«Алтын тақ». Осындай тақырыппен «Қазақ елі» көпсериалы фильмінің келесі маусымы жалғасын таппақ. Енді 2 ай бойы тарихи туындының тараулары осы Оңтүстік өңірінің аумағында түгенделіп, таспаланады. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың идея-тапсырмасымен түсірілуге көшкен кино және фильмнің түсірілім барысын біз де бақылап, шығармашылық топпен сұхбаттасып қайтқан едік.ХV ғасыр. Қазақ хандығының құзіреті мен күшею кезеңі. Іштегі алакөздік пен сырттың алауыздығы. Шұрайлы жердегі шиеленістер, шекара-шеңбері қазір өзге емес, өз өңірімізде — Түлкібас ауданының төрінде, Иірсу ауылының аумағында, Тақиятөбеде таспаланып жатыр.Фильмнің идеясын Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған-ды. ҚР Мәдениет және спорт Министрлігі тапсырыс бергеннен кейін Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ-на жүктелген. Қазір «Қазақ елі» көпсериалы фильмі, «Алмас қылыштың» екінші маусымының түсірілімі — «Алтын тақ» деген атаумен жалғасын тауып отыр. Бұл эпизодтарда Керей мен Жәнібектің және Әбілқайыр әскерлерінің шайқасы, Қазтуғанның көші, Қасым ханның аманаттан оралуы секілді тарихи сәттердің бейнесі баяндалады.
Арман Әсенов, «Алтын тақ» тарихи сериалының бас продюсері: «Сценарийдің өзі 2011 жылдан бастап, 3 жыл бойы жазылды. Әу баста 20 серия болады деп жоспарлағанбыз. Яғни, кино хандық дәуірінің құрылғанынан бастап, Хақназардың туылғанына дейінгі кезеңді қамтиды. Ал Оңтүстік өңірінде фильмдегі Мұхаммед Шайбанидің алып әскер — қолымен қазақ жеріне жасаған жорығы түсіріледі. Және Жәнібектің таққа отыруын Түркістанда таспалау жоспарда бар».
Басты рөлдердің біріне белгілі жыршы, Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының президенті — Бекболат Тілеухан бекітілген. Мәжілісмен өз кезегінде тарихи тұлға — кейіпкеріне етене еніп, шебер сомдаудағы сыр-құпиясымен бөлісті.
Бекболат ТілеуханБекболат Тілеухан, Мәжіліс депутаты, Қазақстанның Еңбек сіңірген әртісі: «Маған Қазтуғанды ойнау — ешқандай қиындық туғызған жоқ. Тиісінше, рахаттана сомдап жатырмын. Себебі жасымнан жыраудың жыр-дастанын тыңдап, жаттап, сусындап өстім. Жаныма өте жақын деп айта аламын».
Сценарий авторлары белгілі қаламгерлер — Смағұл Елубай, Тимур Жақсылықов. Фильмнің бас режиссері — Рүстем Әбдірашев. Киногелер осы «Алтын тақ» — кеңестік заманда жазылған шығармаға қазіргі заман тұрғысынан қарап, өзгерістерді енгізгенін де жасырған жоқ. Және шығармашылық топ айтулы фильмнің бюджетін үнемдеу жолында жерлестеріміздің көмігіне жүгінген.
Рүстем Әбдірашев, «Алтын тақ» тарихи сериалының бас режиссері: «Қаржыны үнемдеу үшін, әртістердің көбін осы жергілікті театрлардан алдырып отырмыз. Ауыл тұрғындары — жұртшылық та жұмылды. Себебі өзге актерлердің Алматыдан келіп-кету, ұшағы мен жатын орны, ас-ауқатының өзі — бізге әжептеурім салмақ салады. Жылқы мен түйелер де осы Оңтүстік өңірінен. Соның өзінде біз қордағы монтажға деген қаржыдан алып, түсірілім жұмыстарына жұмсап жатрырмыз. Бірақ монтажға келгенде, тағы да бюджетте қиындықтар болып қала ма деген мәселе бар».«Алтын тақ» атты тарихи туындының түсіріліміне бір емес, 600-ге жуық адам жұмылдырылып отыр. Және отандық өнім осы жылдың желтоқсан айында жұртшылыққа жол тартпақ.