Шетелде оқу – қиын емес …

8647

Мектеп бітіруші түлектердің мемлекеттік емтихан мен ҰБТ сынағынан бөлек бас ауыртары – мамандық пен университет таңдау. Мұндайда Қазақстанның білімін азсынғандар немесе сапалы білім алуға ұмтылғандар шетелдік оқу орындарын таңдай алады. Талпынса, сол жақта да тегін білім бар. Шетелдік оқу орындарына қалай тегін оқуға түсуге болады? Қандай құжаттар қажет? Қайда барып, кімнен сұраймыз?

Шетелдік гранттар жайлы ақпарат беретін орталық
Әрі-бері сұрастыра келе білгенім – түлектерді шетелдік оқу орнына түсіру, шетелдік гранттарды үйлестіру бойынша арнайы жұмыс істейтін мемлекеттік бөлім немесе мамандар жоқ екен.
Иә, замандас, бұл ретте бар салмақ өзіңе түспек. Мен де ізденуге кірістім. Тәжірибеме сүйене отырып айтарым – шетелге оқуға түсіру жұмыстарымен айналысатын ақылы компаниялардың қызметіне бірден жүгінуге асықпа. Басқа да жолдары бар екен.
Облыстық «Жастар ресурстық орталығына» барғанымда, ондағылар «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ шет елдерге 10 мың білім грантын ұсынып жатқанын айтты. Осы орталықтың bolashak.gov.kz сайтына кіріп, қазір қандай елдерге құжаттар қабылдау жүріп жатқанын көрсетті.
Сонымен «Халықаралық бағдарламалар орталығы» биыл 9 мемлекетпен келісімшартқа отырып, байқау арқылы гранттар ұсынады екен.
Олар: Мажарстан (Венгрия), Қытай, Польша, Вьетнам, Беларусия, Қырғызстан, Тәжікстан, Украина және Ресей. Бір өкініштісі, қазір тек екі елге: Польша мен Ресейдің ЖОО-ына құжат қабылдау жүріп жатыр, басқа елдерде осыдан 1-2 апта алдын аяқталыпты.

Тегін оқудың талаптары
Шетелдік студенттерге оқу гранттарын ұсынатын елдердің өз талаптары мен өлшемшарттары бар. Мысалы, орта білім туралы аттестаттың орташа балы 4,5-5 ұпайдан кем болмауы керек. Оқитын елдің тілін аз да болса білу қажет. Ағылшын тілін біліп жатсаң, өзіңе тиімді.
Конкурсқа қатысу үшін келесі құжаттарды ұсыну керек:
Еркін нысандағы шетелде оқу үшін негіздеме-өтінім (қазақ немесе орыс тілінде, күні – құжат тапсыру күні);
Жеке куәлік;
Ағылшын тіліндегі уәждемелік хат (қажет болғанда);
Қазақстан Республикасының шетелге оқуға шығушы азаматының толтырылған сауалнамасы.
Шет тілін меңгеруді растайтын сертификат (қажет болғанда);
082/у нысанындағы медициналық анықтама;
Грамоталар, сертификаттар, дипломдар, алғыс хаттардың көшірмелері, (бар болғанда);
Ұсыныс хаттар, (бар болғанда);
Білім туралы мемлекеттік үлгідегі құжаттың көшірмесі (салыстыру үшін түпнұсқалар ұсынылмаған жағдайда нотариалдық куәландырылған).

Құжаттар топтамасы қабылдаушы елдің талаптарына сәйкес толықтырылуы мүмкін.
Польша елінің мамандықтар тізімін www.nawa.gov.pl , http://go-poland.pl/ru/higher-education-institutions
ал Ресей Федерациясына тегін түсуге болатын 33 оқу орны туралы bolashak.gov.kz сайтынан білуге болады.

Ресейлік университеттер 10 мың грант ұсынады
Ресейлік университеттердің барлығының сайтында «Қазақстандық абитуриенттерге» деген арнайы бөлім бар. Сонда талаптары және құжаттар тізімі көрсетілген.
Ресейдің 33 университеті Қазақстан жастарына 10 мың грант бөліп отыр екен. Мысалы www.abiturient.utmn.ru сілтемесіне өтсек, Тюмень Мемлекеттік Университетінің сайты ашылады. Сайттағы бакалавриат бөлімінде қазақстандықтарға арналған парақша бар. Талаптары мен қажет құжаттарынан бөлек, қандай транспорт, қай кезде, қай күндері жүретіні, бағасы көрсетілген. Онлайн-өтінім қалдыруға болады.
Ресейде білім алуды ұсынатын сайттар, жеке меншік компаниялар көп.
Солардың бірқатарының сайты мынадай: studyinrussia.ru, abiturient.tsu.ru, russia.study.
Ресей демекші, шымкенттік Елизавета Корякина ресейлік жоғары оқу орнына құжат тапсырған. Ол қаладағы №9 лицейдің бітіруші түлегі. Ол әуелде көш басындағы шетелдік университеттердің біріне оқуға түскісі келіп, ақпарат жинай бастайды. Бірақ «Ресейге оқуға түсемін» деп шешеді.

Елизавета Корякина, 11-сынып оқушысы:
– Көмекшім – google болды. Қаншама сайтты қарап, бір-бірімен салыстырдым. Соңында unistudy.kz сайты арқылы Санкт-Петербург Политехникалық университетін таңдадым. Бұл – Ресейдегі көшбасшы оқу ордаларының бірі. Болашақ мамандығым – pr-менеджер, жарнамашы және маркетолог. Өтініш білдіргенім сол-ақ еді, бірден хабарласып, қажетті құжаттар тізімін және қандай сынақтар тапсыруым керегін айтты. Тек қана жеке куәлігімді сұратты. Оқу орнының өкілдері өздері келіп, орыс тілі, ағылшын, математика және қоғамтану пәндері бойынша емтихан қабылдап алды. Бар болғаны осы. Болашағым жарқын болатынына сенемін. Қатарластарыма ештеңеден қорықпай, әрекет етуге кеңес беремін. «Шетелде тегін оқуға болады» деген сөз аңыз – арман емес екен.

Айта кететіні, Ресей оқу орындарына түсу үшін ҰБТ сертификаты қажет емес. Құжаттар 2018 жылғы 13 сәуіріне дейін қабылданады.

Германияда оқығың келсе, әзірден тіл үйрен
Елизавета дұрыс айтады, амалын тапса, тегін оқуға мүмкіндік көп. «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ-ның сайтынан жоғарыда айтылған мемлекеттерден бөлек, Германияның 180, Францияның 53, Норвегияның 7, Чехияның 24, Грецияның 24 университетінің тізімін табуға болады. Әр университеттің сайтында қандай жағдайда грант немесе шәкіртақы ұсынылатыны айтылған. Әр оқу орнының сайтындағы ақпараттар ағылшын тілінде жазылған. Оқып, танысуға болады.
Замандас, «бұл елдердің университеттеріне оқуға түсу бізге қайдан бұйырсын?» деп ойлайтын шығарсың. Бірақ мұндай қорытынды шығаруға асықпа. Осы орайда Германияның университетіне оқуға түсіп, қазір Көкшетауда белгілі компанияда еңбек етіп жүрген Серік Солдатхан жайлы айта кетейін.
Серік – «ауыл баласы шетелге оқуға түсе алмайды» деген пікірді бұзып, арманына жеткендердің бірі. Ол Ақмола облысының Аршалы ауданына қарасты ауыл мектебінде оқыған.

Серік Солдатхан, «КАМАЗ» Инжиниринг компаниясының инженер-конс-трукторы:
– Ауылымызда жүзге жетпейтін шамада үй болды. Соған сай мектепте де бала саны аз болатын. Неміс тілі оқытылған жоқ, ал ағылшын тілі бағдарламада болғанмен, ұстаз тұрақтамады. 2007 жылы 11-сыныпты аяқтап, Астанаға бардым. Қалаға келгенде немісше бір ауыз сөз білмедім. Бірақ Германияға оқуға түсу арманым болған соң, ақша тауып, үнемдеп, тіл курсына жазылдым, бос уақытымды тиімді пайдаланайын деп неміс қоғамдық бірлестіктеріне қосылдым. Курстармен қатар, кітап оқи бердім. Осылайша, бір жарым жыл ішінде неміс тілін бір адамдай меңгердім. Араға тағы жарты жыл салып, Дортмунд қаласындағы университеттердің біріне шәкіртақымен оқуға түсіп, машина жасау маманы атанып шықтым. Шетелге барып, білім алғысы келетін түлектер үшін бірінші кеңес – уақытты жүйелеп, тіл курсына жазылу керек. Курстан тыс, әлеуметтік желіге кететін уақытты интернеттегі тегін тіл сабақтарына жұмсаған абзал.

Бұл тек бір оқиға, білімі мен табандылығының арқасында шет ел асып, білім алғандар қаншама?
Достар, егер мұндай мүмкіндіктер туралы тек қалада тұратындар ғана біле алады. Ауыл жастары қайдан білсін, деп ойласаң, онда мынаны біл.
30 наурыздан бастап облыстағы барлық аудан-қалалардағы жастар орталықтарының ішінде арнайы маман жұмыс істейді. Сонда барып, қажетті кеңестерді алуыңа мүмкіндік бар.

Назарбаев мектебінің мамандары тегін кеңес береді
Жастар орталығынан шығып, физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебіне аттандым. Неге дейсің ғой? Себебі, бұл мектепте білім алып жатқан оқушылардың көбісі шетелге оқуға түседі. Соның құпиясын білгім келді. Оқушылардың шетелдік университеттердің грант иегері атануының сыры – бұл жерде арнайы профориентаторлық жұмыспен айналысатын бөлім бар екен. Сонда 150-ден астам шет мемлекеттің оқу орындарының тегін гранттары мен шәкіртақыларын қалай жеңіп алуға болатыны туралы толыққанды ақпарат береді. Шетелдік тараппен байланыс орнатып, ауызша емтихандарды Қазақстанда жүріп-ақ тапсыруға көмектеседі. Шетелдік оқу орындары талап ететін басты құжат- уәждемелік хатты, құжаттар тізімін дұрыс толтыру жайында да кеңес береді. Сондай-ақ шетелде оқып жүрген студенттердің жағдайын назарда ұстайды. Егер мәселе туындаса, көмек қолын созады. Бөлім жетекшісі Марат Есназаровтың (суретте) айтуынша, мұндағы бөлімге басқа мектептің оқушылары келіп, тегін кеңес алуына болады.

Қытайда оқу үшін тілін білу міндет емес
Физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебіндегі арнайы профориентаторлық жұмыспен айналысатын бөлімге кіргенімде компьютер алдында отырған бірнеше оқушыны көрдім. Арасында 11-сынып оқушысы Рахат Ынтымақ та бар.
Рахаттың мектеп бітіруіне әлі бір жыл бар. Десе де белсенді жігіт. Болашақ мамандығы мен қайда білім алғысы келетінін анық біледі. Ол Гонконг университетіне «Бизнес және менеджмент» мамандығына түсуді жоспарлап отыр. Дайындығы қауырт. Бірақ ата-анасы мәпелеп өсірген баласын шетелге жіберуге қарсы.

Рахат Ынтымақ, физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушысы:
– Ешбір ат-ана өз баласына жамандық тілемейді. Олардың қарсы болып жатқаны – мен үшін уайымдағаны. Бірақ ата-анамды алдағы бір жылда көндіріп аламын деген ойдамын. Себебі, ақылды, өз болашағын ойлаған кәсіпкер мансабын Қытайдан бастайды деп есептеймін. Өйткені бұл елде сол сала қатты дамыған. Мен біздің профориентаторлық бөлімнің жетекшісі Марат ағамен Қытайдың 30-дан астам сайттын зерттедім. Барлық оқу орны Қазақстан оқушылары үшін кем дегенде 15 гранттан бөледі екен. Ең бастысы – ертерек әрекет ету керек. Қытай тілін білмеймін деп қорықпаңыздар, ағылшын тілін білу жеткілікті. Қытай тілін алғашқы курста, бір жыл бойы оқуға болады. Басты талаптары – IELTS деңгейіңіз 6,0 баллдан кем болмауы керек. Ал мектеп аттестатыңыздағы көрсеткіш 5-ке жақын болуы керек.

12-сынып оқушысы Айдын Сүгірбаева 1 апта алдын Гонконг Политехникалық Университетіне грант негізінде оқуға түскен екен.

Айдын Сүгірбаева, мектеп бітіруші:
– Гонконг университетінің қабылдау комиссиясы IELTS көрсетікіші мен аттестаттағы ұпайымнан бөлек, сабақтан тыс немен айналысатынымды да зерттеді. Мен спорттық шараларда өте белсендімін. Сондықтан мені қабылдады. Ал ауызша емтихандарды осы оқу орнының сайтына тіркеліп, комиссиямен Skype арқылы сөйлестім. Екі турдан да сәтті өттім. Қытай тілін білмеймін, бірақ Гонконг Ұлыбританияның колониясында болған мемлекеттердің бірі ғой. Сондықтан ағылшын тілі ресми тіл деп есептеледі, бұл жағынан қорықпаймын. 4 жыл оқуым аяқталғаннан кейін, елге оралып туризм саласын дамытуға кірісемін.

Оқушылардың әңгімесінен түйгенім – Қытайда халықаралық рейтингке кірген оқу орындары бар. Қытай және ағылшын тілінде де оқуға болады. Қытайда оқыған студенттер де Ұлыбритания, АҚШ университтері беретін халықаралық үлгідегі диплом алады. Оның үстіне географиялық жағынан да өте жақын, жол шығыны арзанға түседі, әрі грант саны көп.
Гранттың көптігінен болар, интернетті ашсаң, Қытайға тегін оқуға түсіретін жекеменшік компаниялар қаптап тұр. Жастар арасында танымал, әрі сұранысқа ие компаниялардың бірінің парақшасына кірдім. Аты-жөнімді, телефон нөмірім мен электронды поштамды тіркеп, өтініш қалдырдым. 2 минуттан кейін Дариға есімді менеджер хабарласып, қандай көмек бере алатынын сұрады. Мен бірден Қытайға, IT саласына тегін оқуға түскім келетінін айтып едім. Нанкинг Университетіне қабылдаулар жүріп жатқанын айтты. Поштама қажетті құжаттар тізімін жіберді:
Паспорт көшірмесінің сканерленген нұсқасы;
Тіркелу формасы( нұсқаулы компания сайтында көрсетілген), оны толтырып, фотосурет жабыстырып жіберу керек;
Мектепте немесе колледжде оқып жатқаның жайлы анықтама;
Медициналық анықтама.

Бұдан бөлек IELTS-тан өтіп, 5,5 нәтижеден төмен болмау керектігін, құжаттар қабылдау мамыр айында аяқталатынын ескертті. Құжат жинау, Қытайға барып тіркелу, оқушымен бірге оқудың алғашқы аптасында бірге болатынын алға тартты. Әрине соңында қызмет құнын айтты. 310 мың теңге. Айтуларынша, грант жеңіп алуға 100 пайыз кепілдік береді. Әңгімеміз аяқталып, тұтқаны қойдым.

IELTS, TOEFL емтихандарын қайда тапсыруға болады?
Қаладағы анықтама қызметін ұсынатын орталықтарда болдым. Қалғанын интернеттен табуға болады деп, жұмыс үстеліме оралдым. Бұл жолы АҚШ-тың ЖОО-ына қалай түсуге болатынын қарастырдым.
АҚШ-та білім алу үшін өзің қалаған оқу орнының талабына сай IELTS немес TOEFL емтиханның бірін тапсыру жеткілікті. Иә, достым, байқағаныңдай, көптеген елде осы емтихан түрлерінің нәтижесін сұрайды. Бұл емтихандарды қайда тапсырамыз дейсің ғой. Астана, Алматы және Атырау қалаларындағы Британия елшілігінде,сертификатталған халықаралық мектептерде немесе ielts.kz сайтына онлайн тіркелу арқылы тапсыруға болады. Ақылы екенін де ұмытпа.

АҚШ колледждерінің беделі жоғары
АҚШ-қа қайта оралайық. Сонда бакалавриатта оқу үшін IELTS емтиханынан ең азы 6.0 балл, TOEFL iBT-дан 60 баллдан жоғары ұпай жинауың керек.
АҚШ-қа оқуға барамын деген адам кемінде 1,5-2 жыл бұрын қамдану керек. Ағылшын тілінің емтиханы мен құжат жинау процесі,тіл үйрену курстары осы 2 жылға кіреді. Екіншіден, бір емес, бес, тіпті, он оқу орнын таңдап қойыңыз. АҚШ университеттерін ғана емес, колледждерін таңдауға әбден болады. Себебі, Қазақстандағыдай емес, АҚШ колледжерінің беделі жоғары әрі екі жылдан кейін университеттің үшінші курсын жалғастырып оқи аласың.
АҚШ-тың жоғары білім орындарына оқуға түсу үшін мына құжаттар қажет:
1. Төлқұжат көшірмесі
2. Бұған дейін алған біліміңізді растайтын құжат
3. Мектеп аттестаты немесе дипломдағы кредиттердің аудармасы мен нотариус арқылы бекітілген транскрипті
4. Ұсыныс хат
5. Банктегі есепшотыңыздың көшірмесі
6. Тіл сынақтарының сертификаты (IELTS, TOEFL, SAT, GRE)

Жалпы, Америкадағы оқу туралы материал шаш етектен. Ойларың сан-саққа жүгірмей, уақыттарыңды үнемдеу үшін сендерге АҚШ университеттерін топтастырған сайтты ұсынғым келіп отыр.
Ол – www.hotcourses.ru
Осы сайттағы университеттер арасынан «стипендиясы барын» іріктеп алуға болады. Құжат тапсырғанда да тек стипендиясы бар университеттерге тапсырған абзал. Өйткені, АҚШ-та білім алуды кез келгеннің қалтасы көтере бермейді. Әр университеттің сайтын терең зерттеп «талабына сай келдім» деген университетке ғана өтініш тастау керек.

Еуропада тегін оқудың амалы
Еуропада тегін оқуға мүмкіндік беретін танымал бағдарламалар бар. Мысалы, Ұлыбританияда Chievening(https://www.unipage.net), Германияда DAAD (http://grantist.com/), ал Еуроодақ қаржыландыратын Erasmus Mundus (gradstudyabroad.ru)бағдарламаларын ұсынады.
Міне, бір күндік зерттеуден барынша мол ақпарат табуға тырыстым. Қорыта келе айтарым, егер дер кезінде және уақыт бөліп ізденсең, кез келген мемлекетке тегін оқуға түсуге болады. Құжат, емтихан және шет тілін білу жеткілікті. Сондай-ақ дедлайн деген бар. Яғни, тапсырма орындалып бітуі қажет соңғы мерзім (күн не сағат) деген сөз. Таңдаған оқу орныңда құжаттар қашанға дейін дайын болуы керегін ескеруді де ұмытпа.
Мақала соңында шет елге ақылы және ақысыз оқуға түсуге септігін тигізеді-ау деген сайттар тізімін ұсынамын. Сәттілік!

Әлия Әділбек