Сарыағаш ауданындағы Ақылбексай су қоймасы сынақтан өтуде

1080
Облыс әкімі Ақылбексай су қоймасында

Осы аптада облыс әкімі Жансейіт Түймебаев Сарыағаш ауданына  жұмыс сапары барысында Ақылбексай су қоймасында  болып, мүмкіндіктерімен танысты. Тапсырыс беруші «Қазсушар» РММ ОҚОФ директорының орынбасары Тоқтамыс Молдағалиев нысанға қатысты барлық мәліметті  әкімге баяндады.

Тоқтамыс Молдағалиев

Тоқтамыс Молдағалиев, «»Қазсушар» РММ ОҚОФ директорының орынбасары: «Ақылбексай су қоймасында  2014 жылы бастауын алған құрылыс жұмыстары биыл ақпанда аяқталды. Қазіргі таңда мұнда сынақ жұмыстары жүргізілуде. Келер жылдан бастап су жинауға кірісеміз. Сыйымдылығы 25 млн. текше метр. Қоймаға су Келес өзенінің Ошақты каналынан аққан су жиналады. Қойма келер жылы толықтырылса, Сарыағаш ауданы Бірлік ауылындағы 1 мың 600 гектар су қосымша сумен қамтылады. Және  қосымша 2 мыңдай гектар  жер алқабы қолданысқа енгізіледі».

Өңір басшысы  Ақылбексай су қоймасы  пайдалануға берілгеннен кейін  егістік жерлер ұлғаятынын атап өтті. Және де шағын кәсіпкерлікті дамыту қажеттігін де дөп басып айтты.

Жансейіт Түймебаев, облыс әкімі

Жансейіт Түймебаев, облыс әкімі: «Су мол жиналса шағын және орта бизнесті дамытуға   керемет мүмкіндік. Мәселен, Еуропада 10-15 гектар жерге жүзім егеді де, шарап зауытын қойып жұмыс істейді. Осылайша Италия, Франция, Грецияда жасайды. Бізде солай жасауымыз керек».

Қайрат Әбдуәлиев, Сарыағаш ауданының әкімі: «Егерде бұрын 8 мың гектарда жеміс жидек өссе, қазір 2 жарым  гектарды құрайды. Күн сәулесі жетеді, су бар. Инвесторлар қызығушылық танытуда. Қарқынды баудың көлемі жылдан жылға   артуда».

Әкім нысандағы агрегатты іске қосты. «Қазсушар»  РММ Сарыағаш өндірістік бөлімінің аға инженері Саттар Керімбаев  су қоймасының жұмысына он маман жауапты дейді. Суды жинау  вегитация жұмысы аяқталған кезеңде қазан айында басталады екен.  Қазіргі таңда стратегиялық маңызды нысанның күзетін қамту мәселелері шешілуде.

Айта кететін жәйт, сарыағаштық дихандар Ақылбексай су қоймасының күрделі жөндеуден өткенін  көптен күткен еді. Енді міне, келер жылдан бастап егін егемін деген  ауылдағы ағайынға үлкен мүмкіндік туып тұр.