Астана қаласының 20 жылдығына және Созақ ауданының 90 жылдығына орай аудандық «Теріскей таланттары – 2018» халық өнер фестивалі киелі Ысқақ баб бабамыз жатқан Бабата өңірінен басталды.
Фесивальдің мақсаты ауылдық жерлердегі жас таланттарды тауып оларға қолдау көрсету. Жастарды отансүйгіштікке баулу. «Теріскей таланттары – 2018» халық өнер фестивалін аудан әкімінің орынбасары Айдарбеков Бағдат Бегманұлы ашып жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі. «Бұл байқаудан ашылмай, танылмай жүрген жас таланттар шығады»,-деп сенім білдірді.
Жастарды ұлтжандылыққа тәрбиелейтін шарада алтын саусақты ақжаулықты аналарымыз жасаған сырмақтарын таныстырды. Он саусағынан өнері тамған әжелеріміздің қолындағы ұршығы шыркөбелек айналды. Ұлттық өнеріміздің тамаша туындысы лайық бағасын алып тиісті орнын табары анық.
«Гаухартас» атты халық әндері жанрында Рыстыбаева Гүлмария халық әнін орындап көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. «Сәукеле» атты би жанрында Ш.Уәлиханов атындағы жалпы орта мектебінің хорегроф ұстазы Айдана апайы дайындаған бишілер тобы көреремендердің ыстық ықласына бөленді. Үш мектеп оқушылардың мыңбұрала билеген билері фестивальдің көркін ашты.