Энергетиктер Түркістандағы электр тарату желілерінің 40 пайызын жаңартып үлгерді. Бұл игі шараны «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС-нің өкілдері жүзеге асырып отыр. Қазір аталмыш компания өзінің 2016-2022 жылдарға арналған инвестициялық бағдарламасы аясында бүкіл облыс төңірегінде жаңғырту жұмыстарын көктем шыға салысымен қайта жалғастыруға кірісті. Оның ішінде әсіресе, еліміздің рухани астанасы Түркістан ауданына көбірек көңіл бөліп отыр.

Сәуір айының алғашқы күнінен бастап-ақ Түркістан ауданында жаңғырту жұмыстары қайта жалғасын тапты. Қазір «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС-нің өкілдері Аша ауылына жаңа темір бетонды бағаналар тартып, желі жүргізбекші.

Ғани Қойшиев, «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС-і Түркістан аудандық электр желілері мекемесінің бас инженері: «Шорнақ ауылдық округіне қарасты Аша ауылында инвест бағдарлама бойынша жұмыстар атқарып жатырмыз. Аша ауылында КТП 40 подстанция трансформаторы тұрған. Бүкіл 4,2 шақырым электр желісі ауыстырылып, 233 тозығы жеткен бағаналар темір бетонды бағаналарға ауыстырылады».

Айта кету керек, «Оңтүстік Жарық Транзит» компаниясының Түркістан аудандық электр желілері қазір 6 бірдей елдімекенде жаңғырту жұмыстарын жалғастыруда. Тек желілер ғана емес, трансформаторлар да жаңартылып жатыр. Кезең-кезеңімен жүргізілетін инвестициялық бағдарлама аясында биыл бұл өлкеде 9 су жаңа трансформатор орнатылмақшы.

Ғани Қойшиев, «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС Түркістан аудандық электр желілері мекемесінің бас инженері: «10 кВт желінің 6 шақырымы ауысады. ВЛ 0,4 желілері 8,5 шақырымы ауыстырылады. 9 дана жаңадан трасформаторлар қойылмақ. СИП бойынша 18,64 шақырым, оның ішінде 363 темір бетонды бағаналар ауыстырылады.

Қазір энергетиктер Түркістан ауданы бойынша электр тарату желілерінің 40 пайызын жаңартып үлгеріпті. 2022 жылға дейін жалғасатын инвестициялық бағдарлама аясында тағы 40 пайызы жаңғыртылмақ. Қалған 20 пайызына күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіледі. «Оңтүстік Жарық Транзит» компаниясының бұл игі тірлігіне жергілікті халық дән риза.

Айта кету керек, «Оңтүстік Жарық Транзит» компаниясының инвестициялық бағдарламасы бойынша биылға жоспарланған бұл жұмыстар күзде аяқталады деп жоспарланып отыр.

Мақсат Жақсыбайұлы