Құда түсуден ұн жағуға дейін…

6634

Екі жастың шаңырақ көтеріп, бас қосуы сан алуан салт-дәстүр мен рәсімдерден тұрады. Қазақ тойының бүгінгі көрінісінде ежелден қалыптасқан той жоралғыларының бәрі болмаса да біразы бар.


Қазір де тойдан кейін құда күту жолын әсіресе оңтүстік жұрты барынша қазақы болмыспен, ұлттық нақышта атқарады. Ендеше екі ел құдаласып, той жасар алдын және кейін қандай салт-дәстүрлерді орындайды екен?
Құда түсу: Жігіттің ата-анасы немесе жақын туыстары қызы бар үйге құда түседі, яғни бойжеткен қызын сұрайды. Құдалар құрметке лайық сыйлы адам саналады. Қыз әкесі келісім берген соң, құдалықтың жөн-жоралғыларын жасайды.

Шеге шапан: Құда болуға баталасқан екі жақ келіскеннен кейін бір біріне сый сияпат ұсынады. Жігіт жағы «қарғыбау» ұсынғаннан кейін қыз әкесі жаушыға «шеге шапан» жабады. Бұл уәде пісті деген сөз. «Жаушы» жіберген жақ жігіт ауылы келе жатқан өз «жаушыларының үстіндегі жаңа яғни «шеге шапанын» көріп, оларды шашу шашып қарсы алады.

Табалдырық аттау: Ұл жақтың адамдары қыз жаққа құда түсе келгенде, қыздың жеңгелері құдаларды үйге кіргізбей табалдырық аттатпай тосып алады да, «табалдырық аттар бер» деп кәде сұрайды. Дайындалып келген құдалар көйлек-көншек, не ақша беріп, табалдырық кәдесін өтеп барып үйге кіреді, төрге шығады. Оны қазақ кәдесінде «табалдырық аттау» деп атайды. Қазақта «табалдырықтан артық тау жоқ, кәдесін өтемесең одан асқан дау жоқ, жеңгеден озған жау жоқ» деп қалжың айтып кәде өтеп үйге кіруді жақсы салт, танысудың сыры, кісі сынаудың сыны еткен. Қазақта «табалдырықта бақ тұрады» табалдырықты құрметтемеген бағынан айырылады, «табалдырықтың екі жағында тұрып қол алыспайды, ондай жерде жау болатын адамдар ғана алысады» деп санайды.

Құдалық шақыру: Құдалық шақыру — екі жас отбасын құрғаннан кейін жаңа құдаларды үйге шақырып, төрге шығару. Құдаларға ерекше құрмет танытып, сый-құрмет көрсету қазақтың қанына сінген қасиет. Оларға үй көрсетіп, таныстықтарын арттыру. Сонымен қатар, үй иесі алғаш қонаққа келген құдаларына өз қалауынша сый-сияпат жасау.

Киіт: құдалар арасында жасалатын дәстүрлі кәденің бірі. Қазақ халқы арасында «құдалық белгісі киіт, қоныс белгісі – бейіт» деген мақал бар. Яғни, киіт – құдалықтың негізгі белгілерінің бірі. Киіт – бас киіт, аяқ киіт болып бөлінеді».Құдаларды бастап барған үлкен адамға бас киіт беріледі де, қалған құдаларға екінші дәрежедегі (аяқ) киіт беріледі. Киіт келген құданың беделіне, алатын орнына қарай бөлінеді. Мысалы, бұрын құндыз жағалы тон, қасқыр ішік, кілем, т.б. қымбат бұйымдар, киімдер мен заттар, жүздеген мал (жылқы, түйе, қой) берілген. Киіттің ең төменгі түрі кездемелермен бітеді. Қазіргі кезде «қалың мал» төленбесе де, оның киіт кигізу сияқты дәстүрлері, басқа да жоралғылары жасала береді

Төс қағыстыру: «Құда – мың жылдық, күйеу – жүз жылдық» деген атам қазақ құдасын Құдайындай сыйлап, құйрық-бауыр жегізіп, төс қағыстырып, төрінен орын ұсынған. Екі жастың некесі қиылғаннан кейін. Жаңа құдалар төс қағыстырып құдалықтың ұзақ болуын тілейді.

Құйрық бауыр асату: Қазақ жолында құда түсіп сөйлесіп, құдалық бекіскенде, қыздың әке-шешесі құдаларының алдына әкеліп малға бата жасатады, ақ сары бас қойын сояды. Мол ет асады, кәделі жілігін түгел қалдырмай асады. Алдымен езіліп піскен қойдың май құйрығын әдемілеп ұсақтап турайды да оның үстіне шала піскен қойдың бауырын ұсақтап турап араластырып, құдалардың алдына әкеліп қояды. «Құйрық-бауыр жедік, құдай дестік, құда болдық» деп құдалықты осы кәдемен бекітеді. Оны қазақ кәдесінде «құйрық-бауыр» деп атайды. Құйрық-бауыр жеуде екі жақ бауырдай жақын, құйрықтай тәтті болыңдар деген нанымды ырым жатыр.

Ұн жағу: Бұл — әзіл-шыны аралас дәстүр. Қазақ салты бойынша құдалықта «ұн жағар» рәсімі өтеді. Құдалар бір-бірінің беттері мен үстеріне ұндай жұғысты болайық деп ұн жағады. Бұл екі жақты «құдаластыру мөрі» болып табылады.

Дайындаған –
Жанерке ХУМАР