Қазақстанда мүгедектікті проактивті тәсілмен сырттай куәландыру енгізіледі. Бұл туралы бүгін Үкіметтің селекторлық режімдегі отырысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова айтты, деп хабарлайды inform.kz.
«Мүгедек адамдар үшін қызмет сапасын арттыруды көздеп отырмыз. Қазіргі уақытта мүгедектікті белгілеу үшін азамат емханадан тексеруден өтеді. Кезек тәртібімен медициналық-әлеуметтік сараптамаға жүгінеді. Арнайы комиссияда құжаттар зерделеніп болған соң қызмет алушыға медициналық тексеріп қарау жүргізіледі. Медициналық-әлеуметтік сараптама нәтижелерін алғаннан кейін ғана қызмет алушы жәрдемақыны және оңалту іс-шараларын тағайындау үшін мемлекеттік органдарға жүгінеді», — деді ол.
Ал министрдің ұсынып отырған жаңа тәртібіне сәйкес мүгедек адамдарға қызмет көрсету тәсілдері түбегейлі өзгертілмек. «Біріншіден, қызмет алушыны проактивті тәсілмен сырттай куәландыру енгізіледі. Денсаулық сақтаудың ақпараттық жүйелерінен келіп түсетін деректер негізінде мүгедектік туралы шешімді өтініш берушінің тұрғылықты жеріне қарамастан бірнеше тәуелсіз сарапшы қашықтан қабылдайтын болады», — деді ол. Оның айтуынша, мүгедектердің барлық өмірлік көрсеткіштері, мысалы УДЗ диагностикасы, рентгені немесе электрокардиограммасы және басқалары цифрлық форматта жіберіледі. Ол үшін Денсаулық сақтау министрлігімен денсаулық сақтау ұйымдарының бірлескен ақпараттық жүйесі дайындалады. Ағымдағы жылы ілкі жоба еліміздің 4 өңірінде Қарағынды, Батыс Қазақстан, Ақмола, және Қостанай облыстарында аяқталатын болады. Ал барлық өңірлерде жаңа тәртіп 2019 жылы жүзеге асырылады
«Екіншіден, мүгедек адамдарға кепілді мемлекеттік жәрдемақы және мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан еңбек ету қабілетінен айырылуы бойынша берілетін әлеуметтік төлемдер өтініш берместен тағайындалады. Қызмет алушыға сараптама нәтижесі және әзірленген оңалту іс-шаралары туралы смс-хабарлама жіберіледі. Қызмет алушының өзінен мәлімет, мысалы банк шотының нөмірі осы форматта жүргізіледі», — деді министр. Мәдина Әбілқасымованың айтуынша, үшіншіден, әлеуметтік қызметтер порталын енгізу жолымен әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін жетілдіру қарастырылуда.