Сайрам тұрғын алабындағы №107 мектепте «Тест білгірі – 2018» байқауы өтті. Юсуф Сареми атындағы мектеп-гимназиясының алды бітіруші түлектермен толы. Барлығы «Тест білгірі-2018» байқауына қатысуға асық.
Алдымен оқушыларды сынақ тапсыратын аудиторияларына байланысты топ-топқа бөліп алды. Одан кейін аға буын өкілдері байқаудың маңыздылығын түсіндіріп, қатысушыларға сәттілік тіледі.
«Тест білгірі – 2018» байқауының шарттары мен ережелері ұлттық бірыңғай тестілеудің талаптарына сай. Ешқандай артық зат алып кіруге рұқсат етілмейді. Берілетіні — сынақ кітапшалары, дұрыс жауабын белгілеу қағаздары және 3 сағат 45 минут уақыт. Осы уақыт аралығында қатысушы 140 сұраққа жауап беруі тиіс.
Дилнура Рахметаева №4мектеп-гимназиясының түлегі. Өзбек тілінде білім алғанымен сынақты мемлкеттік тіл – қазақ тілінде тапсыруға ниетті. Екі жылдан бері «Тест білгірі» атануды мақсат қойған өрен бұл байқау оқушыға ортаға бейімделуге септігін тигізеді дейді.
Дилнура Рахметаева : «Бұл байқауға қатысуға 2 жыл дайындалдым. Байқау ортаға қалыптасуға көмектеседі, әрі Ұлттық бірыңғай тестілеуге күшті дайындық болды».
Білім додасына облысымыздың барлық аудан қалаларында өзбек тілінде білім алатын 84 мектептен 500-ден астам оқушы қатысты. Бітіруші түлектерінің саны 50-ден кем білім ошақтарынан 5 оқушы, ал 50-ден көп түлектер білім алатын меткептерден 10 оқушыдан іріктеліп алынған. Олардың барлығы – Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысуға ниетті. «Тест білгірі – 2018» байқауының мақсаты – оқушыларды моральдық және психологиялық тұрғыдан Ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындау.
Бадриддин Нышанқұлов, облыстық өзбек этномәдени қоғамдық бірлестігінің төрағасы: «Тест білгірі» білім додасын өткізгелі бері кейбір аудандардағы ҰБТ көрсеткіштері жақсарған. Сондықтан бұл бағытта жұмыс жасай береміз».
Өзбек тілінде білім беретін №107 мектеп-лицейі директорының айтуынша, мемлекет басшысы Қазақстанда өмір сүріп жатқан халықтарды ұлт-ұлтқа бөлмей, бірдей жағдай жасап жатыр, әсіресе жастарға, сол мүмкіндікті дұрыс пайдалану – басты міндетіміз дейді Бахадыр Нұралиев.
2 сағат өткеннен кейін оқушылар бар қобалжуын артқа тастап, тестілеуден шыға бастады. Таныс та, таңсық та сұрақтар кездесті дейді түлектер. Тестілеу аяқталғаннан кейін, қорытындысы шыққанша, оқушылар өзбек драма театрында спектакль тамашалауға мүмкіндік алды. Одан қалса, просфессорлармен «Табысқа жетудің жеті кілті» тақырыбындағы тренингке қатысты.
Осылайша, 4 сағатқа созылған байқаудың жеңімпаздары да анықталды. Тестілеу қорытындысы бойынша 10 оқушы мен 10 меткеп үздік деп танылып, бағалы сыйлықтармен марапатталды. Ал ең жоғары 131 ұпай жинап, «Тест білгірі -2018» атанған – Кентау қаласы, Қарнақ жалпы орта мектебінің түлегі — Ранохон Абдураимова болды.
«Тест білгірі» білім байқауы облыстық өзбек этномәдени қоғамдық бірлестігінің ұйытқы болуымен биыл 11-ші рет ұйымдастырылып отыр. Келесі жылы 10 -шы сынып оқушыларына да қатысуға болады дейді ұйымдастырушылар. Айта кетейік, Оңтүстік Қазақстан облысында 100 мыңға жуық өзбек балалары өз ана тілінде білім алып жатыр.