Азық – түлік бағасы ауыздықталады ма?

563

Бүгінде әкімдіктер тарапынан азық-түлік бағаларын тұрақтандыру бойынша түрлі іс-шаралар өткізілуде. Доллар бағамы секілді бірде түсіп, бірде көтеріліп базардағы баға мың құбылып тұр. Бірақ халыққа қолжетімді болып арзандаған емес. Арзандайды деп армандамайды да ешкім.

Базар сатушыларына сауал салсаң, «жанармай қымбат, тасымал қымбат, делдалдар бағаны көтеріп жіберді» деп Асан қайғының зарын қағады. Ал халықтың мұңына құлақ асып жатқан кім бар екен? Супермаркетке баратындай халықтың бәрі қалталы емес. Жалақысы да «супер» дей алмайсың. Қалтаны тықырлап тастамаса да әйтеуір сәл де болса үнемдеймін ғой деп көпшілік базар жағалайды.

Қасқыртәбеттес етқұмар қазекем бүгінде «буштың сирағын» місе тұтатын болған. Соғымның бағасы айға ақырып тұр. Балықты мереке күндері ғана (онда да ақшасы жетсе) дастарханына қояды. Дәруменге бай құнарлы тағам тұтынып, денсаулығы сыр бермейтіндер кемде кем бүгінде. Ал құнарлы тамақтану үшін қалта қалың болуы керек. Бұл бәріне де түсінікті…

Баға бетімен кетті. Апта бұрынғы бағаның үстіне 5- 10 теңге қосылып қалады әйтеуір. Арзандады дегенді естімегелі қай заман? Жағдайы ортадан да төмен тапты құрайтын көпшілік қымбатшылықты айтып беу беулейді. Ал азық – түлік бағасын бақылауда ұстау қайда, уыстан шығып кеткелі неше уақыт?

Жуырда ғана Әл Фараби ауданы аумағында азық-түлік бағасын себепсіз өсірмеу бойынша халық тұтынатын бірінші қажетті тауарларға мониторинг жұмыстары жүргізіліпті.

“Шара барысында аудан аумағындағы “Баян сұлу”, “Шахан”, “Фиркан”, “Магнум”, “Имран”, “Қазына”, “Ақбар” сауда орталықтары және “Қырғы базарларындағы” бағаларға зерделеу жұмыстары жүргізіліп, азық-түліктің бағасын негізсіз өсірмеу мақсатында ақпарат Кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасына жолдануда. Бұл бағыттағы жұмыстар тұрақты түрде жүргізіледі” дейді әкімдіктегілер.

Бағаны ауыздықтауға әкімдіктегілердің әлі келсе жақсы ғой. Тек жұмыс істелініп жатыр деген ақпар беру үшін яғни, көзбояушылық емес пе екен деген сабаудай сауал туындайтыны рас. Сосынғысын мониторинг нәтижесі жарияланғанын көрген көз жоқ. Алдын алу жұмыстары жүргізілуде деген ақпардан кейін құмға сіңген судай тым тырыс болады. Нәтижесін білгіміз келеді, нәтижесін…

А.Бейімбет