Шымкент қаласында Қазақстанның барлық өңірлері мен Ресей және Өзбекстаннан арнайы келген медицина саласының майталмандары «Аллергологияның және пульмонологияның өзекті мәселелері» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда бас қосты.
Жиынға қатысушыларды ОҚО денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мұқан Егізбаев қарсы алып, ұйымдастырылып отырған шараның маңыздылығына тоқталды. Өңірдің бас дәрігері «соңғы жылдары аурудың бұл түріне шалдыққан азаматтардың күрт артуына байланысты, халықаралық деңгейдегі мұндай жиынды тұрақты түрде өткізіп тұрудың пайдасы мол» екенін атап өтті.
Шымкет қаласында аллергоорталықтың ашылуына 40 жыл толуына орайластырылған шара «АллергоЮг» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен өтті. Соңғы жылдарда аллергиялық аурулардың күрт осуіне байланысты алыс-жақын шетелдік әріптестермен тәжірибе алмасу мақсатында ауқымды іс шаралар ұйымдастыру қажеттілігі туындауда. Бұл конференцияның көмегімен терапевттер, жалпы тәжірибелік дәрігерлер мен аллергологтардың, пульмонологтардың арасындағы өзара байланыс күшейеді, деп күтілуде. Соның арқасында мамандардың біліктілігі артып, халыққа көрсетілетін медициналық көмек сапасының жоғарылауына алып келері сөзсіз. Жиында Оңтүстік Қазақстан облысы, қала және ауылдық жерлердің жалпы тәжірибелік дәрігерлері, терапевттері мен педиатрлары бас қосты.
«Аллергиялық аурулар өзекті аурулар қатарына жатқызылмағандықтан, оған аса мән беріле бермейді. Оның үстіне аллергияға шалдыққан азаматтар өздігінен ем қабылдауды әдетке айналдырып алады. Осыдан келіп аурудың бұл түрімен ауыратын науқастардың саны аз деген көрсеткіштер пайда болады. Іс-шара аралас қызметті дәрігерлерді жинауды, оларға аллергология мен пульмонологияның жан – жақты жетістіктерін жеткізуді көздейді. Еліміздің әртүрлі аймақтарынан және өзге елдерден келетін әріптестермен тәжірибе алмасу мүмкіндігін, аллергиялық ауруларға қатысты емдеуді мейлінше жоғары дәрежеге жеткізуді мақсат етіп отыр», — дейді Шымкент қалалық көпсалалы ауруханасының бас дәрігері Рамазан Бектұрғанов.
«Аллергологияның және пульмонологияның өзекті мәселелері» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияға Ресейден, Өзбекстаннан, Қазақстанның өзге де аймақтарынан арнайы келген лекторлар, Оңтүстік Қазақстан облысы денсаулық сақтау департаменті басшылығы, сонымен қатар Яссауи атындағы ХҚТУ кафедраларының қызметкерлері, Оңтүстік Қазақстан фармацевтикалық академиясының қызметкерлері қатысты.
Шымкент қалалық көпсалалы ауруханасының «Аллергология бөлімшесі» 60 төсек орынға арналып 1978 жылы «Фосфор ауруханасының» құрамында ашылған. Әзірге бұл ОҚО бойынша жалғыз бөлімше. Бір жыл көлемінде бөлімшеде 2400-2600 науқас ем алып шығады, оның 65 %-ын бронхтық астмамен ауратын науқастар құрайды. ШҚКА қабылдау бөліміне тәулігіне жедел есекжеммен 15-20 науқас, бронхтық астма ұстамасымен 10 шақты науқас келіп қаралады. Санавиация желісі бойынша бір жыл көлемінде облыс бойынша 30-ға жуық, қала бойынша перзентханаларды қосқанда 200 – ге жуық шақыртуларға қызмет көрсетіледі.