Балабақшаға қауіп төнсе, бүлдіршіндер көмекке шақыра алады

28

Енді балабақшаға қандай да бір қауіп төнсе, қызметкерлер ғана емес, бүлдіршіндер де көмек шақыра алады. Бұл мектепке дейінгі білім беру ұйымдарына орнатылып жатқан дабыл батырмасы арқылы мүмкін болмақ. Тікелей Полиция Департаментінің Жедел басқару орталығына қосылған құрылғы туралы толығырақ келесі материалда.

Биыл Шымкентте 43 балабақшаға дабыл батырмасы орнатылады. Бүгінде бұл құрылғының 85 данасы қаладағы мектепке дейінгі білім беру ұйымындарына қойылған. Қауіпсіздікті қамтамасыз етуге арналған құрылғының басты артықшылығы дабыл батырмасының балалардың қолы жететіндей қашықтықта орналасуы. Мұндағы мақсат балабақшаға қандай да бір қауіп төнсе, көмекті тек қызметкерлер ғана емес бүлдіршіндер де шақыра алатындай етіп жағдай жасау.

Мадина Керімбекова, бөбекжай-бақша меңгерушісі: «Дабыл батырмасы біздің бала бақшамызда қараша-қазан айында қойылды. Жалпы бұл терроризмге қарсы іс-шаралардың бірі. Егер біздің бала бақшамызға қауіп төніп отырса, кез-келген азамат, бала да өзі батырманы баса алады. ЦОУ-ға бірден дабыл қағылады. Содан кейін бала бақшамыз қорғауға алынады деген сенімдеміз»

Биыл қаладағы 44 балабақшаға турникет қойылса, тағы 34-і бейнебақылау камерасымен жабдықталады. Жалпы саны 1005 дана камера қою жоспарда бар. Білім беру ұйымдарынының қызметкерлері мен балаларын арнайы базаға тіркеп, бет әлпетін анықтайтын құрылғыларды орнатудың өз мақсаты бар дейді мегаполистің бас ұстазы.

Нұргүл Шәмшиева, Шымкент қаласы білім басқармасының басшысы: «Құрылғы басшысының, жалпы қызметкерлердің сол білім беру ұйымына келуін фиксация жасап көрсетеді. Бұл ақпарат бірден интеграция арқылы табельге түсетін болады. Осылайша біз соңғы кезде тілге тиек болып отырған , “ғайып жандар” мәселесін шешуді жоспарлап отырмыз»

Бүгінде Шымкенттегі бірқатар бала бақша осы жүйемен жұмыс істеп жатыр. Мұндағы арнайы базаға бөбекжайдың барлық қызметкері тіркелген. Құрылғы қызметкерді танып қана қоймай, оның дене температурасын да өлшейді. Бұл құрылғының күзет қызметіне де тигізер пайдасы мол дейді балабақша меңгерушісі.

Мадина Керімбекова, бөбекжай-бақша меңгерушісі: «№39 «Інжу Маржан» бөбекжай балабақшасына біз турникет орнатқан болатынбыз. Бала бақшаның барлық 60 қызметкерін базаға тіркегенбіз. Кірген кезде Face ID-мен таниды. Яғни, қызметкердің аты-жөні шығып, қызметкердің температурасын өлшейді.  Ауырып келген жағдайда біз қызметкерді медбикеге жібереміз. Содан кейін температурасын фильтр жасап болғаннан кейін жұмысқа кірісіп, кіріспейтіні шешіледі»

2024 жылы қаладағы 43 балабақшаға дабыл батырмасын орнатуға 30 млн теңгеге жуық қаржы қарастырылған. Ал, Шымкенттегі 71 балабақшаның 42-сінде жалпы саны 50 турникет орнатылған. Оның 39-ы бет әлпетті түсіретін құрылғымен жабдықталған.