Күні кеше Оңтүстік Қазақстан облысында аяқ астынан көтерілген шаңды дауыл жұртты біраз әбігерге салды. Қатты екпінді жел өңірдегі біраз аудандарда тіпті күшейіп, маңызды нысандардың шатырын ұшырып кеткен. Арты жауынға ұласып, күн күрт суытты.
«Бұл күні Шымкентте түнде екпіні 19 м/с болатын қатты жел тұрып, ауаның ылғалдығы 10 мм жеткен. Облыстың солтүстігіндегі Созақ ауданында желдің екпіні 25 м/с болды», — дейді Қазгидромет мамандары. Екпіндетіп тұрған қатты дауыл салдарынан бірнеше ағаштар сынып, тамырымен опырылған. Қатты желдің келтірген зардаптарын қазір коммуналшылар қалпына келтіруде.
Төтеншеліктердің берген мәліметі бойынша Отырар ауданының орталығы Шәуілдір елді мекенінде мектеп пен мемлекеттік мекеме гаражының шатырын жел ұшырып әкеткен. Төтенше жағдайдан зардап шеккендер жоқ.