Үкімет басшысы шетелдік азық-түліктен арылту жолдарын атады

551
inform.kz

Астананы отандық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің өнімімен, азық-түлігімен қамтамасыз ету мақсатында арнайы Жол картасы жасалып жатыр. Бұл туралы мәжілісмендердің депутаттық сауалына берген жауабында Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев айтты, деп хабарлайды inform.kz.

Айта кетсек, бұдан бұрын Парламент Мәжілісінің отырысында «Халық коммунистері» фракциясының мүшелері Астананы қажетті өнімдермен және тауарлармен қамту үшін азық-түлік белдеуіндегі мәселелерді шешу керектігін айтып, Үкімет басшысына депутаттық сауал жолдаған болатын. Олардың айтуынша, соңғы 2 жылда елордаға 42 млрд теңгенің азық-түлігі шетелден импортталған.

«Бұл жағдай отандық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге жайсыз тиіп тұр», — деп есептейді мәжілісмендер. Бұл сауалға жуықта Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев жауап берді. Премьер-Министрдің жауабына сәйкес, аталған мәселелерді шешу үшін Ауыл шаруашылығы министрлігі, Астана қаласы, Ақмола және Қарағанды облыстарының әкімдіктері 2018-2021 жылдары Астана айналасында азық-түліктік белдеуін құру бойынша Жол картасын жасап жатыр.

«Ол карта азық-түлік белдеуі аумағындағы жетіспейтін көкөніс пен жемісті өсіру үшін суармалы жерлерді қалпына келтіру, сүт өңдейтін кәсіпорындар толық қуатта жұмыс істейтіндей сүт-тауарлы фермаларды ашу, қаладағы ет өнімдерінің жетіспеушілігін шешу мақсатында ет өңдейтін кәсіпорындарды тұрғызу бойынша шаралар легін іске асыруды көздейді. Сонымен қатар, аталған шараларды жүзеге асыру үшін олардың қаржыландыруын Астанадағы, Ақмола мен Қарағанды облыстарындағы әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың, сондай-ақ инвесторлардың, республикалық және жергілікті бюджеттің қатыстырылуымен жүзеге асыру ұсынылуда», — деп жауап берді Үкімет басшысы.

Сонымен қатар, Жол картасы бойынша кәсіпкерлерге «елорданың азық-түлік белдеуіне қатысушы» мәртебесін беру көзделген. Бұл азық-түліктік аумақтың және өзге де аймақтарда өндірілген азық-түлікті Астанаға тұрақты түрде жеткізіп тұруға кепілдік беретін болады.

«Астананың азық-түлік белдеуіне қатысушы» мәртебесін иеленген ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге субсидиялар, «ҚазАгро» ҰБХ» АҚ-ның еншілес акционерлік қоғамдарынан несие алу, өткізу нарығына ие болу мүмкіндіктері берілмек. Осылайша, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге елорданың нарығына өздерінің өнімдерін тасымалдап тұруға мүдделі болады», — делінген жауапта.

Жол картасы сонымен бірге, елорда аймағындағы сауда-логистикалық инфрақұрылымды дамыту мәселелерін де шешуге бағытталған. Нақтырақ айтқанда, Астана қаласында көтерме-бөлу орталығын ашу көзделіп отыр. «Оның басты мақсаты — отандық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілеріне нарықтағы көтерме сатып алушыларға тікелей шығатындай жағдай жасау. Бұл нарықта «әділетті» бағамен сауда жасауға ғана емес, азық-түлікті сақтау шығынын қысқартуға, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерінің тауар айналымын арттыруға жол ашады. Сонымен бірге, осындай орталықтың жұмыс істеп тұрғаны отандық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерінің нарықтағы білімін арттыруға мүмкіндік береді», — деп жауап берді Бақытжан Сағынтаев.