Музей мен галерея. Айырмашылығы қандай?

978

Бүгінде көркемсурет өнеріне қызығатын жастардың қарасы көбейіп келеді. Өз туындыларынан көрме өткізгісі келетін қылқалам шеберлері де бар. Алайда көрмені қайда және қалай ұйымдастырудың жолдарын біле бермейтіндері қаншама. Облыстық бейнелеу өнері музейінде кімдердің көрмесі қандай талаптармен өткізілетінін сұрап білдік.

Бейнелеу өнері музейінде 4 зал бар
Биыл Облыстық бейнелеу өнері музейінің ашылғанына 3 жыл. Музейдің 4 залы бар. Ең үлкен залдың аумағы — 646 шаршы метр. Мұнда суретшілердің көрмесімен қатар мәдениет басқармасының, халық шығармашылық орталығының және ішкі саясат басқармасының іс-шаралары да ұйымдастырылады.
«Жылына 100-ге жуық іс-шара өтсе, соның 40-тан астамы тек көрме болады»,- дейді облыстық бейнелеу өнері музейінің директоры Айнабек Оспанов.
Кәсіпқой суретшілердің алғашқы легі Шымкентте 1938-39 жылдары пайда бола бастаған.
Екінші залда Ғани Иляев, Қасымбек Нұрбеков сияқты шеберлердің жұмыстарынан жинақталған тұрақты экспедициялық көрме жасақталған. Үшінші залда Қазақстанның белгілі суретшілерінің 67 туындысы жинақталған. Төртінші зал — шыны залы деп аталады. Бұл залда бір немесе екі күндік көрмелер және шеберлік сыныптары өткізіледі екен. Сату көрмелерімен қатар фотокөрмелері де өткізіліп тұрады.
«Фото да өнердің бір саласы. Шыны залындағы көрмелерге келем деушілердің барлығы билет алмай-ақ келуге болады», — дейді Айнабек Мыңжасарұлы.

Айнабек Оспанов, облыстық бейнелеу өнері музейінің директоры:
– Қазір музейде 1500-ге жуық өте құнды туынды бар. Барлығы Мәдениет және спорт министрлігінің тізіміне енеді. Үкіметтің меншігі болып саналады. Бұл қордан бірнеше томдық кітаптар шығаруға әбден болады. Шет елдерге барғанымызда 1500-дей ғана қорымыз бар деп айтсақ, олар таң қалып жатады. Бұл аз көрсеткіш емес екен. Сондықтан бар жоғы 3 жылдық тарихы бар біздің музей үшін бұл жақсы көрсеткіш болып тұр. Ғылыми бөлім 1500 шығарманың әрқайсысын жеке зерттейді. Картиналармен қоса, олардың авторларын да анықтап, ақпарлар жинайды. Ал, ақпараттық бөлім сол көрмені ұйымдастырумен айналысады. Сонымен қатар, алаңда зал қараушылар және суретті түсіндіретін экскурсоводтар жұмыс жасайды. Сондай-ақ шаруашылық, қаржы бөлімдері де өздеріне тиесілі жұмыстарын атқарады. Музейдің галереядан айырмашылығы — ол суретшінің сурет қоятын алаңы. Сонда көрермен жинап, картинасын сатады. Қалған картинасын алып кетеді. Яғни, галереяның негізгі қоры болмайды. Ал, музейдің қоры болады. Және меншік иесі — мемлекет. Музей деген қорды жинақтаушы, сақтаушы, зерттеуші, насихаттаушы мекеме, ғылыми зерттеу институты болып табылады.


Мұнда көрме өткізілу үшін алдымен барлық ақпараттар мәдениет басқармасында жинақталады екен. Яғни, биыл қандай белгілі, одаққа мүше суретшілердің, мәдениет қайраткерлерінің мерейтойлары болады. Сол бойынша басқармадан тапсырма келеді. Берілген тапсырмаға сәйкес музей қызметкерлері сол адамдармен жұмыс жасайды.

Айта кететін бір жағдай, мұнда өткізілетін көрменің барлығы тегін ұйымдастырылады екен. Суретшілердің шақыру билеттерін, үлкен баннерлерін, жасап, оны ешқандай ақысыз іліп беру жұмыстарының барлығы музей тарапынан тегін жүргізіледі. Қысқасы суретшіден ешқандай шығын шықпайды. Бұл да болсын қылқалам шеберлеріне деген қолдау, қуаттау болса керек.


Осындай ілтипаттан болар, суретшілер көрме аяқталғаннан кейін өздерінің бірнеше туындысын музейге сыйға тартады екен. Музейдегі қордың жұмысы алдымен сыйдан, сосын сатып алудан құралады. Музей қоры сотпен тәркіленген заттармен де толығып отырады екен.

«Алайда музейге кез келген жұмысты қабылдай бермейміз» деген Айнабек Оспанов өз құны, бағасы бар жұмыстар алынатыны да айтып өтті.

Дегенмен музей құндылықтарды жинаушы, соны насихаттаушы мекеме болғандықтан, оның талаптарына сай емес көрмелерді өткізбейді екен.
– Біріншіден, саяси тұсынан талаптарымызға тура келмесе бас тартамыз. Екіншіден, біздің алаңымыз өте үлкен. Еден мен шатырдың арасы биік болғандықтан кейбір адамдар 30-40 суретімен көрме өткізгісі келеді. Бізде аз суретті көрсететін зал жоқ. Көркемдік құны кәсібиліктен сәл төмен болса, онда кішігірім галереяға баруға кеңес береміз. Галереяда көрмесін өткізгісі келетін суретшілерге қойылатын талаптарымыз да бар.
Біріншіден: безендірілуі дұрыс болу керек, екіншіден: таза болу керек,
үшіншіден: жұмыстарының саны 90-нан 150-ге дейін болған дұрыс. Бізде 260 шаршы метрлік екінші зал бар. Ол залда өткізу үшін картина саны 70-тен кем болмау керек. Сосын 205 шаршы метр тағы бір зал бар. Ол жерде өткізу үшін жұмыс саны 60-тан кем болмаған абзал. Сондай-ақ уақытқа байланысты белгілі суретшілердің көрмесінен бас тартатын кездеріміз болады. Өйткені Халықаралық деңгейдегі қылқалам шеберлерінің жұмысы 30-дан 45 күн аралығында ел назырына ұсынылуы керек. Мысалы жақында ғана Қырғызстанның белгілі суретшісі Жолдошбек Қазақбаевтың көрмесінен өткен жылы бас тарттық. Себебі уақыт тығыз болды. Ол кезде келсе 1 апта ғана тұратын еді. Сонымен сол кісілермен келіссөз жүргізе келе осы жылға қойған болатынбыз. Міне қазіргі таңда Қазақбаевтың көрмесі болып жатыр. Наурыздың соңына дейін жалғасады.

Қырғызстан табиғатын таныстырған көрме
Облыстық бейнелеу өнері музейінің 646 шаршы метрлік үлкен залында Қырғызстан Республикасы Суретшілер Одағының және Халықаралық «Әлем халықтары өнері» қауымдастығының мүшесі, пейзаж саласының шебері, Халықаралық дәрежедегі белгілі суретші Жолдошбек Қазақбавтың жеке шығармашылық көрмесі 1 наурыздан бастап өтіп жатыр. «Менің жүрегім тауда» деп аталатын көрмеге қылқалам шеберінің 1150-ден астам жұмысы қойылған. Басым бөлігі Қырғызстан табиғатын таныстыратын картиналар.
— Тамаша табиғаттың шынайы бейнесін халыққа паш ету үшін тау-тасты кезіп кетемін,-дейді өнер иесі.
Ол сюжетті-тақырыптық сондай-ақ пейзаждық және натюрморт жанрларында да суреттер салады. Ерекше қолтаңба иесінің көрмесін тамашалағандар оның туындыларындағы бояудың да айрықша екенін айтады.
Бұл — Қырғызстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қайраткерінің Оңтүстікте өтіп жатқан алғашқы көрмесі. Бұған дейін Америкада, Еуропа, Орта Азия елдерінде де өткізілген. Алғашқы күннен-ақ тамашалаушылардың көптігіне сүйсінген Қазақбаев өнерді бағалайтын ортаға келгеніне қуанышты. Сондай-ақ қазақи дәстүрмен қарсы алып, иығына шапан жауып, көлдей көңілін танытып жатқан оңтүстікқазақстандықтарға зор алғысын жаудырды.

Жанерке ХУМАР