«Жаңа күн» бағдарламасының бүгінгі қонағы Шымкент зообағының ғылыми әдістемелік бөлімінің меңгерушісі Қанат Егембердиев:

Жуырда зообақта «Түнгі әлем» экспозициясы ашылды. Осы жөнінде толығырақ айтып өтсеңіз…
— Биылғы жылдың алғашқы тоқсанында «Түнгі әлем» экспозициясы ашылды. Аты айтып тұрғандай мұнда түнде тіршілік ететін жануарлар шоғырландырылған. Зообақтағы қолдан тұрғызылған таудың астыңғы жағында орналасқан. Ол жерде қазіргі таңда үш құрлықтан яғни, Америка, Африка, Австралия құрлықтарынан әкелінген жануарлардың 5 түрі бар. Ніл қыраны, шиншилла, нитяга, кинкожу және ақ кірпі бар. «Түнгі әлем» екі қабаттан тұрады. Астыңғы қабатта төрт экспозициялық қаумалдар қарастырылған. Басқа да жануарлар алып келу жоспарда бар. Бұл жобаны тамашалаушылар көп. Бұл зообақ тарихындағы алғашқы жаңалық. Бұрын соңды болмаған. Әлеуметтік желілерде жақсы пікірлер жазып жатқандар баршылық. Бізге таңсық құрлықтардан әкелінген жануарлар болған соң оны көруге құмбылдар өте көп. Желтоқсан айында жануарларды сатып алдық. Оларды бейімдеуге де көп уақыт кетті. Оның өзі үлкен жұмыс. Күтіп баптау да оңай емес.
— Жануарларды сатып алу жұмыстары қалай жүргізіледі?
— Зообаққа келушілер «неге анау аң жоқ, неге мынадай аң жоқ?» деп сұрайды. Жануарларды сатып алу күрделі іс. Ол базардан сиыр сатып алу емес. Зообақтардан, зоологиялық мекемелерден сатып аламыз. Елімізде үш-ақ зообақ бар. Бір бірімізден айырбас жасаймыз. Сондай — ақ Ресейден, тағы да басқа шетелдерден сатып аламыз. Бір ғана жануарды сатып алу ұзақ уақытқа созылады. Алатын жануарымыз «Қызыл кітапқа» енген бе, кедендік одақ көлемінде сатып алу рұқсаты бар ма, соның барлығы қарастырылады. Жануардың құжатында координатор рұқсат беруі керек. Олар бізде тұратын орнын, қаумалдың қандай екенін сұрайды. Содан кейін ғана рұқсат береді. Жыл сайын жануарларды сатып алып, толықтырып жатырмыз. Талаптарын орындағаннан кейін ғана береді. Тасымалдауы бар. Ұшақпен алып келеміз. Қауіпсіздігін сақтау да мойнымызда. Аман есен жетуі де үлкен жауапкершілікті жүктейді. Төрт-бесеуін бір ақ алып келуге тырысамыз. Оған 3-4 ай уақыт кетеді. Былтыр Африка аймағы ашылды. Соған жануарларды толықтыру жоспарда бар.
— Зообаққа аңдарды сыйлайтындар бар ма?
— Ия, жоқ емес бар. 2016 жылы «Грин бас» компаниясы мен Ғ.Ташқараев бірлесіп пуманы сыйға тартты. Биыл кәсіпкер С.Сейітжанов арыстанның баласын сыйлады.