Шымкент — жасыл қала. Мәртебесіне лайық болуы үшін әр жылы шаһарда жыл сайын көгалдандыру жұмыстары қолға алынады. Осы мақсатта «Шатқал» бағдарламасы аясында облыс орталығында сай-салаларды саябаққа айналдыру шаруасы атқарылып жатыр. Бір жыл бұрын басталған жоба сәтті орындалып жатыр ма? Шатқалдарға отырғызылған ағаш көшеттерінің қазіргі жай-күйі қалай? Бізді де қызықтырғаны осы сауалдар еді.
120 000 түп ағаш егіледі
Шымкент аумағында ірілі-ұсақты сай-салалар жетерлік. Өкініштісі, кейбір пысықайлар сол шұңқырларды қоқыс тастайтын аймаққа айналдырған-ды. Мұны байқаған облыс әкімі Жансейіт Түймебаев сол жерді абаттандырып, желегі жайқалған саябаққа айналдыру-ды қолға алды.
Былтыр жалпы аумағы 74 гектар жерде: «Самал», «Шымсая», «Юнус Эмре», «ОҚО мәслихат депутаттары», «Нұр Отан» атты 5 шатқал құрылды. Екі кезеңнен тұратын жоспарлы жұмыс шеңберінде осы шатқалдарға жалпы есеппен 55 мың түпке жуық шырша, емен, айлант, үйеңкі, шаған, боз арша, аққайың, қарағаш көшеттері отырғызылыпты.
Қала әкімінің орынбасары Бейсенбек Жанбосыновтың айтуынша, бағдарлама аясын кеңейту мақсатында шатқалдардың саны толығып, жетеу болды. Кейіннен құрылған екі шатқалға уақытша «Қ. Балабиев» пен «Н.Әбіш, Р.Оспанәлиева» есімдері берілген. Өйткені, бұл шатқалдар азаматтардың демеуімен ашылды.
Осылайша жалпы аумағы 124 гектар жерді саялы баққа айналдыру жұмыстары басталып та кетті. Өткен жылы 79 120 түп ағаш егілсе, биыл тағы 120 000 көшет отырғызу жоспарланған.
– Шатқалдарды жасыл желекке оранған саябаққа айналдырып, ел игілігіне бермекпіз. Бұл сол маңайда тұратын тұрғындар үшін өте ыңғайлы болмақ. Саябақта отбасымен серуендейді. Таза ауамен тыныстайды. Сондай-ақ, мұнда мәдени кештерді ұйымдастырып, ашық аспан астындағы амфитеатр қою жоспарымыз бар,-дейді қала әкімінің орынбасары Бейсенбек Жанбосынов.
600 миллион теңге бөлінді
Бос жатқан сай-саланың қоқыс алаңшасына емес, саябаққа айналғаны жақсы, әрине. Бұл мақсатқа қыруар қаржы да қаралған. Мәселен, биыл ағаштарды егіп, оларды күтіп-баптауға 600 млн теңге бөлініпті.
Дегенмен, шымкенттіктер бұл бастаманың шарапатын жақын күндері көрмейтін сыңайлы. Неге дейсіз бе? Себебі, қалалық тұрғын үй және коммуналдық-шаруашылық бөліміндегілер отырғызылған ағаш көшеттері жерсініп, өскіндердің 80-90 пайызы жайқалып тұр деп сендіргенмен, шатқалдарды аралау барысында мұны байқай алмадық. Ондағы ағаштардың көбісі әлі бүршік те жармаған. Жапырақ жайған бірен-сараны қурап тұр.
«Депутаттар» шатқалының сұрқай шырайы
Мәселен, «Депутаттар» шатқалы. Мұндағы шырша мен боз аршалар сарғайып кеткен. Егілген ағаш көшеттерінің көптен бері суғарылмағанға ұқсайды. Түбіндегі құрғап, кепкен топырақ қақ айырылған. Байқағанымыз мұнда көшеттерді суару үшін тамшылатып және бүркіп суғару жүйесі жүргізілген. Қып-қызыл ақшаға келген заманауи құрылғылардың еш әжетке жарамай тұрғаны өкінішті-ақ. Жолдары да ойдым-шойдым. Жыра-жыра болып, айырылып жатыр.
Тағы бір байқағанымыз – топыраққа отырғызылып, осы күнде сән түзеп бастауы тиіс ағаш көшеттерінің бумасы жерде шашылып жатыр.
Қолда бар мәліметте дәл осы «Депутаттар» шатқалында атқарылып жатқан жұмыстар жайлы: «10 гектар жерге айлант, қарағаш, катальпа, терек, жиде, тұт егелген. Ағаш түбінің саны — 15050. Барлық көшеттердің түбіне көң тасталып, органикалық тыңайтқышпен дәріленген. 12800 метр болатын тамшылатып суғару жүйесі жүргізілді. 4 тік суғару ұңғымасы қазылды. 1 дана трансформатор орнатылған. Жолдары тегістелді. Күтіп баптау жұмыстары тұрақты жүргізілуде» деп жазылған. Осылайша, қағаздағы ақпар мен шынайы көрініс сәйкес келмейді.
Үш шатқалдағы қызу тірлік
«Самал» шатқалында да болдық. Мұндағы жағдай көңіл көншітерлік. 38 гектар жерді алып жатқа аумақта «ЛТД-Тұрмыс» мекемесінің қызметкерлері аяқтан тік тұрып, қызу жұмысқа кіріскен. Бірі — ағаш көшеттерін егіп жатса, екіншілері газонды тегістеуде. Басқалары арамшөптерді жұлып әлек. Байқағанымаз, мұнда емен, айлант, үйеңкі, шаған, боз арша, аққайын, қарағаш егілуде.
Ал бұған дейін егілген үйеңкі, емен, шаған, шынар, қарағаш, сексеуіл, қараған, жылауық тал мен арша, қарағай калифорниялық теректер жапырақ жайып, қылтиып тұр.
Келесі кезекте «Тассай» тұрғын алабындағы «Шымсая» мен соның жанында орын тепкен «Юнус Эмре» шатқалдарын араладық. Мұнда да жұмыс қыза түскен. Шатқалдардың аумағы кеңейтіліп, қоршау жұмыстары жүзгізіліп жатыр. Көшеттерді тамшылатып және бүркіп суғару үшін тік ұңғыма қазылуда. Бұл жұмыстар аяқталғанша, мұндағы егілген көшеттердің сусыз тұрмасына кім кепіл?!
300 гектар жер жасыл желекке оранады
Айтпақшы, бар шатқалдарды күтіп-баптап үлгіре алмай жатқанда, әкімдік шатқал санын арттыруды жоспарлап отырған көрінеді. Яғни, «Нұрсәт» шағынауданындағы «Қасірет» мемориалы маңында, «Қайтпас-2» жанындағы «Атшабар» маңына, «Бозарық», «Бозарық-2», «Таскен» тұрғын алаптарындағы және Алматы-Ташкент бағытындағы сай-салаға «Шатқал» бағдарламасы аясында көшеттер отырғызу жоспары бар.
Осылайша, 7 шатқалды («Самал», «Шымсая», «Юнус Эмре», «ОҚО депутаттары», «Нұр Отан», «Қ.Балабиев», «Н.Әбіш, Р.Оспанәлиева») қоса алғанда, жалпы аумағы 300 гектар жер жасыл желекке оранбақ. Бірақ бұл жоспар ғана. Әзірге тек 124 гектар жерді игеру көзделіп отыр екен.
Айта кетейік «Самал», «ОҚО депутаттары», «Нұр Отан», «Қ. Балабиев», «Н.Әбішев, Р.Оспаналиева» шатқалдарының күтіп ұстау жұмыстарына Шымкент қалалық тұрғын-үй коммуналдық-шаруашылық бөлімі жауапты. Ал «Шымсая» шатқалының тазалығын облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы жүргізеді. «Юнус Эмре» шатқалы Шымкент қалалық құрылыс бөлімінің мойнында.
Жандос Оспанов, Шымкент қалалық тұрғынүй коммуналдық-шаруашылық бөлімінің көріктендіру секторының меңгерушісі:
– Бүгінге дейін ағаштарға суару жүйесін жүргізу үшін сыйымдылығы 25 текше метрлік 26 су сақтайтын ыдыс қойылды. Сол ыдыстардың 7-і және тік су ұңғымасының 5-і «Самал» шатқалында орнатылған. Мұндай тік су ұңғымасының әлі 12-і бар. Одан бөлек 51 шақырым жерге тамшылатып суару жүйесі жүргізілген. 4 трансформатор тартылған. Ағаштарға тәулік бойы үзіліссіз су жіберіліп отырады. Бұл жұмыстармен шатқалға жауапты мердігер компания айналысады. Былтырдан бері бұл жұмыстар «ЛТД-Тұрмыс» мекемесінің мойнында болған. Ертең «тендерден» кейін бұл жұмыс кімге тиесілі болатыны анықталады.
Айтпақшы, өткен апта соңында «Бірге жарқыраймыз!» фестивалі аясында «Самал» шатқалына 80 мың жеміс ағашы отырғызылды. Ондағы мақсат – экологиялық мәдениетті насихаттау арқылы Шымкент аймағын түрлендіру және бір мезетте Қазақстанның оңтүстігін органикалық таза жеміс өнімдерімен қамтамасыз ету. Іс-шараға қатысқан ОҚО әкімі Ж.Түймебаев қоршаған ортаны сақтаудың маңыздылын түсіндіріп, барлық қатысушыларға сәттілік тіледі.
«Шымкент – Қазақстанның ең жасыл қалаларының бірі. Біздің сүйікті қаламызда саябақтар мен гүлзарлар көп. Бұған қоса өңірімізде бірегей «Шатқал» бағдарламасы жүзеге асырылуда. Ол бағдарлама мегаполисіміздің айналасында жасыл белдеу қалыптастыруға мүмкіндік береді. Дәл қазір біз осы бағдарлама аясында бой көтерген қаладағы 11 саябақтың бірінде тұрмыз. Алдағы уақытта осындай саябақтар дамып, Шымкент жасыл қала атауын одан әрі нығайта түседі деп сенеміз», – деді Жансейіт Қансейітұлы.
Айжан ЕРМЕКҚЫЗЫ