Шымкентте 10 мың студентті қамтитын университет салынады. Ол «Қазақ жаңа инновациялық университеті» деп аталады. Онда оқитын студенттерді жатақханамен қамту жоспарланған, биылдың өзінде екі жатақхананың құрылысы басталады. Күнгейлік жастарды қуантқан сүйінші хабар жастардың ХХІ көшпелі отырысында айтылды.
Жастар кеңесінің 21-ші көшпелі пленарлық отырысына 200-ге жуық жас қатысты. Олар елдің әр өңірінен жиналған белсенділер. Кеңестің әр отырысынан жағымды жаңалық күтетін жас толқынның келелі мәселесін тыңдауға Үкімет мүшелері де келді. Олардың көшін мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіхалықова бастап келді.
Гүлшара Әбдіхалықова, ҚР Мемлекеттік хатшысы: «Күн тәртібінде маңызды екі мәселе қамтылмақ. Біріншісі қазіргі қазақстандық жастардың құндылықтары және олардың рухани жаңғыру бағдарламасы аясында қалыптасуының негізгі аспектілері, екінші мәселе -жастар арасындағы мәдени-демалыс уақытында көрсетілетін қызметтерді ұйымдастыру мәселелері кең көлемде қарастырылмақ».
Жуырда ғана ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі болып тағайындалған Дархан Қалетаев болса, мемлекеттік хатшының айтып отырған жастардың құндылықтарына не жататынын тізіп шықты.
Ал сөз алған облыс әкімі әлемнің кез-келген мемлекетімен терезесі тең дәрежеде өмір сүріп жатқан жастарға жасалған жағдайды баяндады. Оның екі еселеніп жатқанын да мәлімдеді. Шымкентте ең үлкен «Қазақ жаңа инновациялық университет» салынады деп те сүйінші сұрады.
Жансейіт Түймебаев, ОҚО әкімі: «Елбасы Қазақстан халқына арнаған Жолдаулары мен Үндеулерінде де жастарға айрықша көңіл бөліп келеді. Ал биылғы «Бес әлеуеметтік бастамасы» жастарымызға серпін беріп қана қоймай, студент жастардың кедергісіз білім алуына, сондай-ақ жатақхана мәселесі және болашақта өз кәсібімен айналысуға, баспаналы болуды да қарастырып өтті. Ал біздегі жоғары оқу орындарында 7200-ден астам студент-жастар тұратын 26 жатақхана қызмет көрсетеді. Соңғы екі жылда облыста екі мемлекеттік жоғары оқу орнында 1000 орындық жатақхана соғылып, пайдалануға берілді. Ал ағымдағы жылдың ІІ жарты жылдығында студент жастарымызға арналған тағы да екі жатақханың құрылыс жұмыстарын бастау көзделіп отыр».
Батыс Қазақстан облысынан келген Аян Сакошевтің айтуынша, «жастардың төрт негізгі мәселесі бар , олардың шешімін табуда кеңес отырысы маңызды тетік» дейді.
Осылайша екі сағатқа созылған жастардың көшпелі отырысында пікірлер тыңдалып, ұсыныстар қаралды. Жастар саясаты жөніндегі Кеңестің 2019 жылға арналған жұмыс жоспары мақұлданды. Жиыннан соң қонақтар Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының 1 жылдығына арналған кешенді көрмені аралады.
Көрмеде қазақтың ұлттық киімдері, жәдігерлері, оңтүстіктің қолөнершілері мен суретшілерінің қылқаламынан туындаған өнер шығармалары және IT саласында жасалған жобалар қойылған.
Әлия Әділбек