Бүгін Оңтүстік Қазақстан облысындағы «Қажымұқан» cпорт алаңында қызмет істері органдарының 20 жылдығы мерейтойы қарсаңында ұйымдастырылған спартакиаданың ашылу салтанаты өтті.
Жарысқа қатысушыларды ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің ОҚО бойынша департаментінің басшысы Ә.Көмекбаев пен облыс әкімі аппаратының басшысы Әуелхан Тұрғымбеков құттықтап, сәттілік тіледі.
«Мемлекеттік қызмет – әрбір мемлекеттің қалыптасуы мен дамуының басты негізі екенін ескерсек, Елбасымыз кәсіби мемлекеттік аппарат құруды көздеген Ұлт жоспарын енгізгелі 3 жылға жуық уақыт өтті.
1999 жылы елімізде алғаш рет «Мемлекеттік қызмет туралы» Заң қабылданып, мемлекеттік қызметтің конкурстық моделі қалыптасты. Осыдан бастап, мемлекеттік қызмет ұдайы жетілдірілу үстінде. Ендігі меже дамыған 30 елдің қатарына қосылу болса, бұл белесті бағындыруға жоғары деңгейлі мемлекеттік аппарат қажет. Әрбір мемлекеттің жарқын болашаққа қарай жасаған қадамы мен ілгері дамуы мемлекеттік қызметшілердің қызметіне тікелей тәуелді. Кәсібилікті қамтамасыз ету тұрғысында, мемлекеттік қызметшілердің әлеуетін дамыту үшін барлық жағдайлар жасалуда»,-деді Ә.Көмекбаев.
Спорттық жарысқа 84 мемлекеттік органның 1200-ге жуық әкімшілік қызметшілері мен құқық қорғау қызметінің өкілдері қатысып, олар волейбол, шағын футбол, гір көтеру, жүзу, арқан тарту, үстел теннисі сынды спорттың 6 түрінен сайысқа түседі.
Қазіргі таңда облысымызда мемлекеттік қызметшілердің 50 пайызға жуығының мемлекеттік қызметтегі өтілдері 10 жылдан асады. Осылайша қызметшілер мемлекеттік қызметте тұрақтанып, нәтижелі қызмет атқаруда.
Ал мансаптық модельдің басты қағидаты — мемлекеттік қызметшінің жеке сіңірген еңбектері мен жетістіктерін мойындау болса, облысымыздағы қызметшілердің мансаптық өсу деңгейі 80,5 пайызға жетіп отыр. Бұл – мемлекеттік қызметшілерді қызмет бабында ілгерілетудегі ашықтық пен әділдік қағидаттарының шынайы айғағы.
Сонымен бірге, Ұлт жоспарына сәйкес, органдарда ағымдағы жылдың басынан бастап мемлекеттік қызметшілердің еңбегіне ақы төлеудің пилоттық жаңа жүйесі енгізілді. Дәлірек айтқанда, әрбір лауазымның мемлекеттік қызмет жүйесіндегі ролі мен тиімділігі есепке алына отырып, факторлы-баллдық деген шкала бойынша жалақы есептелуде. Бұған қоса, қызметшілерге жыл қорытындысымен ерекше қосқан үлестері мен жеке бастамалары үшін қомақты бонустар төленеді.
Осылайша, Елбасымыз мемлекеттік қызметтің маңыздылығын Ұлт Жоспарының кәсіби аппарат құру бағытымен одан әрі арттыра түсті.
ОҚО әкімінің баспасөз қызметі