Бүгінде облыстағы жеңіл өнеркәсіп орындары маман тапшылығын сезініп отыр. Шымкенттегі №5 колледж осы олқылылықтың орнын толтыратын болады. Оқу орны еліміздегі әр сала бойынша құрылған құзырлы орталықтардың қатарына енгізілген.

Бүгін өңірімізге іс сапармен келген ҚР Білім және ғылым вице-министрі Бибігүл Асылова колледждің мүмкіндіктерімен танысты. Колледж басшылары министрлік өкілдеріне оқу орнының материалдық базалық жағдайын жақсарту үшін қыруар қаражат қажет екенін жеткізді.

Айтуларынша, мұндағы қызметкерлердің жалақысы төмен, колледжде шеберлер жетіспейді. Сондай-ақ, оқу құралдарының тапшылығы да қолды байлайды дейді олар. Колледждің тыныс-тіршілігімен танысу үшін арнайы келген қонақтарға осы білім ордасында оқып жатқан студенттер қолынан шыққан киім үлгілері таныстырылды.

Айта кетейік, қазір мұнда 800-ден аса студент білім алып жатыр. Бітіруші түлектер жыл сайын 100 пайыз жұмыспен қамтылады дейді оқу орны өкілдері.