Абай ауданы әкімдігі бүгін майдангерлерге құрмет көрсетуде. Балабақшада бастауын алған мерекелік шара барысында ҰОС ардагерлері бүлдіршіндермен бірге қылқан жапырақты ағаштар отырғызды. Ардагерлер алллеясындағы жасыл желекке балалар күтім жасайды. Аудандағы ҰОС ардагерлері мен тыл еңбеккерлерінің құрметіне балабақша ұжымы мерекелік бағдарлама әзірлепті. Қойылымдар батыр ата-апаларына арналған.
Майдандағы тіршілікті сахналаған бүлдіршіндердің жауапкершілігін сезінген аталары қолдап шапалақатарын аямады. Сый құрметке бөленген ардагерлеріміздің бүлдіршіндерге батасы да дайын.
Абылай Қазбаев, ҰОС ардагері: «Балапандарымызға рахмет, бүгін бір жасап қалдық. Өмірлері ұзақ болсын, ауырмасын, бақытты болсын. Біз көрген соғысты көрмесін, бейбіт өмір мәңгілік орнасын».
Абай ауданында Жеңіс күнін былтыр 24 майдангер қарсы алса, биыл ҰОС 18 ардагері және оларға теңестірілген екі азаматша мен 1 700 тыл еңбеккері елмен бірге Ұлы Жеңістің 73-ші көктемін қарсы алмақ. Айта кететін жәйт, әкімдік қызметкерлері төсекке таңылған қадірлі майдангерлерін де назардан тыс қалдырмай отбасына барып, сый- сияпаттарын жасады.