы Медет Халықовтың келтірген деректері де растайды.
Оңтүстік Қазақстан облысы тұрғындарының 93%-ы ислам дінін ұстанады. 6,9%-ы христиан дінін ұстанса, қалғаны басқа діни ұстаным өкілдері. Ал республика халқының арасында ислам дінінің жалпы үлесі – 70% шамасында.

Өңірдегі мешіттердің саны жағынан Сарыағаш, Сайрам, Мақтарал аудандары мен Шымкент қаласы алдыңғы төрттікке кіреді. Соның ішінде Мақтарал мен Шымкентте салынып жатқан мешіттердің үлесі жоғары. Әйткенмен, мешіттердің көптігі даңғаза әрекеттен туындап отырғаны да айтылып қалады. Аталған орталықтың қызметкері Мәди Бесбаев бұған қатысты пікір білдірді.

Мәди Бесбаев, «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» МКМ дирек-торының орынбасары:
–Бізде мынадай тенденция қалыптасып кетті. Атасының атына мешіт салдырады. Мешіт салған адам ертең оны ҚМДБ меншігіне беріп отыр. «Менің атамның мешіті» деп бөлектеп отырған жоқ. Егер де даңғазалық ниет болса, оны бермес еді. Ауылдарға кездесулерде «ауылда мешіт бар болса, онда көпір салайық, мектеп салайық, аурухана салайық, спорт алаңшаларын салайық» деп адамдарға пайдалы дүниелерді жасау мәселесін көтеріп жатқан жайымыз бар. Мұнда ескеру керек бір нәрсе — мешіт салу үшін жергілікті атқарушы органнан рұқсат алу керек. Барлық рұқсатын алған соң, барып тіркейді. Ал бізде көбінесе мешіт салып қойып, сосын тіркетіп жатады. Бұл дұрыс емес. Қазір мешіт салудың да өз тіркеу тәртібі бар. Салынған мешітті ҚМДБ-ның өкілдігі тіркемейді. Алдымен мешіт салатын демеуші оны Әділет департаменті мен дін істері басқармасына тіркетеді. Мешіт салынып біткен соң, демеушісі өкілдікке тіркейді. Әйтпесе, мешіт қараусыз қалады.

«Мешіт салу қиын емес, бірақ…»
Алдағы уақытта мешіт салу ісі бір жүйеге келтіріледі. Мүфтият мешіт салудың типтік үлгісін әзірлеп жатыр. Бұл туралы ҚМДБ төрағасының орынбасары, наиб мүфти Бауыржан Есмахан мәлімдеді. Оның сөзінше, қазір мешіт салу қиын емес екен. «Уәкілетті органмен келісіп, рұқсатын алса, алты айдың, ұзаса бір жылдың ішінде 100-500 кісілік мешіт салуға болады» деген ол бар жұмыс тек мешіт салумен аяқталмайтынын айтады.

Бауыржан ЕСМАХАН, ҚМДБ-ның төраға орынбасары, наиб мүфти:
– Мешіттің типтік үлгісін, жобасын, ережесін жасап жатырмыз. Бәрін алдын ала зерттейміз. Сол елдімекенге, не қалаға мешіт қажет пе? Егер сол жерде басқа мешіт жоқ болса, онда мешіт салуға рұқсат береміз. Көбісі мешіт салынғанда тек қана мешіттің негізгі намаз оқитын залына ғана көңіл бөледі. Бірақ, пайғамбарымыздың хадисінде «Дәрет – намаздың кілті. Намаз – жұмақ кілті» деп айтылған. Сондықтан мешітте адамның намазға дайындалатын, тазалық жасайтын орны да болуы керек. Әйтпесе, зәулім мешіт салып, бірақ жұрттың тазалығына көңіл бөлінбесе, жағдай жасалмаса, болмайды. Сондықтан мешіт салынбас бұрын соның бәрі қарастырылады. Және мешітке тек ер кісі емес, әйел кісілер де келеді. Мұны да ескеру керек. Жұма күні мешіт жанында көлік кептілісі басталады. Кейбір жерде мешіттер бар, әп-әдемі, барлық жағдайы жасалған, бірақ автотұраққа орын қарастырылмаған. Басқаға кедергі келтірмеуіміз керек. Мешіт салынбас бұрын осының бәрі есептелетін болады. Тағы бір жайт – мешіт салынатын елдімекендегі тұрғын саны. Ережеге мұны да кіргіземіз. Мысалы, адамның саны, қазір дөп басып айта алмаймын,елдімекенде мұншама тұрғын бар болса, онда бір ғана мешіт салынады. Болды. Басқа мешітке рұқсат етілмейді. Әйтпесе, бір ауылда 500-1000 адам тұрады. Бірнеше мешіт бар. Екінші бір ауылда 2000-3000 адам тұрады. Мешіті жоқ. Сол үшін егер азамат: «Мен мешіт салғым келеді. Ауылым бар, міне» десе, ал ол ауылда екі-үш мешіт бар, жеткілікті болса, онда біз: «кешірерсіз, сіздің негізгі ниетіңіз сауап алу болса, мына көрші ауылға мешіт салып беріңіз, ол жерде мешіт жоқ» деп айтамыз. Мешіт салудың типтік үлгі ережесін осы талаптарды қою үшін уәкілетті органмен бірлесіп әзірлеп жатырмыз. Сосын жергілікті уәкілетті орган сол ережеге қарап, рұқсат береді.

Наиб-мүфтиден естіп білгеніміз – типтік үлгіге сол мешітке кімнің имам болатыны туралы ереже де енгізіледі. «Имамның кім болатыны мешіт салынбас бұрын қарастырылуы керек» деген Бауыржан Әбдірашұлы сауатты имам болмаса, мешіттің жұмысы жүрмей қалуы мүмкін екенін айтады.

Жәнібек Нұрыш