Көлік кептелісі жиі орын алатын Шымшаһар үшін бағдаршамдардың көрсетер көмегі көп. Егер электр қуаты болмай, әлде басқалай жағдайлармен бағдаршам сөніп қалса қадірін сол кезде түсінгендейміз. Жол қозғалысын реттейтін тәртіп сақшылары кешігіп келіп, көше көлік нөпіріне айналады. Бүгінде үшінші мегаполистегі бағдаршамдардың жай күйі қалай? Қызмет көрсету мерзімі неше жыл? Бағыттаушы қызмет түрінің саны қанша? Бағамдап көрейік…
Бүгінде Шымкентте 237 бағдаршам бар. Заман талабына сай, түрлі тетіктері бар түрлері де өте көп. Оның ішінде біреуі «Ақылды бағдаршам», 8-і жаяу жүргінші шақыртуы (кнопка вызова) яғни, кнопканы басу арқылы жасыл түсі жанатын бағдаршам. Жаяу жүргіншілерге өте қолайлы. Қалғандары қарапайым күнделікті қолданысқа арналған түрлері. Оның ішінде де дыбыстық, қосымша белгілері барлары да көп. ІІД қойған интеллектуалды бағдаршамдар да бар. Бұл бағдаршамның ерекшелігі қызылға өтіп кетсе, жылдамдықты асырып өткен жағдайда камераға түсіріп отырады. Сол бойынша айыппұл жазылады. Бұл бағдаршам түріне жатпаса да қосымша бірлесе жұмыс істейді.
Былтырғы жылы қанатқақты жоба ретінде Жібек жолы-Арғынбеков көшесінің қиылысына «ақылды бағдаршам» орнатылған болатын. Тиімділігі орасан. Ақылды десе дегендей. Компьютер арқылы басқарылады. Камера орнатылған. Көлік санын санап отырады. Егер Арғынбеков көшесіндегі көлік Жібек жолы көшесіндегі көліктен көп болса онда көлігі көп жаққа жасыл жанып, жүруге рұқсат етіледі. Осылайша көлік кептелісінің алдын алуға септеседі.
Уақытты реттеп отырады. Әзірге мұндай «ақылды бағдаршам» біреу ғана. Алдағы уақытта тағы бірнешеуі орнатылуы мүмкін. Көлігі көп, көшеде кептелісі одан да көп қала үшін мұндай бағдаршамдар көптік етпесі анық. Бағасы да аса қымбат емес. 7 млн. теңге.
Қаладағы бағдаршамдардың күтіміне қалалық әкімшіліктің жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі жауапты. Осы бөлім мемлекеттік сатып алу конкурсын жариялайды. Жеңімпаз болып табылған компания бұзылғандарын жөндеп, күтіміне жауап береді. Бағдаршам сатып алынған кезде екі жыл мерзімге кепілдікпен беріледі. Қаладағы 2007 жылы қойылған бағдаршамдар әлі де қызмет көрсетіп келеді. 11 жыл өтсе де әлі жүрісінен жаңылмаған.
Бүгінде жол апаттары салдарынан бүлінетін бағдаршамдарды кім жөндейді деген сауал туындайды. Жол көлік оқиғасы кезінде бағдаршамды бүлдірген тұлғаны анықтау полицейлердің міндеті. Олар сотқа жолдайды. Қалалық әкімшіліктегі жауапты бөлім мамандары кінәліні тауып беруді сұрап хат жолдайтындықтарын айтады. Алайда сұрау хатты ұзақ күтуге тура келеді екен.
Бағдаршамға деген сұраныс аса жоғары емес. Былтыр қалаға 12 бағдаршам қойылса, биыл 10-н қою жоспарланып отыр. Бағдаршамы жоқ қиылыстар болғанымен онда жол белгілері қойылған. Қаладағы ең ұзын көше Тәуке хан даңғылы мен Республика даңғылы. Осы көше бойларында 15 бағдаршам орнатылған.
Наурыз Сүгіралив, Шымкент қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің көлік және коммуникация бөлімінің сектор меңгерушісі: «Шымкент қаласында қызмет көрсетіп тұрған 237 бағдаршам бар. Жылдан жылға көбейіп жатыр, 2006 жылы 70 — ақ бағдаршам болса бүгінде үш есе көбейді. Әкімшілік полиция бөлімімен бірлесіп зерттеп, көлік тығыздығына, жолаушылар ағымына қарай, қала тұрғындарының ұсынысына қарай бағдаршам қоямыз. Бір бағдаршамның бағасы 8-9 млн. теңге тұрады. Бағдаршамның қандай болуы керектігі техникалық ерекшелігінде көрсетіліп, мердігер компанияға беріледі. Қазір қойылып жатқан бағдаршамдардың көбісі австриялық. Сапасы өте жоғары, дәл осындай бағдаршам нысандары Астанада көп қойылған. Сапасына сын айта алмайсың».
Г.Жұмаш