Күнгей жұртын теріскейге алдыртып, сондағы тіршілік қазанын қайнатуды көздеген Оңтүстіктен Солтүстікке қоныс аудару бағдарламасының тұсауы кесілмей, тығыны ағытылмай-ақ тұр. Қоныс аударуға ниет еткен жұрт жеткілікті болғанымен нақ көшіп барғанның көңілі жайланып, тұрмысы оңалып, жаңа қоныстың топырағына тамыр жайып кете қойғаны туралы жақсы хабар мардымсыз. Көктем ортасы жетіп, Солтүстіктегі алты ай қыстың ызғары енді тая бастаған сәтте тағы көштің басталатыны туралы ақпар жетті.
665 отбасы көшіп барады-мыс
Биыл облысымызда теріскейге көшуге — 665 отбасыдан өтініш келіп түскен. Қостанай облысына қоныстануға ниет білдірушілердің саны – 272. Олардың 50-і Сарыкөл ауданын таңдап отыр.
Төрехан Омаров, Шымкент қаласының тұрғыны:
– «Асар» шағынауданында тұрамын. Онда тұрмысы төмен 50 отбасы бар. Барлығымыз да бағдарламаға қатысып солтүстікке көшпекпіз. Сол мақсатпен Сарыкөл ауданына барып қайттым. Жол шығынымызды Жаңабай Ағабеков есімді депутат көтерді. Онда 1 ауылдан 17 үй табылды. Сол баспананың иелерімен сөйлесіп, үйді аламыз деп уәделестік. Одан бөлек өтінішіміз бойынша 30 гектар жер телімі беріліп отыр. Оны да көрдік. Сол жерге картоп, сәбіз, пияз екпекпіз. Осылайша, солтүстіктің әл-ахуалын көтеруге және демографиясын да арттыруға күш саламыз.
ОҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бас маманы Нұржан Нұрашевтың айтуынша, қазір солтүстік өңірлерде жұмыс күші жетіспей жатыр. Ал оңтүстік өңірлерде халық саны тез өсіп, еңбекке жарамды адамдардың жұмыс табуы қиынға айналуда. Сондықтан да, 2019 жылы солтүстікке 700 отбасын көшіру жоспарланған.
2017 жылы 5 облыстан:
Шығыс Қазақстан облысына — 98
Қостанай облысына — 30
Павлодар облысына — 69
Солтүстік Қазақстан облысына -184 отбасы қоныстанған
Жаңабай Ағабеков, облыстық мәслихаттың депутаты:
– Оңтүстіктен-солтүстікке жобасы 2015 жылдан бері қолға алынды. Міне, содан бері осы бағдарламаның басы-қасында жүрмін. Жыл сайын солтүстікке көшуге ниет білдіретін жандармен бірге сол аймақтарға барамын. Осы сапарымыздың барысында Қостанай облысының Сарыкөл ауданына бардық. Тұрғындар баспана таңдады, жұмыс орындарымен танысты. Мектеп, балабақша жұмысын көрді. Сапар барысында Ы. Алтынсарин, Қарасу аудандарында да болдық. Мұндағылар да оңтүстікқазақстандықтарды қабылдауға дайын екендерін жеткізді. Осында келіп халық арасында үгіт насихат жүргіземіз. Солтүстікке қоныс аударуға шақырамыз. Себебі, ол жақта халық аз. Маман тапшы.
2018 жылы қоныс аударуға:
Шығыс Қазақстан облысына — 364
Қостанай облысына — 272
Павлодар облысына — 380
Солтүстік Қазақстан облысына 690 квота бөлініп отыр.
Қандай көмек бар?
Солтүстікке қоныс аударған оңтүстік азаматтарына бірқатар жеңілдіктер мен қаржылай көмек ұсынылады.
Атап айтқанда:
республикалық бюджеттен:
–Бағдарламаға қатысушыларға және оның әрбір отбасы мүшесіне бір реттік жәрдемақы төленеді. Оның мөлшері — 35 АЕК, 84 175 теңгеге тең.
– Коммуналдық төлемдерді және жалға алынған баспананың ақысын төлеуге 12 айға дейін:
1. Қалалық жерге қоныс аударғандар үшін:
– 1 адам үшін — 20 АЕК (48100 теңге);
– отбасы мүшелерінің саны екеуден төртеуге дейін болса — 25 АЕК (60125 теңге);
– 5 жан және одан көп болса — 30 АЕК (72150 теңге)
2. Ауылдық жерге қоныс аударғандар үшін:
– 1 адам үшін — 15 АЕК (36075 теңге);
– отбасы мүшелерінің саны екеуден төртеуге дейін болса — 18 АЕК (43290 теңге);
– 5 жан және одан көп болса — 21 АЕК (50505 теңге)материалдық көмек көрсетіледі.
Егер де тұрғын үй сатып алғыңыз келсе, бірақ қолыңызда қаржыңыз болмаса, бұл соманың бір жылдық жиынтығын бірден алып, үй алуға болады. Айта кетер бір жайт, бағдарламаға қатысушы отбасы мемлекет тарапынан берілетін жәрдемақыға қол жеткізуі үшін, жанұяның ең болмаса бір мүшесі міндетті түрде жұмыспен қамтылуы керек. Ал жергілікті билік оларды жұмыспен қамтуға міндетті.
Түсінгеніміз, солтүстіктің тек аудандары мен ауылдарына көшу мақсат емес. Облыс орталықтарына да қоныс аударуға болады. Нұржан Нұрашевтың айтуынша, ауылды жерден гөрі қалаға көшкісі келетіндер баршылық. Себебі, онда жұмыс орны көп. Дегенмен, қалада баспана қымбат. Қалтаға қонымдысын табу оңай емес. Ал ауылды жерде бос тұрған баспана көп, — дейді ОҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бас маманы Нұржан Нұрашев.
Қоныс аударатындардың 50%-ын ОҚО тұрғындары құрайды
ТЕГІН БАСПАНА БЕРІЛМЕЙДІ
Осы жерде мемлекет те, жергілікті жердің билігі де қоныс аударушыларды тегін баспанамен қамтамасыз етпейтінін ескерген жөн. Әйткенмен мұны кеш біліп, кері қайтатындар бар.
Айдынбек Қыдырбаев сондай жанның бірі. Ол 2016 жылы бағдарламаға қатысып Мақтарал ауданынан Солтүстік Қазақстан облысы, Мамлют ауданына көшіп келген. Ауылға көшіп келгеніне бір ай болса да не жұмыс, не баспана таба алмай қиналады. Ақырында қаңырап, қараусыз қалған бір үйді паналауға мәжбүр болыпты. Айдынбек жергілікті биліктің әйелін мектепке орналастырғанын, бірақ жалақысы небәрі 30 мың теңге болғанын айтады. Содан қайта оңтүстікке көшкісі келген. Ол түсінікті де. Мұнда жақындары, ағайындары бар. Бірі болмаса, екіншісі қарасады, тесігі түгенделмесе де, жыртығын жамауға қол ұшын созады. Мәселенің мән-жайынан құлағдар билік болса, бұл отбасына жұмыс ұсынылғанын, алайда олар жеке шаруашылықпен айналысатынын айтып бас тартты деп ақталды. Мақаланы дайындау барысында бұл отбасының бүгінгі хал-жағдайын білген едік.
Айдынбек Қыдырбаев, бағдарламаға қатысушы:
– Осыдан 2 жыл бұрын бағдарламаға қатысуға ниет білдірдім. Өйткені, мамандар осында қоныс аударсаңдар барлығы жақсы болады деп сендірген еді. Бірінші кезде қиын болды, әрине. Баспана таба алмай қиналдық. Сұрастырып, бос тұрған үйге уақытша көшіп кірдік. «Мемлекеттен алған ақшаңыз қайда кетті?» деп сұрауыңыз мүмкін. Отбасымда 4 адам болғандықтан бізге 330 мың теңге берілді. Ол жол шығынынан артылмай қалды. Жасырмаймын, кері қайтамын деп біраз жүгіргенім бар. Алайда, мұндағылар жібергісі келмеді. Мамлют ауданынан баспана мен жұмыс орны табылмағандықтан, қазір Тимирязев ауданына көштік. Өзім қарауыл болып жұмысқа орналасып алдым. Келіншегім мектепте ағылшын пәнінен сабақ береді. Жағдайымыз біршама түзелді.
«Кері қайтамын» дейтіндердің біразына сондағы суық ауа-райы жақпайды екен. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымованың сөзіне сенсек, былтыр дәл осындай сылтау айтып солтүстікке көшіп кеткен адамдардың 19-ы оңтүстікке қайтып келген. Олар келісімшарттарының мерзімі аяқталған соң, ешқандай жауапкершілікке тартылмайды. Сондай-ақ, министр биылдан бастап солтүстікке көшкен отбасыларды жұмыс беруші баспанамен қамтамасыз етуі тиіс екенін айтты. Бұл үшін мемлекет мекемеге — әр бір жұмыскері үшін 1 082 250 теңге бөлмек.
Әйткенмен, бағдарлама негізінде емес, жеке көшіп жатқан жандар мұндай шарапатты көре алмайды. Мамандар сондай жандарға мемлекет тарапынан да, жергілікті биліктен де көмек қарастырылмайтынын айтады. Ал, бағдарламаға сәйкес құжаттарын рәсімдегендер, келісімшарттың мерзімі (6 ай немесе 1 жыл) бітпейінше кері қайта алмайды. Келісімшартты бұзса, жолға жұмсалған және мемлекеттен алған барлық ақшасын тиынына дейін қайтаруы тиіс.
Солтүстік өңірлерге Оңтүстік аймақтарынан қоныс аударушыларға ұсынылатын бос жұмыс орындары:
1. Орыс және орыс әдебиеті пәні мұғалімі (қазақ және орыс сыныптарына);
2. Ағылшын тілі пәні мұғалімі (қазақ және орыс сыныптарына);
3. Математика (қазақ және орыс сыныптарына);
4. Химия пәні мұғалімі (орыс сыныптарына);
5. Физика пәні мұғалімі (орыс сыныптарына);
6. Бастауыш сынып мұғалімі (орыс сыныптарына);
7. Әскери дайындық сабағының мұғалімі (орыс сыныптарына);
8. Денешынықтыру пәнінің мұғалімі;
9. Акушер;
10. Акушер-гинеколог;
11. Маммограф;
12. Маммолог;
13. Дәрігер-невропатолог;
14. Дәрігер-офтальмолог;
15. Тіс дәрігері;
16. Балалар дәрігері;
17. Терапевт;
18. Хирург;
19. Құлақ-мұрын, тамақ дәрігері;
20. Мейірбике;
21. Электрші;
22. Тракторшы;
23. Механизатор;
24. Нан пісіруші;
25. Құрылысшы;
26. Агроном;
27. Сатушы;
28. Мал дәрігері;
29. Көлік жүргізушісі;
30. Еден жуушы;
Айжан ЕРМЕКҚЫЗЫ