Балмұздақтың бал дәмі өңештен өтіп, асқазанға у болып жетті. Осылайша Шымкентте ел мақтайтын сауда дүңгіршектерінің бірінде сатылған балмұздақ кемі 188 адамды алып жықты. Қалалық жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызылған науқастардың бәрінен құсу, іш өту белгілері байқалған. Олардың сараптама қорытындысынан өткір ішек инфекциялары табылыпты. Бұл аз дегендей, 27-сінің анализінен сальмонеллез жұқпалы ауруы анықталған.
Қалалық жұқпалы аурулар ауруханасына балмұздақтан уланғандардың алғашқы легі 29 наурыздан бастап түсті. Үшінші сәуірге дейін олардың саны 188 адамға жетті. Осы орайда аталған аурухананың дәрігері тағамнан улану белгілерінің қандай болатынын айтып берді.
Бақтығали Ережепов, Шымкент қалалық жұқпалы аурулар ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары:
— Балмұздақтан не басқа да тағамнан уланғанда ең алдымен дене қызуы көтеріліп, құсқысы келіп, іші өтіп, ауырады. Үйде өз білгенінше ем қабылдауға болмайды. Міндетті түрде дәрігерге келіп, қаралу керек. Қазір балмұздақпен уланып түскендердің көбісі уланудың жеңіл түрімен түсті. Орташа жағдаймен түскендері де бар. Үйінде екі күндей емделемін деп, ақыры ауруханаға келіп түскендері де кездесті. Өзінше ем-дом жасаса, асқынып кету қаупі бар. Тағамнан улану белгілері өткір ішек инфекциясы таяқшаларымен зақымдалған тағамды қабылдағанда жарты сағаттан бастап білінеді. Тіпті екі күнге дейін білінбеуі мүмкін. Бұл ағзаға инфекцияның түсу мөлшеріне де байланысты болады.
Балмұздақтан уланып, ауруханаға түскендердің айтуынша, бәрі де Республика даңғылы бойындағы «Южное» кафесінің балмұздақ сататын киоскісінен жұмсақ құйылмалы балмұздақ жеген. ОҚО Қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің жетекшісі Нұрбек Нышановтың сөзінше, жаппай улану оқиғасы бойынша шағым түскеннен кейін департамент қызметкерлері сол нысанға тексеру жүргізіп, бірқатар кемшіліктерді анықтаған. Бірақ, оған дейін тексеру жүргізілмеген. Нұрбек Садықбекұлы бұған дейін неліктен тексеру жүргізбегендерін балмұздақ дүңгіршектерінің елеусіз нысанға жататынымен байланыстырды.
Барлық нысандар үш топқа бөлінеді. Жоғары, орташа және елеусіз. Бұл дүңгіршек елеусіз нысанға жатады. Сондықтан жоспарлы тексеру жасай алмаймыз. Тек тұтынушылардың шағымы түссе ғана тексере аламыз. Бірақ, дүңгіршектің басшысы ҚР «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Заңының талаптарын бұзып, өз жұмысын бастағаны туралы аумақтық ҚДСБ-ға хабарлама бермеген. «Южное» кафесіндегі балмұздақ сатушы балмұздақ қоспасын жеке үйінде дайындаған. Бұл кәсіпкерлік заңының өрескел бұзылуына әкеліп отыр. Жұмсақ балмұздақ қоспаларын дайындайтын орын санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сай келмейтін тұрғын үйдің жеке бір ғимаратында дайындалып, полиэтиленді ыдыстармен сату дүңгіршегіне жеткізілген. Қоспаны арнайы талаптарға сай (рефрижераторы бар) автокөлікпен емес, өзінің жеке көлігімен тасымалдаған. Барлық өнімдерінің сапасы мен қауіпсіздігін растайтын құжаттары жоқ. Тек бір ғана құрғақ сүт өніміне мерзімі өткен құжат ұсынды. Дүңгіршек кәсіпкер ЖК «Ишмуратова» атына тіркелген. 5 жұмысшы жұмыс істейді екен. Төртеуінде міндетті медициналық байқаудан өткені туралы кітапшалары болмай шықты. Біз қазір облыс көлемінде балмұздақ сататын кәсіпкерлерге түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз,-дейді Нышанов.
Қазір енді сол балмұздақ қоспасы дайындалған жеке үй мен сауда нүктесінен 25 тағам сынамасы алыныпты. Оның 24-і «оң» нәтиже көрсеткен.
Меруерт Серікбаева, ОҚО Қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің тағам объектілерін санитарлық қадағалау бөлімінің басшысы:
— Санитарлық талаптары бойынша, құйылмалы балмұздақты үй жағдайында емес, арнайы цехта дайындайды. О кісі балмұздақтың қоспасын әзірлеу үшін тәтті қоюлатылған сүт (сгущенка), қант, құрғақ сүт және қайнатылмаған шикі суды пайдаланған. Осының бәрін қоспасын үйде дайындап, оны бес литрлік «баклашкілерге» құйып, 7 шақырым қашықтағы сату нүктесіне жеткізген. Ал мұндай дайын қоспа тез бұзылатын өнімге жатады. Үйінен табылған дайын қоспаның да пайдалану мерзімі өткен болып шықты. Сондай-ақ, балмұздаққа пайдаланылатын барлық азықтық заттарының сапасын растайтын құжаттары болу керек. Ал бұл кәсіпкердің тек Қырғызстан елінде шығарылған құрғақ сүт өнімінің мерзімі өткен құжаты ғана болды.
Департамент қызметкерлерінің айтуынан, Шымкенттегі құйылмалы жұмсақ балмұздақ сатқан орынның балмұздақты үй жағдайында қалай дайындалған білген соң, жұмсақ балмұздақты санитарлық талаптарды сақтай отырып дайындайтын кәсіпкерлерді іздестіріп, Алматы қаласынан бір азаматпен хабарластық. Оңтүстік Астанада құйылмалы жұмсақ балмұздақ сатуды кәсіп еткен азамат өздерінің сатуға шығаратын құйылмалы балмұздақты қалай әзірлейтіндерін айтып берді. Қандай жағдайда санитарлық талаптар бұзылып, денсаулыққа қауіп төндіретінін де жасырмады.
Сергей КИМ, алматылық кәсіпкер:
— Құйылмалы жұмсақ балмұздақты әзірлеудің тәсілі – қарапайым. Бұл үшін сүт және балмұздаққа арналған қоспа қажет. Қоспа құрғақ әрі ұнтақ түрінде, жеміс дәмдес, шоколад дәмдес, лимон дәмдес және тағы басқа дәмдес болады. Мысалы, 50-60 порция (рожок) жұмсақ балмұздақ дайындау үшін 3 литр сүт пен 1 кг арнайы құрғақ қоспа қажет. Біз тетрапактағы сүтті пайдаланамыз. Ыдысқа сүтті құйып, соған балмұздаққа арналған қоспаны салып, миксермен араластырамыз. Қажетінше фризер аппаратына құямыз. Фризерде ауамен байытылып, араласып, −4°С, −8°С градуста қатырылады. Содан рожоктарға, стақандарға құйып, сатамыз. Балмұздақтан улану санитарлық талаптарды орындамаудан да болады. Біріншіден, сүт пен қоспа араластырылатын ыдыс таза болуы қажет. Ыдыстың ішін тазалап жуып, содан кейін ғана қолданады. Ыдыс босаған соң да іші-сыртын тазалап жуылады. Екіншіден, фризерге құюға әзірленген сұйықтықты (сүт пен қоспа араласқан) ертеңге қалдыруға болмайды. Дайындалған күні пайдаланылуы керек. Артық қалса, төгіп тастау қажет. Үшіншіден, фризердегі сұйықтықты төгіп тастаған соң, фризерді міндетті түрде мұқият тазалап жуады. Егер жумаса, онда түрлі микробтар, бактериялар жиналады. Ертеңіне жаңадан сұйықтық дайындап, соны таза фризерге құяды. Лас ыдысты да, жуылмаған кір фризерді де пайдалануға, бүгінге дайындалған сұйықтықты ертеңге қалдыруға да болмайды. Кейбір балмұздақ сатушылар осы санитарлық талаптарды сақтамауы мүмкін.
Ал Оңтүстік Қазақстан облысындағы жағдай қандай? Облыстық Кәсіпкерлер палатасының директоры Асқар Әбубәкіровтың сөзіне сенсек, Шымкент қаласында кемі 50-ден астам құйылмалы балмұздақ сататын сауда нүктесі бар. Қазіргі жаппай улану оқиғасына байланысты өңіріміздегі балмұздақ сататын кәсіпкерлерді кәсіби сауаттандыру шарасы басталыпты. Палата жанынан құрылған арнайы комиссия оларды санитарлық талаптарды сақтай отырып, өнім дайындауға шақыру жұмыстарына кірісіпті.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мұқан Егізбаев 3 сәуірдегі жағдай бойынша, балмұздақтан уланған 188 адамның 99-ы ауруханадан шығарылғанын хабарлады. Ал уланудың нақты себебін анықтау жұмыстары әлі де жалғасып жатыр. Бәрі де облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаменті зертханасында жасалып жатқан сараптама қорытындысын күтеді.
P.S. Шымкентте «улы» балмұздақ сатушылардың үстінен іс қозғалды. Әл-Фараби аудандық полиция бөлімі аталған іске байланысты тексеру жұмыстарын бастап кетті. Аталған жайт Әл-Фараби ПБ-нің СДТБТ-не «Санитарлық қағидаларды немесе гигиеналық нормативтерді бұзу» бөлігі бойынша тіркелді. Құзырлы орган өкілдерінің мәліметінше, улы балмұздақ сатқандардың әрекеті дәлелденсе, заңды түрде шара көріледі. Нақтырақ айтқанда, кінәлі екі жыл ға бас бостандығынан айыру жазасына кесілуі не 2000 АЕК шамасында айыппұл төлеуі мүмкін.
Жәнібек НҰРЫШ