Зейнет жасына жинақтайтын қаржыны үнемі тексеріп тұру қажет. Мамандар осындай кеңес береді. Неге дейсіз бе? Кезінде зейнетақы жарналары дұрыс аударылмаған зейнеткерлер, бүгінде қиналып жүр. Бірінің — аударымы аз, екіншісінің «пенсионкасы» дұрыс аударылмаған.
Бұл бейнетінің зейнетін көретін шағында атай мен әжейлердің алатын зейнетақы сомасы әжептеуір қысқарады деген сөз. «БЖЗҚ» АҚ мамандары осындай олқылықтардың алдын алу үшін зейнетақы аударымдарының дұрыс, әрі уақытылы түсуін қадағалауға шақырады.
Ерікті аударым+жалақының10%-ы«БЖЗҚ» АҚ ОҚО филиалының бөлім басшысы Әбдімұрат Исабаевтың айтуынша, жинақтаушы қордың қатысушысы болып табылатын әрбір азамат өзінің қордағы аударымдарын тексеріп тұруы керек. Бұл — түрлі олқылықтардың алдын алуға және болашақта алатын зейнетақы мөлшерін арттыру жолдарын қазірден бастап ойластыруға мүмкіндік береді.
Қорға аударылып жатқан ақшаның жай-күйін үзінділерді алу арқылы білуге болады. Үзінді ақысыз, яғни тегін беріледі. Ал егер БЖЗҚ-ға келуге мүмкіндік болмаса, үйде отырып-ақ, компьютер не телефон арқылы да ақпаратқа қол жеткізе аласыз. Бірақ бұл үшін бізге жеке куәлікпен келіп немесе web — сайт арқылы өтініш беріп, логин-парол алуға мүмкіндігіңіз бар. Сосын сол паролді енгізу арқылы қорға қашан, қанша теңге көлемінде аударым жасалып жатқанын біле аласыз. Егер де жұмыс беруші тиісті аударымдарды жасамаса, құзырлы органдарға шағымдануға болады, -дейді Әбдімұрат Исабаев.
Маман халықты қорға ерікті түрде аударым жасауға да шақырады. Айтуынша, кез келген адам, жұмыс істесін не істемесін, қорға ерікті түрде аударым жасай алады. Айтпақшы, осы жылдың бірінші қаңтарынан бастап зейнетақы заңнамасына енгізілген өзгерістерге сәйкес, зейнетақы қорындағы жинақталған қаржы 404 940 теңге немесе одан кем болса, бірден төленеді. Ал бұл соммадан асқан барлық жинақталған қаржы коэффициентке сәйкес ай сайын төленеді. Бұл 2013 жылғы ҚР Үкіметінің қаулысы негізінде жүзеге асырылады. Оның мөлшері — 15 273,36 теңгеден кем болмайды.
Ескеретін тағы бір жайт, егер қордағы сома 9 500000 теңгеден асса,
әйелдер шамамен 69 953,03 теңге,
ерлер шамамен 77 405,77 теңге алады.
Ал егер зейнеткер қайтыс болса, «қалған қаржы қайда кетеді?» деген сауалымызға маман былай деп жауап берді:
Зейнетақысын алып жүрген не зейнет жасына жетпей қайтыс болған азаматтың қорда қалған қаржысын мұрагерлері толық ала алады.
1 аударым – 1 айлық еңбек өтілі
Өмір болған соң түрлі жағдайлар орын алатыны сөзсіз. Мәселен, жақында ғана редакциямызға бір зейнеткер хабарласты. Өте ашулы. Ашуланатын себебі де жоқ емес. Айтуынша, 1998 жылға дейін 20 жыл еңбек өтілі бар. 1998 жылдан бері қарай тағы да 13 жыл жұмыс істепті. Алайда жұмыс беруші мекеме зейнетақы салымдарын дұрыс аудармаған. Яғни, 3 айдағы аударымды біріктіріп 1 айда аударған. Салдарынан 13 жыл еңбек өтілі 6 жыл болып шыға келіпті. Талай табалдырықты тоздырған әже жұмыс істеген 7 жылын дәлелдесе де, сол жылдар үшін зейнетақысына ақша қосылмағанына қапалы.
Әбдімұрат Исабаевтың сөзінше, 1 аударым — 1 айлық еңбек өтілімі болып табылады. Егер де 3 айдың немесе 6 айдың зейнетақы аударымы 1 айда жасалса, ол 1 айлық еңбек өтілі болып табылады. Сондықтан аударым жасаған кезде өте мұқият болу керек екен.
— Бізде жеке кәсіпкерлер бар. Олар 3 ай не 6 айда аударым жасайды. Арасында бір жылдық «пенсионкасын» бірден аудара салатындар да бар. Аударым жасап жатқан кезде міндетті түрде аударымның қай айға жасалып жатқанын көрсеткен жөн. Сонда ғана осындай келеңсіз жағдайлар орын алмайды,-дейді маман.
Бұл бір ғана мысал. Жұмыс берушінің аударымдарды дұрыс жасамағанынан зардап шегіп жүрген мұндай жандар қаншама десеңізші. Мәселен, Жанар Асқарқызы (аты-жөні өзгертілген) есімді келесі кейіпкеріміз, 70 мың теңге жалақы алатынын айтады. Алайда басшысы өзіне ғана белгілі себептермен оның айлығын 35 мың теңге деп көрсетіп, аударым жасайтын көрінеді. 5-6 жылдан кейін зейнетке шығатын кейіпкеріміз зейнетақы мөлшері аз болатынына алаңдаулы. Бірақ, басшыға қарсы шығуға қорқатынын жасырмайды. Себебі, жұмыссыз қалғысы келмейді. Үй-ішін, бала-шағасын асырайтын бір өзі ғана.
«Отырар» телеарнасындағы «Жаңа күн» сазды-ақпартты бағдарламасының тікелей эфиріне хабарласқан бір көрермен анасының көше сыпырушы болып жұмыс істейтінін айтты. Айтуынша, анасы жалақы алады, бірақ, «пенсионка» жүрмейді-міс.
Жасыратыны жоқ, арамызда жалақысынан зейнетақы аударымдарын ұстамайтынына разы болып жүргендер де бар. Олар жалақысының толық қолына тиетінін көңілге демеу қылады. Десек те, мамандар бүгінмен ғана өмір сұрмеу керегін айтады. Себебі, келешекте зейнеткерлікке шыққандарға қазіргідей мемлекет тарапынан зейнетақы төленбейді-міс. Олар тек базалық зейнетақымен қорда жинақталған қаржысын алып отырады. Сондықтан да БЖЗҚ мамандары қорға неғұрлым көп ақша жинақтауға шақырады.
Әбдімұрат Исабаев, «БЖЗҚ» АҚ ОҚОФ бөлім бастығы:
– БЖЗҚ зейнетақы шотын мына жағдайларда пайдалана аласыздар: Зейнет жасына толған уақытта, мерзімсіз I-II топты мүгедек болып қалған кезде, Қазақстаннан тыс жерлерге көші-қон аударған жағдайда, зейнетақы аннуитетін иеленген жинақтары жеткілікті болған кезде, мұрагерлікпен қалса, егер жазатайым дүниеден өтсе, бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы жинақтар мұрагерлік жолмен беріледі.
1 шілдеден басталатын өзгеріс
2018 жылдың 1 шілдесінен бастап базалық зейнетақыны тағайындау әдістемесі өзгереді. Жаңа тәсілге сай, ол зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне байланысты тағайындалады.
2018 жылдың 1 шілдесінен бастап базалық зейнетақы еңбек өтіліне қарай есептеледі. Бұл дегеніміз — жинақтаушы зейнетақы қорына жиналған зейнетақы жарнасы ескеріледі. 1998 жылдың қаңтарына дейінгі де, кейінгі де еңбек өтілі есепке алынып, 6 пайызға өседі, – дейді Әлеуметтік төлемдерді ведмствоаралық есептеу орталығының ОҚОФ директорының орынбасары Несібелі Қаражанова.
Түсінгеніміз еңбек өтілімі мүлдем жоқ немесе 10 жылдан кем болған зейнеткерлерге — 15 274 теңге (ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54%) көлемінде зейнетақы тағайындалады.
Еңбек өтілі 10 жылдан асса, әр жыл үшін 2% үстеме қосылады. Егер еңбек өтілі 20 жыл болса, ең төменгі өмір сүру деңгейінің 74%, ал 30 жылға 94 пайызы көлемінде тағайындалады. Жалпы еңбек өтілі 33 жыл болса, базалық зейнетақы мөлшері ең төменгі өмір сүру деңгейінің 100% көлемінде беріледі, – дейді маман.
Төмендегі кестеге назар салыңыз:
10 жылдан кем — 0,54 ЕКД (15 274 тг — 2018 ж)
11 жыл — 0,56 ЕКД (15 840 тг — 2018 ж);
12 жыл — 0,58 ЕКД (16 405 тг — 2018 ж);
13 жыл — 0,60 ЕКД (16 971 тг — 2018 ж);
14 жыл — 0,62 ЕКД (17 537 тг — 2018 ж);
15 жыл — 0,64 ЕКД (18 102 тг — 2018 ж);
16 жыл — 0,66 ЕКД (18 668 тг — 2018 ж);
17 жыл — 0,68 ЕКД (19 234 тг — 2018 ж);
18 жыл — 0,70 ЕКД (19 799 тг — 2018 ж);
19 жыл — 0,72 ЕКД (20 365 тг — 2018 ж);
20 жыл — 0,74 ЕКД (20 931 тг — 2018 ж);
21 жыл — 0,76 ЕКД (21 496 тг — 2018 ж);
22 жыл — 0,78 ЕКД (22 062 тг — 2018 ж);
23 жыл — 0,80 ЕКД (22 628 тг — 2018 ж);
24 жыл— 0,82 ЕКД (23 193 тг — 2018 ж);
25 жыл — 0,84 ЕКД (23 759 тг — 2018 ж);
26 жыл — 0,86 ЕКД (24 325 тг — 2018 ж);
27 жыл — 0,88 ЕКД (24 890 тг — 2018 ж);
28 жыл — 0,90 ЕКД (25 456 тг — 2018 ж);
29 жыл — 0,92 ЕКД (26 022 тг — 2018 год);
30 жыл — 0,94 ЕКД (26 587 тг — 2018 ж);
31 жыл — 0,96 ЕКД (27 153 тнг -2018 ж);
32 жыл — 0,98 ЕКД (27 719 тг — 2018 ж);
33 және жоғары — 1 ЕКД (28 284 тг — 2018 ж).
Ал енді зейнетақының неге негізделіп және қалай есептелетінін біле отырайық.
Мәселен, әйел 20.04.2018 жылы жасына байланысты зейнетке шықты делік. 1.01.1998 жылға дейін 17 жыл 4 ай жұмыс істепті. 3 жылда (36 ай кез-келген) оның орташа айлық табысы 120 000 теңгені құраған.
Есептейік!
Орташа жалақының мөлшері АЕК 46% аспауы керек. Ол үшін 46-ны АЕК көбейтеміз. 46*2405=110630 теңгеге тең болады. Шыққан сома орташа жалақының 60% көбейтіледі. 110630 т *60%=66378 т. Енді осы сома жалпы еңбек өтіліміне көбейтіліп, әйелдер үшін белгіленген (20 жыл -240 ай) еңбек өтіліміне бөлінеді.
Біздің жағдайда: 66378 т * 208 (17 жыл 4 ай) / 240 = 57528 т. Бұл жасқа байланыс-ты тағайындалатын толық емес зейнетақы мөлшері. Оған ең төменгі күнкөріс деңгейін 15274 теңгені қосылады. Сонымен 72802 теңге көлемінде зейнетақы тағайындалады.
Несібелі Қаражанова, Әлеуметтік төлемдерді ведмоствоаралық есептеу орталығының ОҚОФ директорының орынбасары:
– 1 шілдеден бастап еңбек өтiлiн санаймыз. 1998 жылға дейiн жиналған еңбек өтiлi мен 1998 жылдың 1 қаңтарынан кейiн зейнетақы жүйесiне зейнетақы жарналары аударылған кезеңдер есептеледi. Осы екеуiн қосып, жиынтық еңбек өтiлiн шығарамыз. Еңбек өтiлi көп азамат сәйкесiнше жоғары зейнетақы алады.
Енді 2018 жылдың 1 шілдесінен бастап базалық зейнетақыны есептеу өзгереді. Соған сәйкес, 1.01.98 жылға дейінгі еңбек стажына 1.01.98 жылдан кейінгі еңбек стажы қосылады. Біздің жағдайда 1.01.98 жылға дейінгі 17 жыл 4 айға 1.01.98 жылдан 20.04.2018 жылға дейінгі аралық қосылу керек. Ол 20 жыл 3 ай 19 күнге тең. Ынтымақты және БЖЗҚ қатысушысы ретіндегі еңбек өтілімі 37 жыл 7 ай 19 күнге тең болды.
1.07.2018 жылдан бастап бұл әйелдің базалық зейнетақысы ЕКД 100% құрайды. Себебі оның еңбек өтілі 33 жылдан асады. Яғни, 28884 теңгеге тең. Енді 57528 (жасқа байланыс-ты тағайындалатын толық емес зейнетақы мөлшеріне) +28284 (базалық зейнетақы) теңге қосылады. Жалпы 1.07.2018 жылдан бастап о әйел кісінің ай сайын алатын зейнетақысы 85812 теңгені құрап отырады. Яғни, бүгінгі күні 72802 теңге алып жүрген әйел енді 1 шілдеден бастап 85812 теңге алады.
Осыған қарап отырып-ақ, адам неғұрлым көп жұмыс істеп, БЖЗҚ есепшотына үзбей аударым жасалып тұрса, оның зейнетақысы да көбірек болатынын аңғаруға болады.
Светлана Жақыпова, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау вице-министрi:
— Бүгiнгi таңда елiмiзде орташа зейнетақы көлемi — 56 мың теңгенi құрайды. Ал базалық зейнетақы көлемi өзгергеннен кейiн орташа зейнетақы мөлшерi 71 мың теңгеге өседі. Бұл 35-40 жыл еңбек өтiлi бола тұра, төмен зейнетақы алатындар үшiн әлеуметтiк әдiл шешім. Қазақстанда зейнетақы жүйесi үш деңгейден тұрады, бiрiншi деңгей — барлығына бiрдей мөлшерде төленетiн базалық зейнетақы, оның көлемi 14 мың 466 теңгенi құрайды. Екiншi деңгей — ынтымақты зейнетақы, ол еңбек өтiлiне байланысты төленедi. Оны толық көлемде алу үшiн 1998 жылғы 1 қаңтарға дейiн әйелдерде 20 жыл, ер адамдарда 25 жыл еңбек өтiлi болуы тиiс. Үшiншi деңгей — 10 пайыздық зейнетақы жарналары есебiнен төленетiн зейнетақы жинақтау жүйесi. Бұл жарналарды Қазақстан азаматтары 1998 жылғы 1 қаңтардан жинақтаушы зейнетақы қорына аудара бастаған.
P. S: Оншақты жылдан кейін зейнетақы жүйесінде тағы қандай өзгеріс болатыны белгісіз. Десек те, үмітімізді үзбей, белден қуат, аяқтан әл азаятын күндерге ақшаңызды жинақтай беру артық болмас, сірә. Ерік өзіңізде, әрине.
ЕСКЕРТУ: Базалық зейнетақыны қайта есептеу кезінде ешқандай құжаттар қабылданбайды. Барлық мәліметтер базада толық сақталған. Зейнетақы дұрыс есептелмеді деп оны қайтадан есептетуге болмайды. Бұл өзгертілмейді.
Айжан ЕРМЕКҚЫЗЫ